Бүгін – Абай күні
10 тамыз – қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының туған күні. Ақынның 175 жылдығы қарсаңында елімізде 10 тамыз – Абай күні болып белгіленіп, мерекелік күнтізбеге енгені бәрімізге белгілі. Бұған дейін ақынның туған күні жылына екі рет –10 тамыз бен 23 тамыз күндері аталып өтетін. Себебі ақынның туған күніне қатысты ғалымдар арасында екі түрлі пікір болған еді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай – рухани реформатор» атты мақаласында: «Абай – біздің ұлтымыз бен жұртымызды танудың төте жолы», – деп атап өткен болатын.
«Абай өнегесінің құны дәуір алмасқан сайын артпаса, кемімейді. Ол баршаға түсінікті әрі күллі адамзатқа ортақ. Оның қара өлең болып өрілген және қара сөз болып төгілген оралымды ойлары әлі күнге дейін өмірлік бағдар болып келеді.
Ұлтының болашағы үшін қам жеген ұлы ойшыл күллі жұртшылықты да махаббат пен мейірімге үндеді. Ақынның осындай адамгершілік қағидаттары еліміздің бүгінгі ұрпақтары үшін де аса қажет.
Мемлекет тәуелсіздік жағдайында ұлттық сананы қайта жаңғыртуға және жаһандану өзгерістеріне бейімдеуге жалпыұлттық тұрғыдан басымдық беріп отыр.
Ұлы данышпан елдік мүддені әрдайым жоғары қоюға, алған білім мен тәжірибені халық игілігіне жұмсауға шақырды. Бүкіл адамзат үшін даму үрдісін осындай ұстаным арқылы ұғыну әрдайым маңызды болмақ.
Абай – біздің ұлтымыз бен жұртымызды танудың төте жолы. Ұлы ақын бізге мазмұндық тұрғыдан өлшеусіз, халықтың рухани азығына айналған мұра қалдырды. ХХІ ғасырға қадам бассақ та, Абайдың көзқарасы заманауи ізгілік қағидаттарына және Қазақстан қоғамының басты құндылықтарына, оның бірлігі мен берекесіне толықтай сай келетіндігіне тағы да бір мәрте көз жеткіземіз.
Ұлы данышпан ұлттың рухани мәдени, адами бет-бейнесін асқан көрегендікпен сипаттаған. Оның ұлылығы да осында.
Абайдың даналық сөздері қазақ халқының алтын тұғыры, түп негізімізге үңіліп, ұлттық ұстынымызды іздеген көптеген ұрпақтың басын біріктіретін мәңгілік рухани тірек болып қала бермек»,- деп Президент Абай мұрасын жоғары бағалаған.
Осылайша 2020 жылы Үкімет қаулысымен 10 тамыз – Абай күні болып бекітілді:
«Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы №689 қаулысына толықтыру енгізу туралы «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» 2001 жылғы 13 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
«Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 31 қазандағы № 689 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2017 ж., № 53, 343-құжат) мынадай толықтыру енгізілсін: көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесі: мынадай мазмұндағы 22-1-тармақпен толықтырылсын: «22-1. Абай күні – 10 тамыз». 2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі», – деп жазылған Үкімет қаулысында.