Жаңалық Редакция таңдауы

Балаға тарихты танытудың тиімді тәсілі

Осы жылы Білім және ғылым (қазір Оқу-ағарту) министрі Асхат Аймағамбетов мектепте тарих пәнін оқыту әдісі өзгеретінін мәлімдеген еді.

Бұл мәселе сәуір айында Петропавлда өткен тарих пәні мұғалімдерінің съезінде көтерілді. Оған 300-ден астам тарих пәнінің мұғалімі, тарихшы, әдіскер, ғылыми-зерттеу институттары мен бірқатар жоғары оқу орнының басшылары қатысты. Олар үлгілік оқу бағдарламалары мен оқулықтардың мазмұнын жетілдіру, сонымен бірге оқушылардың оқу жетістіктерін бағалау, жоғары оқу орындарында тарих пәні мұғалімдерін даярлау және мұғалімдердің біліктілігін арттыру мәселелерін жан-жақты талқылаған.

Асхат Қанатұлының айтуынша, сол жиында әріптестеріміз бірер ұсынысты ортаға тастаған. Олар мынадай болатын:

– 5-сыныпқа Қазақстан тарихынан бұрын мектеп бағдарламасында болған және осы жастағы оқушылардың түсінігіне қолжетімді тақырыптарды қайтару;

– «Қазақстан тарихы» және «Дүниежүзі тарихы» пәндерінің оқу бағдарламасы мазмұнын жаңарту;

Қазір Қазақстан тарихының негізгі курсы 9-сыныпта аяқталса, 10-11-сыныпта негізінен проблемалық мәселелер оқытылады. Осыған байланысты мұғалімдер мен ғалымдар 6-сыныптан бастап 11-сыныпқа дейін ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі тарихты толыққанды зерттеу;

— Материалды сынып бойынша бөлуді өзгерту (мысалы, 6-сыныпты алып қарайық. 2016 жылдан бері бір ғана 6-сыныптың бағдарламасы 12 ғасырға жуық уақытты қамтыды).

Министр бұл ұсыныстарға қолдау білдірді. Сөйтіп, нақты қабылданған мынадай шешімдерге тоқталды:

  1. Қазақстан тарихы мен Дүниежүзі тарихы оқулықтары енді еліміздің барлық мектебі үшін бірыңғай және базалық болады.
  2. Жоғары оқу орындарында қазіргі «Қазақстанның қазіргі заманғы тарихының» орнына «Қазақстан тарихы» пәні оқытылады, яғни бағдарлама тарихтың басқа да кезеңдерін, дәлірек айтқанда, ежелгі, орта ғасырларды және жаңа заманды қамтиды.
  3. Енді ғылыми бағытта білім алған тарихшылар қайта даярлау курстарынан өтіп, кейін мектепте сабақ бере алады.
  4. Бағалау бойынша өзгерістер енгізіледі. Қорытынды аттестаттау бұрынғыдай жазбаша ғана емес, ауызша және жазбаша түрде өткізіледі. Жиынтық бағалау мұғалімнің қалауы бойынша ауызша немесе жазбаша түрде жүргізілуі мүмкін.
  5. Петропавлда Ә.Марғұлан атындағы Археология институты, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты сияқты ҒЗИ филиалдары ашылып жатыр. Бұл институттар осы өңірлерде ауқымды археологиялық зерттеулер ұйымдастырады.

Осылайша еліміздің Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов өскелең ұрпақ үшін аса қажет, аса сауапты бір істі бастап кетті. Мұндай түбегейлі өзгеріс жасауға не үшін барғанын қарапайым тілмен түсіндіріп те берді.

 «Тарих деген әр мемлекет, әр ұлт үшін ерекше маңызға ие. Отансүйгіштікке, өз-өзін түсінуге үйрететін бірден-бір құрал болса, ол тарих. Жалпы, өскелең ұрпақ өз елінің тарихын білуі керек. Сондықтан біз мектептің бағдарламасын жаңарту бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Соның ішінде тарих пәні. Сол тарих пәнін қарасаңыздар, мысалы, алтыншы сыныпта оқушылар VІ ғасырдан ХVIII ғасырға дейін бір сыныпта, бір жылдың ішінде бәрін зу еткізіп өтіп шығады. Ал бірақ бұл қазақ үшін, Қазақстан үшін қандай кезең болды? Бұл Түрік қағанаты кезеңі болды. Бұл кезең жалпы қазақтарда, ұлы далада мемлекеттіліктің болғанын көрсететін кезең болды. Бұл уақытта Алтын орданың кезеңі болды. Бұл уақытта біздің Қазақ хандығының уақыты болды. Демек, өркениетіміздің бар екенін, мәдениетіміздің бай екенін, тарихымыздың терең екенін көрсететін, жалпы, біз қайдан келдік, қайда бара жатырмыз, біз кімбіз деген сұраққа жауап беретін ең маңызды кезең дәл осы кезең деп те айтуға болады. Сондықтан бұл кезеңді алтыншы сыныпта зу еткізіп өткізіп, одан кейін жетінші сыныптан бастап ХVIII ғасырдан XX, XXI ғасырларға дейін созып отырудың қандай мән-мағынасы бар? Біз сол кезеңді түсініп алмасақ, сол кезеңге қатысты балаларымызда бір түсінік қалыптаспаса, ары қарай тарихты өту, оны түсіну өте қиын. Осы ұлы өркениеттердің мұрагері екенімізді біздің балаларымыз білуі керек. Қазақтарда мәдениеттілік болғанын түсінуі тиіс. Сол уақытта басқа мемлекеттермен тереземіз тең, басқа мемлекеттермен дипломатиялық қарым-қатынастарымыз болғанын, сол уақытта біздің ата-бабаларымыз осыншалықты ұлан байтақ жерімізді сақтап қалғанын, олар қандай үлкен империя болғанын, үлкен өркениет болғанын білуі керек. Олай болатын болса, біз оны тек бір сыныпта зу еткізіп өтпей, асықпай, балалар түсінетіндей қылып өтуіміз қажет. Сондықтан Түрік қағанаты уақытын, одан кейінгі Алтын орданың кезеңін бөлек, Қазақ хандығы уақытын бөлек қарастырған жөн. Сосын олардың бір-бірімен тығыз қарым-қатынасы бар екенін, бір мемлекет, бір ұлттың бір кеңістікте болғанын көрсететінін де білу біздегі ұрпақтар сабақтастығына үлкен әсерін тигізеді. Біз осы оймен тарих пәнінің мазмұнын жаңартып отырмыз. Біз тарихты басқаша қарап жатқан жоқпыз. Біз тек қана оны мектепте қалай өтеміз, балалар оны қалай түсінуі керек деген бағытта және оларды отаншылдыққа үндеу мақсатында жұмыс істеп жатырмыз», – деген еді  бір сұхбатында Асхат Қанатұлы.

Тарих пәнінің мұғалімі ретінде министрдің бұл ісін мен де қолдаймын. Ұлт қамын, ұрпақ қамын ойлаған ұстаз ғана осындай батыл қадамдарға, түбегейлі өзгерістерге бармақ. Және бұл өзгеріс балаға тарихымызды танытудағы тиімді тәсіл болатынына кәміл сенемін.

Қожа Ахмет Яссауи атындағы №123 мектеп-гимназия тарих пәнінің мұғалімі, магистр Мөлдір Киізбай

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button