Жаңа студенттер үйі ашылды
Ө. Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің студенттері,магистранттары және докторанттары үшін жаңа үлгідегі жатақхана өз есігін ашты. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Еліміздің үшінші мегаполисінде жылдан жылға студент жастардың саны артып келе жатқандықтан жатақхана тапшылығын шешу – өзекті мәселелердің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында осы мәселеге ерекше тоқтала кетіп: «Келесі маңызды мәселе – студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету. Бұл түйткілді шешу үшін жоғары оқу орындарымен және құрылыс компанияларымен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орнату тәсілін барынша енгізу керек» деген болатын.
Ел Президентінің осы тапсырмасын орындау аясында «Inter Press BK» компаниясы 2022 жылдың қараша айында 500 орындық заманауи жатақхананың құрылысын бастап, жаңа оқу жылына дайын етіп берді. Қонақ үй типтегі жатақхана іші толығымен жиһаздалған. Жеті қабатты ғимаратта 2, 3 және 4 адамға лайықталған 160 жатын бөлме бар. Әр бөлме санитарлық тораппен (душ бөлмесі, дәретхана) жабдықталған. Студенттерге ыңғайлы болу үшін 14 арнайы бөлмеге кір жуатын машиналар орнатылған. Бұдан бөлек 14 ас дайындайтын бөлме, 2 тренажер залы, демалыс және оқу бөлмелері бар. Студенттер, магистранттар мен докторанттарға арнап салынған жатақханада лифт жұмыс істейді. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау жүйесі де орнатылған.
Заманауи үлгідегі студенттер үйінің Ө.Жәнібеков атындағы ОҚМПУ жанында орналасуы білімгерлер үшін өте ыңғайлы. Кең әрі жарық бөлмелер білім іздеген әрбір жанның зейінін ашары сөзсіз!