Жаңалық Редакция таңдауы

Теріскейде жаңа театр

Солтүстікқазақстандық атқамінерлер тыңдырған игі істің бірі – жергілікті қазақ театрына жаңа ғимарат салғызып беруі болды.

«Мәдениет майданындағы сүбелі ісіміздің бірі – театр».

Ілияс Жансүгіров

Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды драма театры кең сарайға көшіп, өнерпаздары мен өнерсүйер қауымын қуанышқа бөледі. Ұжым – кеңейіп, көрермен көбейген сайын театрдың аумағы тарлық ететіндігі қашаннан белгілі еді. Ескі ғимаратты бес орап алатын жаңаның сәулеті көз қызықтырады.

Еліміздің теріскейіндегі қазақ театры 2000 жылы бой көтерген. Бұрынғы мәдениет үйінің ғимаратын шаңырақ етіп, Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық академиясын түлеп ұшқалы отырған 23 білім алушы шақыртылып, өнер ортасы қалыптасты.

Білімі бар, білігі аз жас таланттарды үлкен арман мен мақсат жетелеп, өнер айдынында еркін жүзе жөнелді. Театр оларды жетілдірсе, олар театрды дамытты. Өнер додасындағы талай сыннан сүрінбей, республикалық және халықаралық театр фестивальдерінде талай биіктерді бағындырды. Бұл қазақ театрының киелі сахнасында жүзге жақын қойылым сахналанып, көптеген өнер қайраткері бой көрсетті. Өнер ордасынан әлемге танымал киноактриса Самал Есләмова, режиссер Фархат Молдағали сияқты дарынды жастар түлеп ұшты.

«Мен осы театр ұжымынан шыққан едім. Осында еңбек еткен, етіп жатқан әріптес аға-апаларымнан тәлім алдым. Оларға алғысым шексіз! Өнердегі өмірімнің алғашқы баспалдағы болған театрыма шығармашылық табыс тілеймін. Сахнада жақсы қойылымдар дүниеге келсін. Көрермендер қашанда көп болсын!», – деп тілек білдірді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Самал Есләмова.

Жаңа ғимараттың ашылу салтанатына ҚР мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, Қазақстанның халық артисі, Қазақстанның Еңбек ері Айман Мұсақожаева, генерал-лейтенант Абай Тасболатов пен әйгілі актриса Самал Есләмова қатысты.

«Бүгін біз сіздермен тарихи сәттің куәсі болып отырмыз. Теріскейдің темір қазық театры жаңа ғимаратқа кіріп, қазақ өнері, ұлт руханияты үлкен қуанышқа кенеліп жатыр. Еңсесі биік өнер шеберханасы ұлт руханиятының қазынасын еселейді деп сенемін. Жаңа шаңырақтан тың ізденістер күтеміз. Қысы суық болғанымен құшағы ыстық Қызылжар аман болсын! Жаңа нысан болашақ ғибрат ордасына айналсын!», – деді ҚР мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.

Сахнаға шығып, жылы лебіздерін білдірген қонақтар жаңа залға лық толған бес жүз көрерменмен бірге Сәбит Мұқановтың «Аққан жұлдыз» шығармасы желісімен сахналаған «Шоқан» спектаклін тамашалады. Қоюшы режиссері – Фархат Молдағали. Осыдан 22 жыл бұрын да театрдың шымылдығы «Аққан жұлдыз» спектаклімен ашылған. Қойылымның режиссері осы шаңырақтың негізін қалаған О. Ақжарқын-Сәрсенбек болатын.

«Театр – рухани, мәдени және тарихи орталық. Қоғамды дамыту үшін экономикамен қатар өнер саласын да дамыту керек. Елде білімді, мәдениетті және еркін ойлы азаматтарды қалыптастыру үшін жағдай жасау маңызды. Бізге рухани құндылықтарға негізделген қоғам қажет. Өнерге жақын адам әркез жоғары стандарттарға ұмтылады. Осы сахнада халықаралық деңгейдегі театр фестивалі өтсін дейміз. Музыка, классикалық музыка, байқаулар өтсе екен деп армандаймыз. Өнерді қолдаудан аянбаймыз», – деді Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар  Ақсақалов.

https://youtu.be/NiijUXdRH-8

Сәулетті театр құлашын кеңге жаяры сөзсіз. Өнер ордасының бүгінгі директоры Біржан Жалғасбаев, бірінші кезекте, кадр мәселесін шешіп, Т. Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясымен келісімшарт жасауда. Бұл жолы да 23 түлек, түгелдей бір топ солтүстікке келіп, дипломдық жұмыстарын қорғап, осы жерді тұрақтап қалуды ниет етіп отыр. Олардың да алдыңғы аға-апаларындай теріскейдің өнерін өрістетіп кетеріне сенім мол.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button