Жаңалық Редакция таңдауы

«Кезектен тыс сайлау - 2022: Жаңа Қазақстанды құру жолында»

2022 жылы 20 қарашада өтетін алдағы президенттік сайлаудың ерекшелігі мен рөлін саясаттанушылар мен қоғам белсенділері «Sarap» эксперттік клубының алаңында талқылады.

Шара ұйымдастырушылары («Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ) мерзімінен бұрын өтетін президенттік сайлау саясаткерлерді ғана емес, ел тағдырына бей-жай қарамайтын барлық азаматтарды да қызықтыратынын атап өтті.

Жиында президенттің кезектен тыс сайлануының маңыздылығы, қазіргі сайлау науқанының негізгі тенденциялары талқыланды. Сондай-ақ алдағы сайлауға азаматтардың белсенді қатысуының маңыздылығы атап өтілді.

Отырыс «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Әсем Қайдарованың модераторлығымен өтті. Ол өз сөзінде жаңа саяси, әлеуметтік-экономикалық реформалар еліміздің жағдайын жақсартуға, барлық салаларға ауқымды өзгерістер енгізуге, азамттардың саяси белсенділігін арттыруға бағытталғандығын айтты.

Сонымен қатар Әсем Қайдарова ҚҚДИ зерттеуінің нәтижелері бойынша Қазақстан халқының басым бөлігі кезектен тыс президенттік сайлауды өткізуді қолдайтындығын атап өтті:

«Халық арасында қолдау деңгейі артты. Қазақстандықтардың басым бөлігі (82,3%) сайлау өткізуге үлкен қолдау білдірді.

Ол кезектен тыс президенттік сайлауға қатысуға дайындық тұрғысынан халықтың электоралдық әлеуетінің артқанын көрсетеді. Респонденттердің басым бөлігі (88,7%) сайлауға қатысуға дайын. Оның 77,1 пайызы міндетті түрде дауыс берсе, 11,6 пайызы сайлауға қатысуға тырысатындығын айтты. Респонденттердің 10,4 пайызы ғана кезектен тыс президенттік сайлауға қатыспайды».

Еуропалық құқық және адам құқықтары сараптамалық институтының директоры Марат Башимов сайлау бюллетеньдерінде «барлығына қарсы» деген бағанды қайтару әділ шешім болатындығын айтты. Сондай-ақ ол еліміздегі сайлауға қойылатын негізгі талаптар Конституцияда көрсетілгенін атап өтті.

Өз кезегінде саясаттанушы, «Amanat» партиясының қоғамдық саясат институтының бас сарапшысы Ерлан Ахмеди Қазақстан өзіндік демократиялық жолын қалыптастыратынына сенім білдіретіндігін айтты:

«Әлемде мінсіз, кіршіксіз, идеалды жүйе жоқ. У.Черчиллдің өзі демократияны идеалды емес деп бағалаған. Әрбір қоғам, мемлекет, әсіресе біз сияқты жас мемлекеттер өзіндік жолды іздеуде. Осындай іздеудің нәтижесінде Оңтүстік Корея, Жапония мемлекеттерінің өзіндік демократиясы қалыптасты. Демек, осындай әртүрлі тарихи, қиын-қыстау кезеңнен өтіп, өзіміздің демократиялық жолымызды табамыз деген ойдамын. Сондықтан да жаңа саяси дәстүрлерді, өзіндік қазақи демократияны қалыптастыру үшін Мемлекет басшысы осындай реформаларды ұсынды. Егерде осы реформалар оң нәтижесін беріп, жаңа жүйе қалыптасатын болса, бір тұлғаға емес, институттарға жұмыс істеу маңызды. Сонда ғана демократиялық, тұрақты жүйесі бар мемлекет болып қалыптаса аламыз. Ең бастысы алдағы сайлауда белсенділік таныту керек. Себебі ол әрбіріміздің жауапкершілігіміз».

«1998 жылы президент 7 жылға сайланды, сондықтан бұл мерзім жаңашылдық емес. Қазір сайлауалды науқанның тендецияларына назар аудару, оларды бақылау маңызды.  Президентікке кандидаттардың бағдарламаларын, үгіт-насихат жұмыстарын саралап, дұрыс таңдау жасау керек», – деді «Л.Н. Гумилева атындағы Еуразия ұлттық университеті» КеАҚ саясаттану кафедрасының аға оқытушысы Дәурен Пірімбетов.

Саясаттанушы Әмірлан Нұрғазин сайлауалды науқанның барысы туралы өз пікірімен бөлісті: «Алты кандидат тіркелді, оның екеуі әйел. Мұндай феномен саясатымызда алғаш рет және оң үрдіске ие».

Сонымен қатар, спикер кейбір үміткерлердің бағдарламаларына сарапшылардың айтарлықтай сын айтқанын атап өтті:

«Бұған негіз бар, өйткені кейде үміткерлер өз бастамалары бойынша нақты іс-қимыл жоспарын ұсынбайды. Алайда, сайлау нәтижелері бойынша халықтың қанша пайызы қай кандидатты қолдағанын және олардың сайлауалды бағдарламаларынан мемлекеттік саясатты дамыту үшін қандай тармақтарды қолданысқа енгізуге болатындығын бірлесіп талдауға болады».

Естеріңізге сала кетсек, Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы 20 қарашаға белгіленген. Жаңа заңға сәйкес, президент тек бір рет жеті жылдық мерзімге сайланады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button