ЖаңалықРедакция таңдауы

Астанада құсбегіліктен халықаралық турнир өтті

Елорда іргесіндегі Софиев ауылында Күнтуған Тоқтыбайұлы атындағы құсбегіліктен халықаралық турнир өтті, деп хабарлайды Ruh.kz.

Екі күнге созылған тартысты сайысқа еліміздің құсбегілермен қатар Қытай, Моңғолия және Қырғызстан елдерінен келген құс баптаушылар да қатысты. Халықаралық турнир биыл Астана төрінде 6-шы рет ұйымдастырылып отыр. Жарыста әлем чемпионатының жеңімпазы Серікболсын Жалғасұлы, Азия чемпионатының жеңімпазы Арман Қошқаров сынды елордалық спортшылар өз бақтарын сынады.

Халықаралық доданың ашылу салтанатына Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Еркеғали Корбозов, Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры Бақдәулет Сабитов және Республикалық құсбегілік федерациясы вице-президенті Жанжігіт Омархан қатысып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттады.

Марқұм құсбегі Күнтуған ақсақалдың құрметіне арналған турнир 2016 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Жыл санап халықаралық турнирдің деңгейіне көтеріліп, еліміздің абыройын асқақтата қазақ құсбегілерінің мәртебесін көтерді. Басты мақсатымыз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бұқаралық спортты дамытуға қатысты тапсырмаларын орындап, жас ұрпаққа ұлтымыздың ұлық өнерін дәріптеу, – деді басқарма басшысының орынбасары Еркеғали Корбозов.

Турнир қаршыға, ителгі және бүркіт сайыстарын қамтыды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған жарыс келер жылы елордада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысатындар үшін дайындық болды.

Турнир қорытындысы бойынша қаршыға сайысында түркістандық Төлемырза Паңның «Тұйғыны» бірінші орын алды. Алматы облысынан келген Аян Сейітжанның «Көкжендеті» екінші, атыраулық Арман Қошқаров баптаған «Ақсеңгір» үшінші орынға ие болды.

Ал ителі сайысында елордалық Ерасыл Серікбекұлының «Қаракөзі» үздік атанды. Екінші және үшінші орындар қарағандылық Таңат Оспанқұлов баптаған құстардың еншісінде.

Сондай-ақ бүркіт сайысында бірінші орынды атыраулық Арман Қошқаров жеңіп алды. Екінші орын елордалық Ерасыл Серікбекұлына бұйырса, ақмолалық Ерлан Кенжетаев тұғырда үшінші көрінді.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button