Жаңалық Редакция таңдауы

Тұранның таулары бар аспанға асқан

Түркістан музыкалық драма театры 2021 жылдың мамыр айында белгілі жазушы-драматург Дулат Исабековтың «Бөрте» спектаклімен шымылдығын ашқан.

Содан бері Т.Ахметжанның «Махаббат мұнарасы», Р.Мұқанованың «Фариза», Е.Аманшаевтың «Қорқыт туралы аңыз» спектакльдері және Шекспирдің «Гамлет», М.Әуезовтің «Қарагөз», Гетенің «Фауст» үш қаттап (триптих) қойылымдары сахналанып, он сегіз мың көрерменнің жүрегіне жол тартты. Жақында театр репертуары Алмас Нүсіптің «Мағжан» спектаклімен толықты. Түркістандық өнерпаздар қазақтың біртуар ұлының бейнесін өнердің жаңаша форматында ұтымды сомдап шықты.

https://youtu.be/NiijUXdRH-8

Мағжан – дара туған ақын. Елім, жерім, ұлтым деп өткен қоғам қайраткері. Ұлттық идеяны ту еткен алаш көсемдерінің бірі. Жалын атқан жастығын заманның ең бір ауыр кезеңінде өткерген жанның өмірі мен ой-түсінігі ұлтының, елінің тағдыр-тауқыметімен астарласып жатыр. Оның шығармалары ұлттың рухын көтеруге, адамдардың санасына түрткі салуға бағытталып, алай-дүлей заманның құрсауынан босануға бұлқындырды. Мағжанның санасында шиыршықталып, қаламының ұшымен шумақталған өлеңдерінің әрбір сөзін, әрбір шумағын тереңінен түсіне білген адамның көмейіне заманның ащы запыраны келері сөзсіз.

1921-22 жылдары Мағжан Жұмабаев ашаршылыққа ұшырағандарға көмек көрсету үшін құрылған Ақмола Төтенше комиссиясы төрағасының орынбасары қызметін атқарған. Аштықтан, жоқтықтан қырылып жатқан халқына көмек қолын созып, ел аралап, ат үстінде жүрген. Осы жылдар Мағжанның ішкі жандүниесін қопарған азапты кезең болатын. Түркістан музыкалық драма театры ақынның осы бір өмір өткелін арқау етіп, «Мағжан» спектаклін қойды. Спектакльдің идеялық авторы мен көркемдік жетекшісі – Айнұр Көпбасарова, композиторы – Хамит Шанғалиев, балетмейстері – Мадина Мұратпекова. Спектакльді жаңаша, заман сарынымен үйлестіру үшін театр әкімшілігі итальяндық әріптестерін шақырып, бірге жұмыс істеген. Спектакльді қоюшы режиссер Davide Livermore командасымен келіп, үлкен еңбек сіңірді.

Қазақ даласын жайлаған аштық «Мағжан» спектаклінің басты көрінісі. Қойылым желісі Мағжанның Қызылжар қаласындағы оқытушылық қызметін суреттеуден басталып, оның дос-жарандарымен жылы қарым-қатынасы, ортаны торлай бастаған «құйыршық-саясаткерлердің» мінез-құлығы мен іс-әрекеттері, ақынның махаббаты детальды көрсетілімдермен әсерлі ұсынылады. Ұлтын, халқын, мерт болған жақындарын ойлап, күйзеліске түскен Мағжанның образы арқылы қилы заман қасіреті суреттеледі. Көрерменнің жүрегін мұңға, ойын ызаға толтыратын көріністер.

Қойылым сахналаудың жаңа әдіс-тәсілдерін, сценографиялық, декорациялық, музыкалық құралдарды ұтымды қолдану арқылы көрермендерді баурап алады. Сахналық киімдер мен реквизиттер қойылымның мазмұнын аша түседі. Қазақтың қара домбрасының үніне негізделген эксклюзивті музыка тақырыпқа тұздық болғандай. Іріктеліп алынған актерлік құрамның образды сомдау, тақырыпты ашу шеберлігінен кем-кетік байқалмайды. Қойылым бір деммен тамашаланады.

Түркістан музыкалық драма театрының актерлер құрамы жас болса да, талабы мен таланты биік өнерпаздар. Театр репертуары кесек туындыларды таңдап, өзіндік қолтаңбаны жаңаша қалыптастыруды көздегендіктен қойылып жатқан спектакльдерге еліміздің басқа театрларынан белгілі әртістерді де тартады. Олардан өнеге алып театрдың жас шығармашылық ұжымы да шыңдалып келеді.

Қойылымдағы Мағжанды ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Еркебұлан Дайыров, ақынның ғашық болған Гүлсімін ҚР Жастар одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты Зарина Карменова сомдайды. Сондай-ақ ҚР Еңбек сіңірген қайраткерлері Сағызбай Қарабалин мен Әлімхан Мырзаханның, Әли Марат пен Әйгерім Қайратқызының өнері көрермендердің көңіл түкпірінен орын алды.

Түркістан театры Мағжан тақырыбын осымен шектемек емес, ақынның өзі өсиет еткен «Мен жастарға сенемін» идеясы негізінде тағы бір қойылым жоспарламақ. Ол қойылымның да көремендердің жүрегіне жол табары сөзсіз.

https://youtu.be/Gx7Bz4I4YQ4

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button