Заман ағынына ілесуге көмектесетін заманауи тенденция қандай?

Адамдардың үнемі өзін-өзі жетілдіруі, білімі мен кәсіби біліктілігін арттыруы, түрлі қызығушылықтар қалыптастыруы – бүгінгі заман талабы. Қазіргі кезде ақпараттың білімге трансформациялану процесінің ерекше рөлі ақпараттық қоғамды – білімді қоғам ретінде сипаттайды. Сондықтан да бүгінгі қоғам өзін-өзі жетілдіріп отыруды талап етеді.
Бүгінде өзін-өзі жетілдіремін, білімін дамытамын дейтін адамдарға ақпараттың бәрі қолжетімді. Кәсіби біліктілікті арттыру қызметтерінің де ауқымы кең. Әрдайым өзін-өзі жетілдіріп отыру – «заман ағынына» ілесуге көмектесетін заманауи адам өмірін айқындаушы байлығы.
Өздеріңіз білетіндей, адам баласы дүние есігін ашқанда ешқандай дағдысы, бұл өмір туралы түсінігі болмайды. Есейіп, ес білген сәттен бастап бірте-бірте қоршаған ортасын танып, дүниетанымын кеңейтіп, білімін жетілдіре бастайды. Білімнің арқасында өз ұстанымдары мен мақсаттарын қалыптастырады. Адам білімді өмір бойы жинақтайды: сәби кезінен бастап, балабақша, мектеп, институт, жұмыс орындарына дейін. Жалпы өмірлік кезеңдердің барлығы адамның дамуына, шыңдалуына бағытталған.
Адам өзіне қажетті білімді қайдан алады? Әрине, әртүрлі мемлекеттік және жеке ұйымдар – балабақшалар, мектептер, институттардан ала алады. Дегенмен соңғы бірнеше жылда жастар арасында өзі ізденіп, өз қалауы бойынша алған білім құнды болып есептеледі, яғни өзін-өзі жетілдіруді жөн көреді.
Бұл дегенміз – адамдардың мектеп, колледж, университет қабырғасынан алған білімдерінен бөлек, өздерінің қызығушылықтары мен бейімділіктеріне қарай түрлі ақпарат көздерінен (тренинг, семинар, жеке консультация, интернет ресурс және т.б.) өздігінен ізденіп, білім алуы.
Жеке қызығушылығына қарай ақпараттарды өз бетінше меңгеруі, қажетіне қарай ғылым, техника, мәдениет, жалпы саяси өмірдің кез келген саласы бойынша білімін арттыруы, белгілі бір қызмет түрін тереңірек зерттеуі – өзін-өзі жетілдірудің құралы деуге болады. Бұл құралдар – мақсаттылықты, табандылықты, ішкі ұйымшылдықты, еңбекқорлықты және басқа да адамгершілік қасиеттерді дамытуға ықпал етеді. Өзін-өзі жетілдірудің негізгі формасы ретінде ғылыми, технологиялық, әлеуметтік, экономикалық жаңалықтарды, жалпы ақпараттарды меңгеруді атауға болады. Сондай-ақ өзін-өзі жетілдіру әртүрлі көмекші құралдарды қолдану мүмкіндігін қарастырады: лекцияларды, баяндамаларды, подкасттарды, тренингтерді тыңдау, мамандардан кеңес алу, тарихи, деректі фильмдерді, телешоуларды көру, мұражайларға, көрмелерге, галереяларға бару, практикалық іс-әрекеттің түрлері – эксперименттер, жобалау, модельдеу және т.б.
Әр адам даму, өсу қабілеттерімен туылатындығы белгілі. Осы қабілеттердің арқасында белгілі бір қоғамда өскен адам сол ортаға бейімделіп, жоғары беделге ие болуға, табыстар мен мақсаттарға жетуге, өзін қажет нәрселермен қамтамасыз етуге ұмтылады. Ал өзін-өзі жетілдіру – оның кілті болып есептеледі.
Тәжірибе көрсеткендей, табысты адам басқа адамдарға қарағанда көбірек ақпаратқа ие болуымен ерекшеленеді. Сондықтан да ол мансабын оңай құрып, мақсатына қысқа мерзімде жетеді. Бірақ бізге берілгеннен бөлек ақпаратты, білім мен дағдыларды қалай жинақтауға болады?
Кәсіп түрлеріне арналған материалдарды жүйелі түрде оқып-үйрену, қызмет саласын кеңейту, қажетті мәліметті өз бетінше зерделеу арқылы барынша ақпаратқа ие болу – міне, адамның әлеуетін ашуда жаңа мүмкіндіктер беретін білім көзі осы. Дәл осы тәсілдер адамның басқалардан ерекшеленуіне, өзгермелі ортаға тез бейімделуіне мүмкіндік береді.
Бүгінде кәсіби қызметкер болу – ақпараттық ресурстар мен технологиялардың өзгеруіне байланысты ұтқырлық таныту. Біз кәсіби дағдылар мен ақпараттардың жаңаруын, жұмыстың басқа нысандары мен әдістерін, сабақтас ғылымдардың теориялық білімдерінің пайда болуын, яғни дамудың жаңа сатысын көріп отырмыз. Бұл процестерге ілесу үшін адам үнемі білім алып отыруы керек. Әрбір кәсіби қызметкерге қойылатын міндеттер де осыны талап етеді.
Дәл қазіргі кезде, әсіресе, жастардың арасында «Өмір бойы білім алу керек» деген принципті ұстанатындарды жиі кездестіруге болады. Ақпараттық технологиялар мен экономикалық өзгерістер білім беру құрылымы мен еңбек нарығын өзгертіп жатқан әлемде өзін-өзі жетілдіру қабілеті жастар үшін табыстың басты факторы болып қабылданатығын қазіргі көптеген ғылыми зерттеулер көрсетіп отыр. Бұл – кәсіби қызмет барысында жаңа білімді игеруге деген талпынысты көрсетеді. Кәсібіне ден қойған, «үйренемін, білімімді арттырамын» деген адам жақсы нәтижеге, белгілі бір дағдыға қол жеткізетіні сөзсіз. Ол үшін бүгінгі заманның үш негізгі талабын ескеру керек:
- Ақпараттандыру процестерінің, әлеуметтік-экономикалық реформалардың әсерінен болатын кәсіби ортадағы өзгерістерді ескеру, жаңа технологияларды белсенді түрде игеру;
- Шығармашылығы шыңдап, үнемі ізденісте болу, білімі мен дағдыларын жаңғырту және өзінің кәсіби біліктілігін арттыру бойынша жұмыс жасау;
- Жеке тұлға ретінде қалыптасуы мен дамуы жолында жүйелі түрде өзін-өзі жетілдіру әдістерін қолдану.
Жалпы өзін-өзі жетілдіру қажеттіліктер негізінде туындайды. Қызметінде, күнделікті өмірде, әлеуметтік ортада өзін жеке тұлға ретінде қалыптастыру және бойында белгілі бір қасиеттерді дамыту процесінде жүзеге асады. Дәлірек айтқанда, өз білімінің деңгейіне, қызметінің сапасына (мотивіне) көңілі толмай, саналы түрде қайта даярлауға, одан әрі кәсіби өсуге қажеттілік негізінде туындайды. Осыған сүйене отырып, өзін-өзі жетілдірудің 4 түрін анықтауға болады:
- Тұрмыстық – күнделікті өмірде қажетті әлеуметтік тәжірибені меңгеруі (бос уақыт пен демалысты қоса алғанда);
- Танымдық – қоршаған ортаны тануы;
- Тұлғалық – идеалға сәйкес тұлғаның қасиеттері мен дағдыларын өзгертуі (физикалық, интеллектуалдық, рухани, адамгершілік жағынан);
- Кәсіби – кәсіби құзіреттілік пен әлеуметтік маңыздылықты сақтауға және жетілдіруге бағытталған.
Өзін-өзі жетілдірудегі мақсат әртүрлі болуы мүмкін:
- Қандай да бір қызмет түріне немесе белгілі бір мәселенің шешу жолын табуға әуестеніп, өз алдына оны жетік меңгеру мақсатын қоюы мүмкін;
- Белгілі бір бағытта өзін-өзі жетілдіру, яғни қызметке белгілі бір саланы меңгеру, біліктілігін арттыру мақсатында орналасу және жинаған дағдыларын одан әрі пайдалану;
- Мақсатты өзін-өзі жетілдіру, яғни өз алдына белгілі бір міндеттерді қойып, оларды шешу арқылы әлеуетінің деңгейін айқындау мақсатын қоюымен байланысты.
Адамдардың кәсіби тұрғыда өзін-өзі жетілдіруіне көп нәрсе мотивация бола алады. Ол мотивациялар адамның тұрмысына, болмысын, біліміне қарай және т.с.с. бірнеше жеке факторларға байланысты ерекшеленеді. Дегенмен негізгі, көп кездесетін мотивтерді бөліп көрсетуге болады:
- табыс мотивтері;
- кәсіби қиындықтарды еңсеру мотивтері;
- материалдық әл-ауқатты жақсартуға бағытталған мотивтер;
- мансаптық мотивтер.
Жоғарыда атап өткендей, өзін-өзі жетілдіру деген сөзбен білім мен дағдыларды кеңейту, кәсіби деңгейді арттыру көзделетіндіктен, алдына нақты мақсат қоймай, не мәселені айқындамай, не белгілі бір процестің негізгі яки маңызды бөлігін назарға алмай оны бастау мүмкін емес.
Қазіргі заманғы пайдаланушылардың көбі желі ресурстарын тиімді пайдаланбайды. Көптеген адамдар әлеуметтік желілерде тривиальды фотосуреттерді, бейнелерді қарауға немесе басқа пайдаланушылармен сөйлесуге өз уақыттарын жұмсайды. Осыдан, өзін-өзі жетілдіру процесін жүзеге асыру үшін кейбір қажетті дағдылар туралы қорытынды жасай білу керек. Біріншіден, адамға концентрациялық және абстракциялық дағдылар қажет. Адам көп ақпаратқа қол жеткізе алатындықтан, басты нәрсеге зейін қойып, талдау жасай білу керек. Басқаша айтқанда, медиа сауаттылық дағдылары бүгінде жай ғана қажет емес, міндетті. Сондай-ақ өзін-өзі жетілдірудің ең маңызды дағдысы – тәуелсіздік. Тәуелсіздік екі негізгі аспектіде жатыр – мақсат қоя білу және оған қол жеткізу.
Дэн Вальдшмидт «Будь лучшей версией себя» кітабында мақсаттарға жетудің негізгі стратегиялары туралы жазған. Оның ойынша, бұл – өзінің іс-әрекетін талдаудан, басқаларды және әлемді танудан, ең жақсы дағдыларды жетілдіруден және білмейтінін үйренуден тұратын тәртіп пен өзін-өзі жетілдіру. Дэн Вальдшмидт өзін-өзі жетілдіру жоспарын құрудың маңыздылығы туралы айтады: «Өзгеріс неғұрлым үлкен болса, жоспар соғұрлым кеңірек және егжей-тегжейлі қарастырылуы керек». Сондай-ақ еңбегінде тәртіп пен өзін-өзі жетілдірудің арқасында керемет жетістікке жеткен әртүрлі спортшылар, саясаткерлер, аспаздар және ғарышкерлер туралы мысалдар келтірген.
Өзін-өзі жетілдіру жолы адамның жақсырақ болуға ұмтылуынан бастау алады. Сондықтан балалардың бойында осы ниетті, сонымен қатар өзін-өзі жетілдіруге қажетті дағдыларды қалыптастыру маңызды.
Бүгінгі қоғам – адамзат тарихындағы жылдам әрі түбегейлі өзгерістер заманында өмір сүріп жатыр. Ғылым, техника, өндіріс бір орнында тұрмай, үнемі дамып, жетіліп, білімнің көлемі жыл сайын артып отыр. Қисапсыз дүниеге қол жеткізуде бір ғана білімді қажет еткен өмір салты жаңа өмір сүру деңгейімен алмасты. Ғалымдардың пайымдауынша, адамзаттың білімі әр он жыл сайын екі есе артып келеді. Бұл – ғылым мен техниканың заманауи жетістіктері деңгейінде болғысы келетін және рухани дамуда артта қалғысы келмейтін кез келген маманды біліміне, мамандығына, жасына қарамастан, өзін-өзі жетілдірумен айналысуға міндеттейді. Адам өз кәсібі туралы неғұрлым көбірек ақпарат білсе, соғұрлым үлкен көлемдегі және әртүрлі спецификадағы жұмысты табысты орындай алады, яғни еңбек нарығында соғұрлым бәсекеге қабілетті, құнды қызметкер болады.
Жалпы 21 ғасыр тұлғасы – бұл жан-жақты дамыған, жан дүниесі бай, рухани кемелденуге ұмтылатын, сондай-ақ жүктелген міндеттерді жүзеге асыру үшін ең тиімді әдістерді, құралдарды және технологияларды қолдана білетін адам. Сондықтан да әрдайым өзін-өзі жетілдіріп отыру маңызды.