МақалаРедакция таңдауы

Абай оқулары: үміт пен сенім

Асылында, Абайды оқу - бүкіл халықтық іс. Ол бірер байқаудың барысымен өлшенбейді. «Ұлт боламын десең, бесігіңді түзе» деп ұлы Мұхтар Әуезов айтқандай, рухани жан дүниені жаңарту үшін де Абай мен Шәкәрім шығармалары керек.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Абайдың мол мұрасы қазақ ұлтының жаңа сапасын қалыптастыруға қызмет етеді. Оның шығармаларындағы ой-тұжырымдар әрбір жастың бойында халқына, елі мен жеріне деген патриоттық сезімді орнықтырады. Сондықтан хакім Абай еңбектерінің нәрін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру және өмірлік азығына айналдыру – ұлтты жаңғыртуға жол ашатын маңызды қадамның бірі» деген болатын.

2000 жылдан бері өткізіліп келе жатқан Абай оқулары өз жемісін көрсетіп отыр. Осы байқаудан қанаттанған жас өрендер бүгінде өнер айдынында өзіндік орнын қалыптастырып та үлгерді. Жүлдегер атанған дарынды ұл-қыздардың алды жоғарғы оқу орындарын абыроймен аяқтап, өнермен өмірлерін сабақтап, «дүниенің кетігіне бір кірпіш болып қаланса», соңғы жылдардың қатысушылары мектепте озат болып, дарынды оқушылардың алдыңғы қатарынан көрініп жүргені көңілге қуаныш ұялатады. Абай шығармашылығына, әдебиетке, өнерге сүйіспеншілік осы дарындардың өмірлік беталыстарына да әсерін тигізгенге ұқсайды. Жиырма төрт жыл ішінде Абай оқуларында озық көрінген жүлдегерлердің ішінде ақындар да, өнер қызметкерлері де, журналис- тер де, филологтар да, түрлі деңгейдегі музыкалық сайыстардың лауреаттары да бар.

Еліміздің өсіп-өрлеп, еркін өркендеп дамуы үшін «анау керек, мынау керек», «олай ету қажет, былай ету қажет» деген сияқты пайымдаулар терең құлшыныспен де, ерен жұлқыныспен де толассыз білдіріліп келеді. Дау жоқ, солардың барлығында да біршама уәжділік, түгелінде де біршама дұрыстық мәні назар аудартып, ден қойғызады. Ешқайсысын біржола бекерлеу мүмкін емес. Әркімнің жүрегінде «тәуелсіз Отанымыз тез көркейсін, өркениет төріне шықсын» деген ниет.

Алайда, жол табудың жөні бар. Абайдың бағдартүзегіш методологиялық даналығын әрдайым жадымызда тұтқанымыз абзал: «Істің басы – ретін танымақтық». Осы тұжырымды басшылыққа алсақ, аңсаған арман мен көксеген тілекке жетудің кешенді шарттарының ең алдыңғысы білім мен тәрбие болуға тиіс. Келешек кепілі – жеткіншек буынның азаматтық сана-сезімі толысқан дәрежеде қалыптасуы. Әрбір жаңа ауысымдық жас ұрпақ легі үзілмес сабақтастық үдерісінде ұлттық рухпен нәрленуі – ілгерішілдік мәселелерінің шешуші басымдығы. Алтын мен мұнай, уран мен бидай, ет пен сүт молшылығы, әрине, сүйініш пен мақтанышқа лайықты, бірақ сол ырыс-дәулеттің иесі хомо сапиенс қасиетінен айырылып, тек қана хомо экономикус болып кетсе, кім оны игі құбылыс дер еді?

Осы тұрғыдан қарағанда, мектеп оқушылары үшін жылма-жыл ұйымдастырылып, сәтті өтіп келе жатқан «Абай оқулары» атты республикалық фестивальдің төтенше маңызды қоғамдық-мәдени шара екендігі айқындала түседі. Ұлан-байтақ Қазақстанның барлық облыстарынан, Астана мен Алматы, Шымкент қалаларынан және дербес мәртебелі Абай ауданынан қатысушы командалар құрамының сөзді ұғынып зерделеген, әуен-сазды түсініп, нәзік түйсінген әрбір мүшесі көрермен-тыңдарман қауымды тапжылтпай ұйытып, толғаныс пен тебіреніске бөлеуі нендей асыл құндылықтың қандай да жоғары деңгейіне әбден сәйкеседі. Бастауыш сыныптың бүлдіршін шәкірттері де, мектепті тәмәмдағалы жүрген балғын жігіт пен торғын қыз да Абай мен Шәкәрімнің шығармаларын неғұрлым ауқымды мөлшерде жатқа мүдіріссіз оқу бойынша, музыкалық мұраларын тұшына, тамылжыта орындау бойынша және өздерінің өлең-жыр, ән-күй шығарудағы талпыныс нәтижелерін көрсету бойынша табиғи таза дарындылықтарын танытады. Баршасы бірдей ақындық тұлғаға айналуы тотальдық мұрат емес. Тіпті Абай шығармаларын академиялық екі томдық көлемінде жатқа білу де жалаң-жадағай міндет емес. Қабілет қарымын арттырып, мұндай биік сында шыңдалған бала ертеңгі күні ғарышкер ме, кәсіпкер ме, саясаткер ме, дәрігер ме, қаржыгер ме, заңгер ме, кенші ме, кеденші ме, диқан ба, бағбан ба, малшы ма, құрылысшы ма, ғалым ба, әкім бе – қай саланың маманы болса да, жан азығының қазақ тіліндегі негізіне қайткенде де тартады. Демек, елдің елдігін сақтап, этносты біртұтас бүтіндік санатына көтеруге жағымды әсер, оң ықпал туындайды. Осы ыңғайдан байыптағанда, жаратылыстану бағытындағы кейбір мектептердің жыл сайын «Абай оқулары» фестиваліне өз командасын жіберіп жүргендігі – зор өнегелі, үлгілі үрдіс. Білім мен тәрбие беру ісінде гумандандыру және гуманитарландыру ұстанымы бәсеңдеп қалған қазіргі жағдайда «Абай оқуларымен» мектептер ғана емес, оларға қисынды да жарасымды жалғастықта колледждер, институттар, университеттер де қамтылса, әлеуметтік ортаны ізгілендіру мақсатына орайлас құба-құп тәжірибе орнығар еді. Аталған білім ордаларындағы тәрбиелік жұмыстарға жауапты штаттық лауазым иелері әлденеше мың студенттік контингенттен небәрі үш кісілік команданы мемлекеттік тілге қамқорлық аясында әзірлеуге дәрменсіз болып қалмас. Студенттік альянс, жастар конгресі де қам-қарекеттік жоспарларында бір тармақты осы мазмұнға арнаса, жәмиғат олардың патриоттықтары анық дәлелденгендей қуаныш етіп қабылдар еді. Перзенттеріміз өгейленбеген екен деп шаттанар еді.

«Абай окуларының» шеңберін ұлғайту мүмкіндіктері әлі игерілуден алыс, қозғаусыз күйде. Мәселен, тарихи Отаннан тыс мекендердегі қандастар бейхабар жатыр. Бүкілдүниежүзілік қазақтар қауымдастығы, әкімдіктер құрылымындағы тілдік басқармалар көңіл бөлерлік шаруаның бірі – осы. Жазушылар мен журналистер одақтарына да құлаққағыс – сырт қалмауға.

Спорттық жарыстар, әншілер арулар жігіт сұлтандары конкурстары, сайқымазақшылар бәсекесі тағы басқа әралуан шаралар жан-жаққа дүбірлері жетіп жарнамаланады. Хош әрекет, мақұл қимыл. «Абай окуларының» ғанибетті сипатын халықаралық кеңістікте ашып көрсетерліктей бұқаралық ақпарат құралдарының қызметі байқалмайды. Мұны былай қояйық, жергілікті жұртшылықтың өзіне, Ертіс алабы – Семей мен Өскемен өңіріне берілетін мағлұмат мардымсыз. Республика аумағындағы байырғы жұртты мүлде жылы жауып қойған.

Биыл Шәкәрімнің мерейтойы. Жидебайда өткен республикалық фестивальде Шәкәрімнің ақындық, композиторлық шығармаларын үздік орындаған оңтүстік – солтүстік батыс шығыс оқушыларының өнерлерін теледидардан көрсетерлік бір бағдарлама жүзеге асса. Абайдың өлеңдерін, карасөздерін, поэмаларын кез-келген тұсынан зулата жатқа оқыған оқушылардың өнері насихатталса. Ауыл – аймақ түгіл, күллі ел көріп білсе, әсіресе, мектеп оқушылары, ата-аналар, мұғалімдер көріп білсе, мың күндік ақыл уағызыңызды сол бір сәттік бейнехабар артығымен еселеп өтемес пе? «Желсіз түнде жарық ай», «Айттым сәлем, қаламқас», «Көзімнің қарасы», «Сегіз аяқ», «Өлсем, орным қара жер» және басқа әндерді үздік орындаған оқушыларды ғана топтап, жүйелі бір концерттік бағдарлама жасаса, республикалық және облыстық телеарналардан таралып жатса, Абай ағаның айтқанындай, «жүрек тербеп, оятар баста миды» екендігіне немқұрайдылықтан, ең болмаса, селт еткізер еді ғой.

Ендеше, «Абай окуларының» ұйымдастырылу, аткарылу үдерісіне жаппай ел болып ат салысу ләзім. Сондай-ақ мырзалық, жомарттықпен мәшһүрленген сан талай меценаттар ұлттық мүдде үшін жылына бір науқандық демеу-қолдау акциясын жоралғы етсе, нұр үстіне нұр жауып, халық алғыспен ұлықтар еді.

ДАНАЛЫҚ ОҚУЛАРЫ

 Қазақстанның үкісі желбіреген үміті, үлбіреген асыл арманы, жарқын болашағы – бүгінгі жас ұрпақтың халықтың ұлы Ұстазы Абайды оқуы, оның жауһар туындыларын жаттап өсуі, Абайдың әлі күнге дейін алыс тұрмақ өз елі, өз халқының біраз бөлігі үшін жұмбақ күйінде қалып отырған сырлы да мұңды әлемін зерттеуге деген ұмтылысы – елдің өркендеуі үшін, мемлекеттің дамуы үшін теңдесіз рухани байлық, үлкен игілік екені анық.

Өйткені Абай – Физули, Фердоуси, Гете, Байрон, Пушкиндермен қатар тұрар ақын, Платон, Сократ, Конфуций, Дрепер, Ницшелермен ой жарыстырар ғұлама ойшыл.

Қазақстанның әрбір жаңа буын жас өркені Абай мұрасынан нәр алып, оның асыл сөздерін, өресі асқақ поэзиясын, терең философиясын бойына сіңіріп өсуге тиіс. Осындай ізгі мақсатпен ұйымдастырылған Абай оқулары бүгінгі күні «қуаты күшті нұрлы сөздің», құдіретті поэзия өнерінің жас дарындар арасындағы дүбірлі тойы ретінде республикаға танылды. 2000 жылы ұлы ойшылдың туғанына 155 жыл толуына байланысты бірінші рет қасиетті Жидебай төрінде, Абай-Шәкәрім кесенесінде бастау алған жыр мерекесі жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп отыратын мазмұнды да маңызды шараға айналды.

Білімдіден шыққан сөз

Талаптыға болсын кез

Нұрын, сырын көруге

Көкірегінде болсын кез, – деген данышпан Абайдың арманды ойы мұратына жетіп, өрісі биік өрелі сөзі өз тыңдаушысын елдің ертеңі – жас ұрпақ қатарынан табуы – береке бастауы деп ойлаймын.

Көрнекті жазушы Мұхтар Мағауин: «… Қазақта мінсіз адам болса, ол — Абай. Ақындық тұлғасы. Ұлттық санасы. Қайраткерлігі. Кемеңгерлігі. Кісілігі. Мінез-құлқы, жүріс-тұрысы. Бәрі де. Әулиеге тән сыпат дарыған, өзгеше қасиет қонған. Міне, осындай асқар Абай, ұлы да ұлағатты Абай туралы айту үлкен жауапкершілікті талап етеді. Абай туралы айту – адамның ақыл, танымын ғана емес, адамның адамдығын айғақтайтын көрсеткіш»,- дейді. Бұл Абайды тануға ұмтылған жас ұрпаққа өнеге болар сөз.

Ғасырлар бойы қилы-қилы қиын асу, қия белдерді, тар жол, тайғақ кешулерді бастан өткерген қазақ халқынын жас буыны ұлы Абай өсиет еткендей «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүректі», туған Тілін, киелі Даласын, асыл Халқын, қасиетті дәстүрін және бүкіл адамзат баласын сүйетін адамгершілікті азамат болып өсуге міндетті.

Абай оқуларына қазылық етіп, еңбек сіңірген тұлғалардың есімін жаза кетуді жөн көрдім. Қоғам қайраткері, абайтанушы Хафиз Матаев, ҚР білім беру ісінің үздігі, профессор Қинаят Шаяхметұлы, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімі Бітібаева Қанипа Омарғалиқызы.

Осы орайда республикалық «Абай оқуларына» көптен бері қазылық етіп келе жатқан, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, ақын Төлеген Жанғалиев өз естелігімен бөлісті:

«Абай аудандық партия комитетінің идеология бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істеп жүрген кезім. Сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Хафиз Матаев мұғалімдердің дәстүрлі тамыз мәслихатында бүкіл ұстаздар қауымына және барлық идеология қызметкерлерінің алдына нақты мақсат қойды: Жас жеткіншектерге Абайды, Мұхтарды оқыту керек. Ол үшін мекеме қызметкерлерінен бастап, әрбір ұстаздар мен окушылар Абайдың кем дегенде 100 өлеңін жатқа білуі тиіс. Әрбір үйдің жеке кітап қорында Мұхтар Әуезовтың 20 томдық шығармалар жинағы болуы керек.

Бұл жай айта салған, аяғы құмға сіңген судай құрдымға кететін сөз емес-ті. Әбден пісіп, жетілген, ауадай қажеттілігін мойындатқан шаруа болатын.

Жасыратыны жоқ, «жарықтык» компартияның там-тұмдығы қалмай тарағанға дейінгі халық арасындағы жұмыстың алтын арқау, кең тұсауы да осы болды. Жасы бар, жасамысы бар Абай өлендерін жатпай-тұрмай жаттады. «Абай жолы» романын оқымаған ауыл азаматтары кемде-кем шығар.

Заман ойпыл-тойпылға ұшырады. “Байтал түгіл бас қайғы болды” демекші, ел Абай түгіл өзін танымай қалды. Нарық қыспағына түскен халық кітап оқуды былай қойып, Абайдың «есектің артын жусаң да мал тап» деген сөзін макалға айналдырып алып, рухани жан-жұтына ұшырады. Ауданға бірнеше басшы келді, кетті. Ұлы Абайдың 150 жылдығы да Алаштың ғана емес, бүкіл адамзаттың тойы болып дүркіреп өтті.

Егемендіктің арқасында ел ертеңіне қиялдай қарап, өткеніне өкінетін болды. Жоқ ізделді. Бар бағаланды. Қазақтың Шәкәрім, Ахмет, Мағжан, Міржақып, Жүсіпбек сияқты алтын қазыналары халықпен қайта қауышты.

Жидебайда салынған қос кесене бүкіл адамзат баласын өзіне қаратып, Абай мен Шәкәрімді оқуга қайта шақырды. Қос кесене ортасындағы ежелгі Рим сәулетіне сәйкестендіріліп салынган амфитеатр жас ұрпақтың тарапынан “жарқ” еткен бір жаңалықты тосқандай еді….

Иә, Өткен күнде белгі бар. Ол белгі ұлы адамдарды ұлықтаудың, олардың ұрпақ үшін жазып, тастап кеткен қисапсыз мол шығармаларын, алтын әндерін болашақтың бойына терең сіңірудің жарқын да даңғыл жолының табылуы.

Енді осы “Абай оқулары” бізге не береді дегенге келейік. Меніңше бұлай сұрақ қоюдың өзі – әбестік! Абайды тану – өзіңді тану, өзгені тану керек десеңіз, бүкіл адамзат баласының мың сан қабат астарлы ғұмырын тану. Ендеше, Абай, Шәкәрім жырларымен сусындап өскен жас ұрпақ жаман адам болып шығуы мүмкін емес. Шүкір, қазір республикамыздың түкпір-түкпірінде Абай шығармаларына бүтіндей бет бұрып жатыр. Тіпті Қазакстанда тұратын өзге ұлт өкілдерінің де Абай өлендерін жаттап жатқандығын жақсылыққа жорыдық.

Бізде, Абай ауданында “Абай оқуларына” дайындық мектеп жасына дейінгі балалар мекемелерінде-ақ басталады. Жыл сайын наурыз айынан басталып алдымен классаралық, мектепшілік, мектепаралық, аймақтық, аудандық байқаулар өткізіліп, соның бәрінен сүрінбей шыққан оқушы ғана республикалық жарысқа жіберіледі. Демек, бәсеке жарыс бар. Ал, ынталандырудың мұндай жолы нәтижесіз қалмайды».

 АБАЙ ОҚУЛАРЫ ҚАНШАМА БҰЛАҚТЫҢ КӨЗІН АШТЫ

Адамзат баласының рухани әлемін асыл мұрасымен байытқан дана Абай тірлік керуенінен қалмай, қай заманда болса да мәңгі жасап келеді. Ол ақын, сазгер, ойшыл ғана емес, ең бастысы, ұстаз болды. Тағылымы мен тәлімі тек өз халқы емес, адамзаттың өз ұрпағын тәрбиелеудегі Адалдыққа баулудағы адастырмас бағдаршамы, қымбат байлығы екенін дәлелдеуді қажет етпейді.

Ұлы дана «Аланы сүюді», бүкіл Адам баласын «бауырым» деп сүюді, әкенің емес, Адамнын баласы болуды өсиет етіп кетті. Ол Аристотель мен Әл Фарабилардың қатарында бір сапта, бір биікте тұр. Рухани тоқырау, рухани азу қауіпі төніп тұрған мынау заманда ұрпақты одан құтқарудың жолын қарастыру аға ұрпақтың қасиетті борышы. Осы – киелі жорықта Абайды іздеу, оған жүгіну, оның тағылымын тәлім мен тәрбиенің сарқылмас бұлағы етуді бірден-бір тығырықтан шығаратын жол деп қарастырған жөн. Білім және ғылым министрлігінің бастауымен, ұйымдастыруымен өмірге келген оқушылардың республикалық Абай оқуларына да жиырма төрт жыл толып отыр. Бүгінгі таңда білім мерекесіне, өнер мерекесіне, тағылым мен таным мерекесіне айналып отырған Абай оқуларының да осы ұлы мақсаттарға жетіп, жол іздеуден туындағанына шүбә келтіруге болмас. Оны елімізде өтіп жатқан маңызды шаралардың, мерекелердің шыңында тұр десем, оның «тәй-тәйінен», «қаз тұрғанына» дейін куә болып жүрген менің асыра сілтеуім емес. Семейден шыққан автобустар керуені ұлылар мекеніне қарай жылжи бастағанда-ақ ұлы мереке ешбір жоспарсыз өзінен-өзі басталып-ақ кетеді. Абай мен Шәкәрім әндері толассыз әуелеп, бүкіл қазақ даласын тербеп, тербетіп жатқандай әсерге бөлейді. Жас сәбилердің үндері тап-таза, мөп-мөлдір қалпында ұлыларға тағзым етіп жатқандай күй кешесің. Әр талы, әр тасы тарих шежіресін шертетін ұлылар мекені, оның асыл ұрпақтары еліміздің түкпір-түкпірінен өздеріне бет алған балаларды театрландырылған көріністермен қарсы алады.

Әне, Шілікті кезеңі. Абай мен Әйгерімнің махаббат бастауы… Екеуі кол ұстасқан қалпында «Көзімнің қарасын» айтып балаларға қарай аяқ басқанда төбеде қалықтаған құс екеш құс та ұша алмай, мына әнге, мына сәнге тұтқын болып қалғандай күй кешеді… Ал балалар ше, олардың балғын даусы қос ғашыққа қосылғанда, еріксіз екі көзге ерік бересің…

Міне, Еңлік пен Кебек, оларға пана болған үңгір тас… Тау басынан «Ұста!», «Өлтір!» деген қатал да жауыз бұйрықпен оларға қарай ағылған аттылар… Бұл көріністің шынайылығы, әсерін сөзбен жеткізу мүмкін емес, бесікте шырылдап жатқан бала даусына тау мен тас, бүкіл дала қосылып күңіренгендей бейшара кейіпке кіресің… Өзіңді құшып, еңіреп тұрған балаларға ақыл, тоқтау айтқанның орнына олармен біріге зарланасың…

Әдебиет ол тек асыл сөз емес, әдебиет-тәрбиенің асыл көзі, ол- жаратушы иеден кейінгі Адамды жаратушы, оның Жан-дүниесін жаратушы киелі күш. Оқуларға қатысқан әр баланың ұлылар мекенінен, ұлылар тағылымынан өмірлік қуат, өмірлік нәр алып, жаңаша күш, жаңаша рухани түлеумен елдеріне оралып жататынының өзі неге тұрады?! Абай оқулары сондай-ақ қаншама дарынның көзін ашты, қаншама балаларды ақылдық, сазгерлік өнерге баулыды, күміс көмей әншілікке жетеледі, ол басқа әңгіме, әрине. Абай оқуларына қатысты көкейде жүрген бір ойларды ортаға салсам.

  1. Абай оқулары ары қарай жалғасын табу керек, ол тек ұлылар Отанынын өзінде, кіндік қаны тамған, мұражайлары тұрған, өздері мәңгілікке орын тепкен жерінде өтуі қажет. Себебін саралап айтуды артық деп ойлаймын.
  2. Күні бүгінге дейін Оқуларға өз еліміздің балалары, басым көпшілігі қазақ тілінде білім беретін мектеп балалары қатысып келеді. Қазақстан атты алып, егеменді елде тұрып, білім алып жатқан барлық ұлт пен ұлыстың балаларын қатыстыруды қолға алған дұрыс деп ойлаймын.
  3. Оқу көкжиегін халықаралық дәрежеге көтеру керек. Өзбекстан, Қытай, Монғолия, Ресейлік, т.б. елдердегі қазақ балалары ғана емес, ниет білдіргендерді қатыстыруды ойластырудың маңызы зор болар еді. Оларға Абай мұраларын өз тілдерінде айтуға жағдай туғызу
  4. Абай оқуларының мұражайын ұйымдастырып, осынау аса маңызды жұмыстарды жинақтау да аса қажет сияқты.
  5. Қорытындылап келгенде, Абай оқуларына мемлекеттік қамқорлық, қаржыландыру, қалталылар тарапынан материалдық көмек керек, оның заңды түрде ары қарай өмір сүруін ойластырған жөн.
  6. Ерекше дарынмен көзге түскендерге грант беру, шетелде оқытуға мүмкіндік туғызуды да дұрыс деп есептеймін.

Абай оқулары аз жылдың өзінде елге аңыз болып тарады, ал балалардың білімге деген ынтасын, белсенділігін арттырды, Ұлылар әлеміне жетектеп әкелді.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button