Жаңалық Мақала Редакция таңдауы

Сейітқали Меңдешев жайлы сөз

Тарих талай тұғырлы тарландарды өзімен бірге алып кетті. Алайда қайтпас қайраткерлерімізді қарт-тарихтың қойнауынан суырып, жаңаша зерттеп, жаңа ұрпаққа таныту да қолдан келмейтін іс емес.

1920 жылы кезінде ұлттық мемлекет құру жолында бас көтерген Алашорда үкіметі таратылып, орнына автономиялы Қазақ Республикасы Орталық Атқару Комитеті дүние есігін айқара ашты. Оның төрінде Сейітқали Меңдешев секілді бәрінен де ел мүддесін биік қойған мемлекет қайраткері отырды.

С.Меңдешевтің қол бастап, қазаққа төбеден төнген түнектен азат ету жолында бар қажыр-қайратын сарп етуіне сол кездегі тарихи-экономикалық жағдайлар алғышарт болды. С.Меңдешевтің талас жолына қадам басуына заманның өзі түрткі болды, оны өз заманы тәрбиелеп шығарды. 1937 жылдың 23 сәуірінде өзі жазып қалдырып кеткен автобиографиясында Бөкей ордасында дүниеге келгенін, төлеңгіт руынан екенін мәлім етеді. Сол кездегі ұлт зиялылыларының дені мұғалімдік білім алды. С.Меңдешев те өз өмір жолын ұстаз деген ұлы мамандықпен байланыстырды. Оның оқуға деген талпынысы ғылым мен мәдениет қайнап тұрған, Петербор мен Мәскеуден кем емес, тіршілігі қайнаған Қазанға алып келді. Еркіндікке деген алғашқы қадамдар осы кезде там-тұмдап қалана бастады. Революцияшыл бағыттағы ақын-жазушылар мұрасымен танысып, білім ордасындағы саяси жағдайлармен тыныстаған болашақ қайраткердің бар дүиетанымы мен діттеген мақсаты айқындала түсті. Туған топырағына оралып, бала оқытып жүргенде де кеудесіндегі отын өшірмей, ағарту, азат ету жолына шындап кіріскен-ді.

Жер – қай халықтың болмасын басты байлығы, елдігінің нышаны. Меншікке қол сұғып, билеп-төстеп алуға ешкім де жол бермейді. Жерді алды деген сөз – елді алды деген сөз. Тәуелсіздік алып, шекарамыздың іргесі қаланғанға дейін дұшпандарымыз жерімізге тиіп-қашып, өздерінің кетпендері мен тырмаларын батырып, қамал-қорғандарын салып берекесін қашырды. 1913 жылғы Бүкілресейлік съезде ағарту бағытында баяндама оқыған С.Меңдешев көп зиялыға танылып, саяси бастамалардың басы-қасында жүрді. 1916 жылы Астрахан губернаторы И.Соколовский жергілікті халықтың жерлерін жаппай тартып ала бастайды. Осыған наразы болған қазақтардың арызын Санкт-Петербургке жеткізбекші болған Н.Ибрагимов пен Ғ.Ахметов 1916 жылы маусымда С.Меңдешевке тілмаш әрі жолбасшы ретінде бірге баруды өтінеді. С.Меңдешев өтінішті жерге тастамай, жан-жақты дайындалып Мұсылман фракциясына қазақтың арыз-шағымын жеткізді. Бас изескенмен, іліп алар нәтиже болмады. Іле-шала патшаның 1916 жылғы қазақтарды қара жұмысқа алу туралы жарлығы халық арасында дүрбелең туғызды. С.Меңдешев жақтастары М.Сарсембиев және Н.Залиевпен бірге ұлт-азаттық көтерілісті ұйымдастыруды ойластыра бастайды. Осының салдарынан Астрахан губернаторының қаулысымен 4 айға темір торға тоғытылды. Қамаудан шыққан соң, мемлекеттік және қоғамдық жұмыстардан шеттетіліп қалады. Туған жері Новая Казанка ауылына оралып, тұтынушылар қоғамының есепшісі болып жұмыс істейді. Осында ақпан революциясын қарсы алып, жергілікті патша әкімшілігін жою жолында белсене атсалысады. Ә.Жангелдин, А.Байтұрсынов, Ж.Мыңбаев, Н.Нұрмақов секілді қайраткерлермен тетелесе жұмыс істеп, билік жолында биіктей берді.

https://youtu.be/gWp8adPM35g

1919 жылы қазақ даласында тәй-тәй басқан жас Қазревкомды осындай елім деген ерен, бар жиған-терген қазынасын ел бүгіні мен болашағына арнаған тұлға жетектеді. Қазревкомда ағарту саласы бойынша жұмыс істеп, кейін төрағаның орынбасары қызметін қоса алып жүріп жер мәселесі, суаттандыру мәселесі бойынша өнімді еңбек етті. Кейіннен ҚазОАК төрағасы болып сайланған кезде де тура жолдан таймай, Қазақстанның аумақтық тұтастығын қызғыштай қорыды. Маңғышлақ уезі мен Закаспий облысына қарасты 4, 5-болыстарды ел аумағына қосып, Адай уезін және 5 адамнан тұратын уревком құрамын бекітті. 1921 жылы Сібірден Алматы, Семей облыстарын бөліп, түгелімен, шашау шығармай Қазақстан аумағына қосу ісінде табанды күрес жүргізген де С.Меңдешев бастаған топ еді.

1919-1922 жылдар арасындағы қазақты жалмаған ашаршылық кезінде де жығылған еліне тірек болып, есеп жүргізді. 1921 жылы С.Меңдешев Түркістанға сапар шегіп, аштықтан зардап шеккен қара халқына пана іздеді. Ол келісім бойынша аштыққа ұшыраған Қазақ АКСР-нің 250 мың адамын Түркістан республикасы қабылдап, азық-түлікпен қамтамасыз етуге келісім берді. Аштыққа ұшырағандарға көмектесетін Төтенше комитеттің іргесін қалап, әскери коммунизм тигізген залалдың орнын бүтіндеді. Бұл ақгвардияшылармен күрестің өршіп тұрған шағы еді. Осындай кезеңде Сейітқали Меңдешев «Жұрым» станциясында аштықтан әлсіреген Гүлсім және Рахима есімді қыздарды асырап алып, өз фамилиясын беріп, балаларымен бірге тәрбиелейді. Осындай жомарттығынан-ақ оның азаматтық позициясы берік екенін көреміз. Бөтен деп төстен теппей, балаларымен тең өсірген, ұрпағым деп алақанында аялаған қайраткердің ақ пейілі үлгі тұтуға тұрарлық. Әйелі Рәзия Меңдешева да көрегенді ұстаз болған. Алма Оразбаева секілді белділермен қолтықтаса жұмыс істеп, түрлі мәдени-шаралардың басы-қасында жүрген. Ғұбайдолла, Қабдолла есімді екі ұлы, Жұпар есімді қызы болған. Қызы Жұпардан туған Софья атты жиені – ақын Жұбан Молдағалиевтің жары.

С.Меңдешев шебер саясаткер болды. Сталинмен іс жүргізуді тез меңгеріп, ел жағдайынан хабардар етіп, В.Юдовский секілді халық жайын түсінгісі келмейтін басшыны қазақ басшылығынан алыстатты. 1923 жылы 6 желтоқсанда Қазатком Президиумының қаулысы бойынша «Қырғыз тілінде іс жүргізуді енгізу жөніндегі Орталық Комиссия туралы ереже» бекітілді. Яғни, С.Меңдешев, С.Сейфуллиндер Қазатком құрамында тек қазақ қызметкерлерінің жұмыс істеуін қарастырып, қазақша іс жүргізуді насихаттап, баспа ісі, заң-актілердің қазақ тілінде жазылуын басты назарда ұстады. Осылайша олар билік басына қазақ жұмысшыларын тартты. Қазақ тілін орыс тілімен қатар қойып, қазақтығымызды таныту үшін барын салды. Бұндай батыл қадамдар екінің бірінің қолынан келе бермейді. Әлбетте, орыстар тарапынан да қарсылық болып, дабыл қағылды. Бірақ оған қарамастан, алған беттерінен қайтпай, жұмысты одан әрі қарай жалғастырды. 1924 жылдың басында республиканың барлық қазақ болыстық атқару комитеттеріндегі орыс қызметкерлері қазақтармен алмастырылып, іс жүргізу қазақ тіліне көшірілді. Сонымен қатар, қазақ болыстары деңгейінде жұмыс істейтін қаржы агенттері, милиционерлер, мемлекеттік сақтандыру агенттері, халық соттары, тергеушілер және т.б. қазақтармен алмастырылды. Бұл үлкен жетістік еді. Біріншіден, қазақ халқы өзінің елдік құндылығын сақтап, тілін асқақттатты. Екіншіден, қазақ арасында жұмысшы таптан бөлек, кеңсе қызметкерлері, мекеме жұмысшылары, оқымысты азаматтар шыға бастады. Үшіншіден, қазақ жастарының білім алуына жол ашылып, орталықпен байланыс күшейді.

Дегенмен бұл талпыныстары қайраткерге кейін соққы боп тиді. Мемлекеттік аппаратта ұлттық басымдықты көздеп осындай әрекеттер жасаған С.Меңдешевті қызметтен кетіру мәселесі қолға алынды. Бірақ ол бұнымен тоқтап қалмай, қазақ жерлерін біріктіру ісіне шындап кірісті. Түркістандағы қазақтардың, Ташкенттің Қазақстанға қосылуы үшін күресті. Бірақ Орталық қолдамай, С.Меңдешев бастаған біраз қайраткерлер жеңіліс тапты. 1925 жылы С.Меңдешев қызметтен шығып қалды. Сайлауды қайта қарастыруды өтініп хат жазғанымен, нәтиже болмады. «Маған ауыр осылардың бәрінен, өз ауылымның иттері үріп, қапқаны», – деп А.Байтұрсынұлы жырлағандай, С.Меңдешевке қарсы топтар лек-легімен шыға бастады. «Байшыл», «солшыл», «партияға қарсы» деген желеумен баяндамалар жасалды, «меңдешевшілдік» деп ұран тастап, оны жою үшін түрлі мақалалар жазылып, айтыс-тартыс болды. Бұл жанжалдарға қарсы тұрып қана қоймай, бұрынғы қарқынын бәсеңдетпей, қайта мемлекеттік іске араласты. 1931 жылы 11-16 ақпанда Алматыда өткен ҚАКСР кеңестерінің VIII съезінде  С.Меңдешев Орталық тізім бойынша Қазатком құрамына сайланса, 16 ақпанда өткен 8-ші сайланған Қазаткомның 1-сессиясында Ағарту халкомы болып қайта бекітіліп, бұл қызметті 1933 жылдың 25 маусымына дейін атқарды. 1934 ж. 8-16 қаңтарда Алматыда VIII Қазақстан өлкелік партия конференциясының мәжілісінде Қазөлкеком мүшесі болып сайланса, 1935 жылдың қаңтарында Қазаткомның Президиумы құрамына мүшелікке кірді. Жаңа қазақ әліпбиі, алғашқы ғылыми мекемелер, азамат соғысының тарихы, Қазақстан тарихы жөніндегі оқулық шығаруды ұйымдастыру секілді біршама комиссиялардың төрағасы болып қызмет атқарды. Осылайша өмірінің соңына дейін қай салада, қай бағытта жүрмесін туған елінің мүддесін басты орынға қойып, сауатсыздық, жер дауы секілді шайқастарға жасқанбай кірісті. 1938 жылы антикеңестік ұйымның мүшесі деген желеумен ату жазасына кесілді.

Ерсұлтан Мұратов

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button