ЖаңалықМақалаРедакция таңдауы

Сауыт түрлері

Батырлардың ерлігін әйгілеуге лайықты өзіндік сауыт-жарақтары болған. Олардың сауыттарының, яғни қорғаныс немесе шабуыл киімдерінің мынадай түрлері бар:

Көбе сауыт. Табиғаттағы құстардың қауырсындарының, жыланның, балықтың қабыршақтарының сыртқы түріндей, тырнақтың көбесі сияқты бірін-бірі жауып тұратын сауыт түрі «көбе сауыт» деп аталады. Көбе сауыт көбінде металлдан жасалады. Сырттай қарағанда жыланның қабығына ұқсап кететін мұндай сауыт әрі көрік, әрі айбат береді.

Кіреуке сауыт. «Кіреуке» сөзі «селдір», «торлы» деген мағынаны білдіреді. Құстың селдір, жіңішке, ұлпа жүндері «кіреуке жүндер» деп аталса, селдір, торлы шымылдықты «кіреуке шымылдық» дейміз. Демек, кіреуке сауыт дегеніміз – тор тәрізді сауыт. Бұл сауытты болат немесе темір «шығырықтардан» тоқу, өру арқылы жасайды.

Берен сауыт. «Берен» сөзі тілімізде «берен» немесе «бегренг», яғни «берік», «асыл болат» мағынасын білдіреді. Ежелгі сақтар дәуірінен бермен қарай көп колданылып келген мұндай сауыт кеудені қорғап тұратын тұтас темір тақтадан дайындалып, сыртын шегелермен өрнектеп шығарады. Қабанбай жырындағы «ақ берен деген сауыт бар, жағасы бар, жеңі жоқ, ағайынды адамның өкпесі бар, кегі жоқ» дегендегі «ақ берен» – осы.

Жалаңқат сауыт. Бұл сауыт түрі металдан тұтастай соғылып жасалған екі бөліктен – кеуделік және арқалық бөліктен тұрады. Жалаңқат, яғни жалаңқабат делінуіне қарағанда бір ғана қабаттан тұратын болса керек. Сыртқы формасы жеңсіз кеудеше пішіндес, белден сәл ғана түсіп тұратын қысқа болады. Екі бөлігі бір бүйірінен топсалар арқылы, бір жағынан және екі иық тұсында бау немесе ілгек арқылы байланған. Жалаңқаттар алғашында қалың теріден жасалып, кейін темірден соғылған.

Қаттама сауыт. Ол матадан, жұмсақ киізден тігіліп, мақтамен, жүнмен сырылып жасалған. Сырт киімдерді қорғаныс сауыты ретінде кию шығыста өте ертеден келе жатқаны мәлім. Көне грек тарихшысы Геродоттың жазуынша, ассириялықтардың осындай матадан сырылған сауыт түрін Египет патшаларына сыйға тартқан. «Сауыт матадан тігіліп, түрлі жануарлар суреттерімен кестеленіп, алтынмен әшекейленген және шашақтар тағылған», – деп жазады ол (Геродот 11,153- бет). Осы тәріздес сауытты теріден, киізден дайындап қазақ батырлары да оны қорғаныс сауыты ретінде киген.

Торғауыт сауыт. Қазақ батырлар жырында «тоғыз қабат сауыт», «тоғыз қабат торғауыт, сегізінен өтеді», «Көбіктінің үстінде – тоғыз қабат ақ сауыт, шапсаң қылыш кеспейді, атсаң оғың өтпейді» («Қобыланды батыр» жырынан) деген жыр жолдары кезігеді. Осыған қарағанда және «торғауыт» деп аталуына қарағанда бұл сауыт әу баста моңғол батырлары киген сауыт болса керек. Кейін оны көшпенді елдердің басқалары да пайдаланған тәрізді. Оның әлденеше қабатты, бәлкім, тоғыз қабатты сірне терілерден сырылып жасалғандығы мәлім. Зерттеулерге қарағанда, оның сырты әртүрлі ою-өрнектермен безендіріліп, әшекейленген. Қазындыларға қарағанда, мұндай қорғаныс сауыттарын шығыс халыктары бұрын көп пайдаланған екен.

Шарайна. Ерте кездерде жауынгерлер қарудан қорғаныс ретінде сырт киімнің кеудесіне, арқасына, иығына дөнгелек болат тақталар бекіткен. Олардың бетін тегістеп, жылтыратып, қоятындықтан жүрт оны «шарайна» деп атап кеткен.

Дулығалар. Сыртқы көрінісіне қарай дулығалар – көбелі дулыға, кіреукелі дулыға, зерелі дулыға, қаттамалы дулыға, жалаңқат дулыға деп бірнеше түрге бөлінеді. Ал жасалу пішініне қарай да өзіндік атаулары болады.

  1. Бөрік пішіндес дулығалар. Төбесі онша биік емес, дөңгеленіп келеді, кейбірі бірнеше сайдан құралады немесе тұтас соғылады. Жиегінде құрсауы болады немесе дөнес қырмен бөлектеніп тұрады.
  2. Қалпақ пішіндес дулығалардың төбесі биік, үшкір немесе сопақ болады, кейбіреуінде қалпақтікіндей жиегі болады.
  3. Телпек (тақия) пішіндес дулығалардың төбесі аласа, жеңіл жасалады. Бастың үстіңгі жағын ғана жауып тұрады. Оны жеке өзін де немесе дәу дулығаның астынан киеді.
  4. Күләпара пішіндес дулығалардың төбесі биік болмайды, желкелік, құлақтық бөліктері болады. Мұның кейбірі тұтас, кейбірі бөлек жасалады. Дулығалардың сыртына орнататын ілгектері, баулары болады. Сондай-ақ сүйек немесе металл тіліктерді де орнатылады.

Ат сауыты. Көне грек тарихшысы Геродот: «Олар (массагеттер) аттарына да мыстан жасалған, кеудені жауып тұратын сауыт кигізеді. Ал жүгендерін, шылбырларын алтынмен әшекейлейді», – деп жазады. Демек, ат сауыттары сонау сақ дәуірінен бермен қарай бар. Қазақ батырларының ат сауыты теріден, киізден, металдан әртүрлі етіліп әрі өрнектеліп, бүгінгі күнгі ат кежімі немесе ат жабуы пішіндес етіліп жасалған. Қобыланды жырындағы:

Бурылға қыз Құртқа,

Алтыннан жабу оюлап,

Құлағын тігіп қиюлап,

Балағына түсірді, –

деген жолдар – осының дәлелі.

Басқа материалдар

Back to top button