Жаңалық Редакция таңдауы

ҰБТ-2022. Қала мен ауыл мектептерінің көрсеткіш айырмашылықтары

«Ұлттық тестілеу орталығы негізгі ҰБТ-2022 нәтижелеріне егжей-тегжейлі тақырыптық талдау жасады», - деп хабарлайды ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығы.

Бас емтихан нәтижелеріне талдау мектептер, ауылдар, аудандар, облыстар бөлінісінде жүргізілді. Сондай-ақ, ҰТО мамандары тестіленушілердің гендерлік ерекшелігі, тапсыру тілі және ҰБТ пәндері бойынша дұрыс жауаптарының саны мен пайызын анықтады.

Тестілеуге дайындық сапасын арттыру мақсатында 2022 жылғы наурызда ҰТО тестілеу нәтижелеріне жеке тақырыптық талдауды енгізді. Емтихан аяқталғаннан кейін түлектер дұрыс және бұрыс жауаптармен ғана емес, сонымен қатар ҰБТ нәтижелерінің толық талдауымен де таныса алды. Яғни, тестіленушілер жеке тақырыптар бойынша өздерінің әлсіз жақтарын анықтады. Талдау тестілеу аяқталғаннан кейін бірден қолжетімді болып, тестіленушінің жеке кабинетінде сақталды.

Бұл талдау талапкерлер үшін негізгі ҰБТ-ны екі рет өткізу барысында ерекше маңызға ие болды. Яғни емтиханның алғашқы мүмкіндігінде тестіленуші әр пән бойынша пәнді меңгеру деңгейін түсініп, қателіктер жіберілген тақырыптарды қайта тереңірек игере алды. Осылайша, ҰБТ-ның екінші мүмкіндігінде нәтижелерін жақсарту мүмкіндігі болды.

https://youtu.be/x-jEQvpvfx0

«Еліміз бойынша дұрыс жауаптар көрсеткіші 58%-ды құрады. Балалар «Оқу сауаттылығы» пәні бойынша ең жақсы нәтиже көрсетіп, сұрақтардың 82%-на дұрыс жауап берді. Одан кейінгі орындарда «Қазақ тілі»  64% және «Қазақ әдебиеті» 60% пәндері. «Физика» және «Химия» пәндері бойынша ең аз дұрыс жауаптар берілді, тиісінше көрсеткіштер 40% және 38%-ды құрады. Егер гендерлік талдауды қарасақ, онда қыздардың (59%) нәтижелері ұлдарға (57%) қарағанда жақсырақ болды. Қала балалары ауылдық құрдастарына қарағанда ҰБТ-ны 3%-ға жоғары тапсырған. Ал облыстар бөлінісінде қарасақ, ең үлкен айырмашылық Қостанай облысында байқалады, яғни онда қалалық балалардың нәтижелері 61%, ал ауылдық балалардың нәтижелері 56% құрайды. Білімдегі ең аз айырмашылықты Қызылорда облысының түлектері көрсетіп, 0,4%-ды құрады. Яғни қалалық балалардың көрсеткіші 63,8%-ды, ал ауылдық балаларда 63,4%-ды  көрсетті. Тестілеуді тапсыру тіліне келетін болсақ, қазақ тілді талапкерлердің нәтижелері 0,4%-ға ғана артық», – деді ҰТО директоры Руслан Емелбаев.

Сонымен қатар, ҰБТ-да тапсырылған әрбір пән бойынша тақырыптық талдау жасалды. Мәселен, «Математика» пәні бойынша тестілеуді қыздар (55%) жақсырақ тапсырып, ұлдардан (47%) басым нәтиже көрсетті. Оқыту тілі бойынша көрсеткіштер орыс тілінде 51%, қазақ тілінде 49% құрады. Түлектер үшін ең күрделі тақырып «Тригонометриялық теңдеулер» болды. Бұл тақырып бойынша дұрыс жауаптардың үлесі небәрі – 35%. «Екі айнымалысы бар сызықтық теңдеулер жүйесі. Екі айнымалысы бар сызықтық емес теңдеулер жүйесі» тақырыбындағы тапсырмаларды жақсы орындап, 71% нәтиже көрсетті.

«Өңірлерге жұмыс сапарлары барысында мен облыстық білім басқармаларын осы деректермен таныстырамын. Енді олар толық ақпарат ала алады. Яғни, бұрын ҰБТ нәтижелері бойынша бізге тек жалпы сандар ғана қолжетімді болса, қазір оқушылардың қандай тақырыптарды білетінін және қайсысын толық игермегендігін көрсететін қосымша талдау бар. Осылайша мұғалімдер оқушылармен жұмыс барысында талдауды қажет ететін тақырыптарға көңіл бөліп, олардың көрсеткіштерін жақсарта алады», – деп атап өтті Руслан Емелбаев.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button