2023 жылы жұмыспен қамту саласындағы қызмет проактивті форматқа көшіріледі
2023 жылғы 1 қаңтардан халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік қызмет проактивті форматқа көшіріледі. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова айтты.
«Көптеген жастарымыздың кәмелет жасына толуына байланысты еңбек нарығына едәуір салмақ түсуде. Сонымен қатар NEET санатындағы жастардың және ауыл жастарының арасында жұмыссыздық деңгейі әлі де жоғары болып отыр. Осының бәрі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу тәсілдерін жетілдіруді және цифрлық өнімдерді қолдану мүмкіндігін арттыруды талап етеді. Мемлекет басшысының Жолдауындағы жұмыспен қамту туралы тапсырманы және жоғарыда айтылған міндеттерді шешу үшін алдағы үш жылда мынадай нақты шаралар қабылдауды жоспарлап отырмыз. Бірінші – Отбасының цифрлық картасын қолдана отырып, халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік қызметті проактивті форматқа көшіру. Бұл тәсіл 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілетін болады», – деді Тамара Дүйсенова.
Сондай-ақ министрдің атап өтуінше, екіншіден, жыл сайын кемінде 100 мың жасты олардың оқуына, жұмысқа орналасуына және жеке іс ашуына көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларына тарту жоспарланып отыр. Индикаторлар уәкілетті органдармен бірге пысықталып, өңірлерге берілді. 2023-2025 жылдарға арналған бюджет жобасында бұл іс-шараларды іске асыру үшін қажетті қаражат көзделген.
«Үшіншіден, ұлттық жобалар аясында құрылатын жұмыс орындарының 10 пайызын жастарға беруді ұсынамыз. Бұл шара 50 мың жасты жұмыспен қамтамасыз етеді. Төртінші, дәл осы тәсілмен «10 мың адамға 100 жұмыс орны» бастамасының аясында жастарға арнап кемінде 10 мың жұмыс орнын ашуды жоспарлап отырмыз. Осы индикатордың бәрі 1 қарашаға дейін өңірлерге түсіндіріліп, жүктелетін болады», – деді ол.