Жаңалық

Тарихтан сабақ ала білуіміз керек

Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі, оны тұғырында ұстап тұру әлдеқайда қиын. Бұл – әлем кеңістігінде ғұмыр кешкен талай халықтың басынан өткен тарихи шындық.

Өзара алауыздық пен жан-жаққа тартқан берекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға жіберген. Тіршілік тезіне төтеп бере алмай, жер бетінен ұлт ретінде жойылып кеткен елдер қаншама?! Біз өзгенің қателігінен, өз тарихымыздан, оның бүгінгі тағлымынан сабақ ала білуге тиіспіз. Ол сабақтың түпкі түйіні – бірлігі мен тірлігі келісті, дамыған  мәнгілік ел болу. Осы үшін қазақ ұлты, халқы болып жаңа Қазақстан дәуірінде ел президентінің кезектен тыс сайлауында дауысымызды берейік.

Жалпы, сайлау заңы бойынша, сайланбалы мемлекеттік лауазымдарға әрбір қоғам мүшесі таңдауын жасайды. Сондықтан баршамыз демократиялық қоғамда сайлау қандай міндеттер атқаратынын білуіміз маңызды. Яғни, сайлау мемлекеттік жүйенің тиімділігін арттыруға, саяси элита мен жетекшілерін іріктеуге, үкіметкер мен басқарушы саяси партияның бағдарламасын бағалауға, мемлекеттің қызметіне қоғамның бақылау жасауына,  саяси жанжалдың алдын алуға, т.б. ықпалын тигізеді. Осы міндеттер атқарылу үшін сайлау жалпыға бірдей, тең, жарыспалы, ерікті түрде өтуі тиіс. Осы науқанның басталуына да жақын қалды.

Қазіргі кезеңде дамыған елдердің барлығы демократиялық-құқықтық және экономикасында әлеуметтік-нарықтық мемлекетті қалыптастыруды негізгі бағыт ретінде ұстануда. Демократиялық мемлекеттің басты ерекшеліктерінің бірі – биліктің бастауы халық болып табылатындығында. Сондықтан, құқықтық-демократиялық дамуды басшылыққа алған қазіргі ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Жаңа Қазақстан дәуірінде халықтың билікке араласуының жаңа маңызды институттарын қалыптастыра бастады. Бұл – дамудың классикалық құндылықтары. Ел тізгінін ұстаған көреген басшы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясын ұсынып, билеуші топтың азаматтардың мәселерін шешуде белсенділігін арттырып, билік пен қоғам арасындағы қарым-қатынастың  орнықты дамуына қажет заңнамаларды, іргелі  технологиялар мен тәжірибелерді әзірлеуді, қабылдауды тездетіп қолға алды.

Бұл сайлауда: «Әділ Қазақстанды құру – менің Президент ретіндегі басты миссиям»,– деген Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың пікірі ел назарын ерекше аударуда. Осы арқылы басты бәсекелестік артықшылығы – «Мемлекет үшін халық емес, халық үшін мемлекет» формуласын берік ұстанатынын көрсетеді. Президент ретіндегі жұмысында ол үш негізгі қағидаға берік екенін айтты, ол – әділ мемлекет, әділ экономика және әділ қоғам.

Алғашқы қағидат басқарудағы саяси жаңғыртуды жалғастыруды көздейді.

Екінші қағидат азаматтардың, мемлекеттің мүдделері мен әл-ауқатының теңгеріміне, сондай-ақ елдің ресурстарын тиімді пайдалануға негізделген экономиканы құруды білдіреді.

Үшінші қағидат дамыған әлеуметтік инфрақұрылымды және адам әлеуетін іске асыру үшін кең мүмкіндіктерді құруды көздейді. Демек, кезектен тыс президент сайлауында басты үміткеріміз Қасым-Жомарт Кемелұлына халықтың сенетінін айғақтап, дауыс берген дұрыс деп ойлаймыз.

Себебі, Қ.Тоқаев мырзаның алға қойған әділ мемлекет, әділ экономика және әділ қоғам қағидасын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті де, оның құрамдас бөлігі – Экономика және бизнес Жоғары мектебінің ғылыми-педагоктық, студенттік ортасы қолдайды. Өз таңдауымызды айғақтау, растау мақсатында оқытушы-профессорлық құрам мен жас ғалымдар, студенттердің қатысуымен «Дөнгелек үстел» өткізіп, қазіргі мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын талқыладық. Жиын қорытындысында,  жаңа Қазақстанымыздың болашақ жарқын даму бейнесі бүгінгі Ел басшысымен тікелей сабақтастығын көрдік. Сондықтан да біздің ұжым ел тұрғындарын «Бір Отан, бір мемлекет, бір халық!» ұранын ұстанып,  «Әділетті мемлекет – Әділетті экономика – Әділетті қоғам»  қағидаттарына дауыс беруге шақырады!

Экономика және бизнес жоғары мектебінің деканы, экономика ғылымдарының кандидаты Л.А. Бимендиева,

Әлеуметтік-тәрбие жұмыстары бойынша аға эдвайзер И.О.Кулиев

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button