ЖаңалықРедакция таңдауы

Абай музейінде Абай күні аясында тарихи жаңалық ашылды

Абай күні аясында Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығында бірқатар мәдени шаралар ұйымдастырылды.

Музей ауласындағы «Ұлы ақын ұлдарымен» ескерткішіне гүл қою рәсімінен бастау алып,  Абай оқыған медресе имамы, ақынның ұстазы Ризауддин Уәлитұлының жақында табылған зираты жайында «Білімдіден шыққан сөз…» тақырыбында дөңгелек үстелмен жалғасты. Дөңгелек үстелге бірнеше ай бойы қаланың ескі зиратындағы қабір тастарын зерттеген жергілікті тарихшы Мадияр Насыров және қаланың дінтанушы, тарихшы ғалымдары, мәдениет саласының өкілдері қатысты.

Ахметуәли әс-Семипулати хазіреттің хабарлауынша Риза хазіреттің медресесі қаладағы ең ірі оқу орындарының бірі болған. Солардың бірі Ахметуәли хазіреттің өзі (1833-1902). Риза-Ахмет медреселері елге белгілі болған. Ақын Абай Құнанбайұлына ұстаз болған осы екі хазіреттің бірі. Ахмет хазіреттің мешіті 1852 жылы ғана тұрғызылғанын ескерсек, Абай Риза хазіретте оқыды деп тұжырымдауға болады. Ахмет хазіретте оқығанының өзінде, Ахметтің өзін оқытқан осы Риза хазірет, – деп атап өтті тарихшы Мадияр Насыров.

Мереке қарсаңындағы тарихи жаңалық болған Абайдың ұстазының жерленген қорымы ескі татар бөлігі мен Шығыс кентінің ортасында орналасқан оң жағалаудағы Ертіс өзені бойындағы төбеде. Тарихшының айтуынша қорымның ортаңғы бөлігінде көбінесе діни қайраткерлер мен көпестердің қабірлері кездеседі.

Сондай-ақ мереке қарсаңында Ахмет Риза мешіт-медресесінде Абай оқыған авторлар мен ақын оқыған шығармалардың басылымдары қойылған  «Абай оқыған кітаптар» көрмесі таныстырылды.  Музей қорында Абай Құнанбайұлы оқыған Ахмет Риза медресесінің шатырынан 1940 жылдары табылған 252 кітабы сақтаулы. Сонымен қатар, ХІХ ғасырда басылған мыңнан аса орыс тіліндегі басылымдар, 500-ге жуық араб графикасындағы кітаптар бар. Сол кітаптардың бірқатары көрмеге қойылды.

Артынша суретші, кескіндемеші, академик, педагог, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері, Еуразиялық Дизайнерлер Одағының және ҚР Ұлттық Дизайн Академиясының мүшесі Төлеуғазы Байғалиевтің «Шыңғыстаудан сыр шерткен суретші» тақырыбындағы көрмесінің ашылу салтанаты өтті.

Айта кетер болсақ суретші Байғалиевтің Абай музейінің қорына тарту еткен 13 жұмысы сақтаулы.

 

Арай Талғатқызы

Абай музейінің жоғары дәрежелі маманы

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button