Спорт күні: Қазақстанда спорт қалай дамып жатыр?
Қазақстан Республикасының Бірінші Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2003 жылдың 15 қарашасындағы Жарлығына сәйкес тамыз айының үшінші жексенбісінде елімізде Спорт күні атап өтіледі.

Дұрыс жолға қойылған дене шынықтыру ойындары оқу-білім алуға бөгет емес, қайта бойды сергітіп, ойына жәрдем ететін нәрсе.
Ғабит Мүсірепов
Спорт – бұл адамның денсаулығын бекемдеп, жұмысқа қабілеттілігін арттырудың ең қолжетімді тәсілдерінің бірі, сондай-ақ адамдардың әлеуметтік әрекетінің бір саласы. Ол адамдардың әлеуметтік белсенділігін арттырып, қалыптастыруға ықпал етеді. Әлеуметтік, саяси және моральдік құрылымның көріну формаларының бірі ретінде қызмет етеді. Яғни, ол –қоғамның жалпы жағдайын айқындайды. Осының бәрі спорт және дене шынықтыру қоғам мәдениетінің табиғи бөлігі екендігін көрсетеді.
Дене шынықтыру және спортпен шұғылдану – бәрімізге қандай да бір жолмен кездесетін физикалық, моральдік және психикалық стресстермен күресуді жеңілдетеді. Сондай-ақ біздің өмірімізде бұлшықеттерді, қанайналым жүйесін, дененің күшін, төзімділігін жаттықтырады. Демек, иммунитетке, денсаулық жағдайына, жастық пен сұлулыққа оң әсер етеді, ұзақ жылдар бойы еңбек ету мен белсенді өмір салтын сақтау қабілетін сақтайды.
Әлеуметтанушылардың зерттеуіне сәйкес, жүйелі түрде спортпен шұғылданатын адам өмірдің қиыншылықтарына 2-3 есе оңай төзеді. Жұмыста, ұжымның қоғамдық өмірінде 15-20 %-ға белсенді, яғни шығармашыл, көпшіл, өзіне сенімді, жақсы нәтижелерге қол жеткізуге тырысатын адамдар. Ғалымдар тобы дене шынықтыру және спорттың адам өміріне әсерін зерттей отырып, адамдардың дамуы мен тәрбиесіне прогрессивті әсер ететін және адам бойындағы қасиеттерді жетілдіру туралы көптеген маңызды әлеуметтік және биологиялық қорытындылар жасады.
Стресске, экономикалық құлдырауға, уақыттың жетіспеушілігіне, нашар экологияға толы өтпелі өмірде өзіміздің жанымызды тыңдап, денсаулығымызды уақытылы дұрыстап, дені сау, бақытты адам ретінде өмір сүру керек. Жастықты ұзартудың және ұзақ уақыт бойы әдемі болып қалудың жалғыз жолы – бұл спорт және дене шынықтыру. Сондықтан денсаулық, деннің сұлулығы, ішкі энергия, рухани үйлесімділікті дамытуды бала кезден ойлау керек.
В.С. Хагай, И.В. Барсагаева сынды заманауи ғалымдар спортпен жүйелі түрде шұғылданатын студенттер емтиханды сессияны елемейтіндерге қарағанда 5-7 %-ға сәтті тапсыратынын алға тартады. Бұл туралы бұрынғы ғалымдардың да өзіндік пайымы болды, мысалы, спорт тіпті ежелгі дәуірде де оқу бағдарламасына енгізілген (жасөспірімдер мен жастар тек философияны оқып қана қоймай, сонымен қатар белсенді түрде жаттығатын болған). Неміс философы, әлеуметтанушы және саясаткер Карл Маркс: «Білім беруде біз үш нәрсеге назар аударуымыз керек: Бірінші, ақыл-ой тәрбиесіне, екінші, гимнастикалық мектептерде және әскери жаттығуларда берілетін дене тәрбиесіне, үшіншіден, барлық өндірістік процестердің негізгі принциптерін қамтитын және сонымен бірге жасөспірімге барлық салалардың ең қарапайым құралдарын өңдеу дағдыларын үйрететін техникалық дайындыққа», – деді. Яғни, сол кезде де спортқа оқу-ағартумен бірдей көңіл бөлінді. Қазірдің өзінде кез келген колледжерде, ЖОО-ларда дене шынықтыру сағаттары бар.
Қазір тістеріндегі темекі мен қолындағы сыра бөтелкесі «керемет» деп саналатын уақыт қайтымсыз кетіп, көптеген жастар дұрыс тамақтану мен спортпен айналысуды трендке айналдыра бастады. Жастар арасында салауатты өмір салтын ұстану, спортпен шұғылдану феноменге айналды десек те болады.
«Дені саудың – жаны сау» демекші кез келген елдің болашағы халқының денсаулығына байланысты. Ал әрбір елдің басты міндеті – денсаулығы бекем ұлт қалыптастыру.
Қазақстанда спорт саласы қалай дамып жатыр?
Қазақстанда спорт саласы кең қолдауға ие және әрбір қазақстандықтың күнделікті тұрмысы мен өмірінде ерекше орны бар. Салауатты өмір салтын ұстану, спортты дамыту – ұлт денсаулығы, қылмыстың деңгейі, халықтың әлеуметтік әл-ауқаты, елдің имиджі, ел игілігі үшін маңызды мәселелер кешенінің шешімі екені анық дүние. Сондықтан елімізде спорт саласын дамыту аса маңызды.
Елде спортты одан әрі дамыту, бұқаралық спорт қозғалысын кеңейту, спорттағы жетістіктерді ынталандыру, халық арасында дене шынықтыру-сауықтыру жұмысын жандандыру бойынша жағдайлар жасалып келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында өскелең ұрпақтың спорттық және шығармашылық әлеуетіне, сондай-ақ балалар үйірмелерінің қызметін қайта бастау және спорт секцияларын ашуға баса назар аудару қажеттігін айтқан болатын.
2021 жылы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында да: «Халықтың спортпен шұғылдануына жағдай жасалуы қажет. Облыс әкімдері спорт инфрақұрылымын біртіндеп салуды қамтамасыз етуге тиіс», – деп атап өткен еді.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2020 жылғы 30 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына түзетулер енгізілді.
Биыл «2020 жылы Қазақстан Республикасының дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасының» 1-кезеңін іске асыру мерзімі аяқталды.
Сонымен 2023 жылға дейін істелген жұмыстардың нәтижелерін талдасақ: дене шынықтыру және спорт саласындағы бұқаралық спортты одан әрі дамытуды көздейтін заңға өзгерістер, спорт түрлерін рейтингтеу және оларды қаржыландыру жүйесі енгізілді, қолданыстағы білім беру ұйымдарының базасында жаңа объектілер салуды, жаңғыртуды және қосымша жарақтандыруды қамтитын спорттық инфрақұрылымды дамыту жоспарының жобасы дайындалды, балабақшалар, мектептер мен колледждердің дене шынықтыру мұғалімдері үшін қосымша ақы белгіленді, мектептер мен колледждер қызметкерлерінің жалақысы 25% – ға көтерілді, спортшылардың спорттық этикасы жасалып, бекітілді, кебір ұлттық спорт түрлері: қазақша күрес, тоғызқұмалақ, жыртқыш құстармен аң аулау – ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізілді.
Бұқаралық спорттың дамуы
Бұқаралық (аула) спорттың дамуы салауатты өмір салтын қалыптастыруда таптырмас тәсіл. Спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуы – жастар арасында саламатты өмір салтын насихаттап, сау әрі саналы ұрпақты қалыптастыруға ықпал етеді. Елімізде ұлт денсаулығын бекемдеу мақсатында бұқаралық спорт түрлері де қолға алынды.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің деректері бойынша 2020-2022 жылдары елімізде бұқаралық спортпен айналысатын азаматтардың саны 31,4%-дан 38,4%-ға өсті.
Соңғы жылдары елімізде бұқаралық спортты дамыту, оны жастар арасында насихаттау мақсатында VII халық ойындары, IV ауыл жастары ойындары, «Қолжетімді спорт» жобасының II кезеңі, «Тұран Барысы» Азия кубогы, «Ұлы дала жорығы» бірінші республикалық марафон-бәйгесі өткізілді.
Сонымен қатар жыл сайын республика бойынша 1,2 млн адамның қатысуымен 25 мыңнан астам спорттық іс-шаралар өткізілді. Соңғы жылдары әсіресе жастар арасында кеңінен танылған: түрлі марафондар, фестивальдар және т.б.
Дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
Биыл Қазақстан Республикасы Үкіметінің 28 наурыздағы № 251 қаулысымен «Қазақстан Республикасының дене шынықтыру мен спортты дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» қабылданды.
Қабылданған тұжырымдамада Ұлттық құрама командалардың, еліміздің спорт резервінің үздіксіз даярлығын қамтамасыз ету мақсатында қазақстандық топтардың құрамы халықаралық аренада жоғары дәрежелі спортшылармен толықтырылып, спорттық дайындықтан өтетін адамдардың спорттық шеберлігінің сапалы деңгейі қамтамасыз етіледі, сондай-ақ балалардың және жасөспірімдердің спорт секцияларына тең қол жеткізуі, ауылдық жерлерді спорт инфрақұрылымдарымен 100% қамту, спортшыларды даярлайтын спорт ұйымдарындағы бағдарламар мен стандарттарды бір сарынға келтіру, дене шынықтыру және спорт саласын толық цифрландыру, жаттықтырушыларға үстемақы беру, әр ұлттық құраманың спорттық дәрігерлермен қамту (травматолог, реабилитолог, нутрициолог, спорттық медицина бойынша физиотерапевт, спорттық психологтар, массаж жасаушылар және т.б.) қарастырылған.
Сондай-ақ тұжырымдамада халыққа, оның ішінде балалар мен жасөспірімдерге дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысуды жаппай насихаттау арқылы дәріптелетіні баяндалған. Қазақстан бойынша 2029 жылға дейін спортты насихаттау және дене белсенділігіне тренд енгізу мақсатында азаматтардың барлық санаттары арасында жыл сайын 20 мыңнан астам спорттық іс-шаралардың өткізілуі жоспарланып отыр. Оның ішінде мемлекеттік қызметшілер, медицина қызметкерлері, БАҚ, қаржы құрылымдары сияқты ұжымдардың арасында спартакиадалар ұйымдастырылады.
Көзделген шараларды іске асырудың арқасында дене шынықтыру мен спортпен жүйелі түрде айналысатын балалар мен жасөспірімдердің үлесі 2029 жылы 45 %-ға дейін, жалпы азаматтардың үлесі 73 %-ға дейін (оның ішінде спортпен шұғылдануға қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдардың үлесі 23 %-ға дейін), сондай-ақ ұлттық спорт түрлерімен айналысатын азаматтардың үлесі 9,6 %-ға дейін өседі, ал халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі 2023 жылғы көрсеткіш бойынша – 52 % болса, 2029 жылға дейін 1000 адамға шаққанда – 65%-ға ұлғайтылады деп көрсетілген.
Жалпы тұжырымдамада баяндалған негізгі тәсілдер – дене шынықтыруды, бұқаралық спортты, спорттық инфрақұрылымды арттыруға, спорттық резервті қалыптастыруға бағытталған. Мұндай тәсілді тиімді іске асырудың міндетті шарттары: дене белсенділігіне тренд енгізу, ел азаматтарын салауатты өмір салтын ұстануға, спортпен жүйелі түрде айналысуға шақыру, дамыған спорттық инфрақұрылымға қол жеткізу, сондай-ақ қазақстандық спорттың әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беретін қолайлы жағдай жасау.