ЖаңалықРедакция таңдауы

Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары: Сарапшы пікірі

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдауын жариялады.

Президенттің «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған экономикалық дамудың жаңа парадигмасы, Қазақстанның Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталыққа айналу шарттары туралы ҚҚДИ сарапшысы Бауыржан Серікбаев тарқатып айтты, деп хабарлайды Ruh.kz тілшісі.

Қазақстанның басым тұстарының бірі – аграрлық сектор. Еліміз астық экспорттаудан әлемдегі жетекші елдердің қатарында. Президент алдағы уақытта аграрлық сектордағы өңделген өнім үлесін 3 жылда 70%-ға жеткізу міндетін қойды. Бұл – үлкен жоба. Өнімді тікелей сатқаннан пайдасы артық түсетіні белгілі. Сондай-ақ өнім өндіру еңбек нарығында жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді.  Аграрлық секторды дамыту ғылыми-технологиялық жаңалықтарды енгізумен тікелей байланысты. Сондықтан да осы тұста Мемлекет басшысы отандық және әлемдік ғылыми орталықтармен бірлесе жұмыс істеу қажеттігін атап өтті, – деді Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшы.

Оның айтуынша, географиялық орналасуымыз әлемнің үлкен нарықтарына тікелей немесе көлік-логистикалық потенциалды пайдалана отырып, оңтайлы шығуына мүмкіндік береді.

Осы тұста жолдауда алдағы 3 жылда көлік-логистика саласының ІЖӨ-дегі үлесін 9%-ға арттыру міндеті қойылды.

Жолдауда көтерілген мәселелерге кешенді талдау жүргізсек әрбір бастаманы прагматикалық тұрғыда, бір-бірімен өзара тығыз байланыста дамытуға басымдық берілгенін аңғаруға болады, – деді  Бауыржан Серікбаев.

Үкімет алдына жыл сайын экономиканың даму тенденциясын 6-7%-дық деңгейге шығару міндеті қойылды. Сонымен қатар 2029 жылы ІЖӨ көлемін екі есеге ұлғайтып, 450 млрд долларға жеткізу мақсаты белгіленді. Президент 2026 жылғы қарай IT саласы қызметтерінің экспортын 1 млрд долларға жеткізуді міндеттеді.

Қазақстан халқының мүмкіндігі, жастарымыздың потенциалы мен ерік-жігері осы мақсатқа жетуге толық негіз бола алады. Бұл үлкен жұмысты қажет етеді, дегенмен Қазақстанның мүмкіндігі жететін меже деп ойлаймын, – деді сарапшы Бауыржан Серікбаев.

Сонымен қатар сарапшы Мемлекет басшысының тапсырмаларын ел болып еңсеретінімізге сенім білдірді.

Байқасаңыз жолдауда отандық өнімді қолдау, нақты өнім өндіретін секторларды дамыту, республикамыздың көлік-логистикалық мүмкіндіктері мен аграрлық сектордағы артықшылықтарын барынша эффективті пайдалану, еліміздің технологиялық дамуы сынды бастамалар қолға алынды. Үкімет, жергілікті басқару органдары, жалпы ел азаматтарымен бірлесе жұмыс істей отырып, бұл басымдықтарды іске асырамыз деген сенімдемін, – деп түйіндеді ҚҚДИ сарапшысы Бауыржан Серікбаев.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button