ЖаңалықМақалаРедакция таңдауы

Ақмола облысында «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» тақырыбында кездесу өтті

Бүгін Ақмола облысы Зеренді ауданында «Сұңқар» СК Жастар ресурстық орталықтарының 10 жылдығына арналған «Жастар Академиясы» республикалық слеті аясында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің қатысумен «Әділетті Қазақстан - Адал азамат» атты диалогтық алаңы өтті, деп хабарлайды ruh.kz тілшісі.

Аталған жиынға ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Төрағасы Дархан Жазықбаев, Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов, «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек қатысты.

Кездесу барысында министр азаматтық қоғамды дамыту, жастар саясаты мен әділетті Қазақстанды қалыптастыру жолындағы адал азаматтың рөліне ерекше тоқталып өтті.

«Мемлекет тарапынан жастарды қолдауға айырықша назар аударылып келеді. Биылғы Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында Мемлекет басшысы: «Жас ұрпақ тарих тағылымын және елдің жарқын болашаққа ұмтылысын бір арнаға тоғыстырып жатыр. Осы серпілістің қарқынын сақтай отырып, оны күшейте түсу – мемлекеттің міндеті», – деп атап өтті.

Бүгінгі алқалы жиынның жастарға арналуының да өзіндік мәні зор. Адал және әділ деген сөздер түбірлес. Әділет ұғымы адалдықтан басталады. Адалдық жас кезден бойға сіңеді. Сондықтан, адал азаматтар әркез әділетті қоғамның іргетасын қалайды», – дейді Д.Қыдырәлі.

Академия аясында жастар ресурстық орталықтары қызметін жетілдіруге бағытталған стратегиялық сессия, «Tool fair» жастар ресурстық орталықтарының үздік жобалар жәрмеңкесі, «Жастар саясаты: өңірлік аспект», «JRO Level Up», «Media.PR» тренингтерін өткізу жоспарланып отыр.

 

«Жастар ресурстық орталықтарын оқытатын курс ешқандай жерде жоқ. Сондықтан біліктілігімізді арттыру біз үшін өте маңызды. Осы жиынды ұйымдастырған аталмыш министрлікке ризашылығымды білдіремін. Бұл жастарға берілген үлкен қолдау деп білемін», – дейді  Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданынан келген Әсел Бердібаева.

Академия жұмысының нәтижесінде жастарды жан-жақты қолдауға бағытталған тың идялар талқыланып, әлеуметтік маңызды жобалардың бірыңғай тізімі бекітілді, сондай-ақ жастар ресурстық орталықтарының жұмысын жетілдіруге бағытталған шешімдер қабылданады.

Меирхан Шыңғысхан

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button