24 жылда Қазақстан Конституциясының қай тұстары өзгерді?
Бұл - Қазақстанды Президенттің басқаруындағы мемлекетке айналдырған Конституция. Биыл еліміздің негізгі заңындағы "Астана" атауы "Нұр-Сұлтан" деп ауыстырылды.
Қазақстан Республикасының Конституциясына 24 жыл толды. Елдің негізгі заңы 1995 жылы 30 тамызда қабылданды.
Конституцияны қабылдау үшін бүкілхалықтық референдум өтті. Еліміздің 8 миллионнан астам азаматы 10 253 сайлау учаскесінде дауыс берді.
Осыдан кейін Конституцияға адамның ажырамас құқықтарына қатысты жан-жақты нормалар тұңғыш рет енді. Алдыңғы Конституциялардан негізгі артықшылығы – Қазақстан Республикасын Президенттің басқару нысанындағы біртұтас мемлекет етіп бекітуі. Осылайша Президент саяси жүйенің ең басты тұлғасына, орталығына айналды.
Конституция жалпы ережелерден, “Адам және азамат”, “Президент”, “Парламент”, “Үкімет”, “Конституциялық кеңес”, “Соттар және сот төрелігі”, “Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару” бөлімдерінен, қорытынды және өтпелі ережелерден тұрады.
Қазақстан Конституциясында сөз бостандығы мен адам құқығы мінсіз қорғалатыны айтылған.
Сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі. Цензураға тыйым салынады. Әркімнің заң жүзінде тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпарат алуға және таратуға құқығы бар. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиясы болатын мәліметтер тізбесі заңмен белгіленеді. Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, соғысты, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық астамшылықты, сонымен бірге қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды насихаттауға немесе үгіттеуге жол берілмейді. 20-бап.
Халықтың өмірі, елдің дамуы, қоғамның жаңаруы мен саясаттағы бетбұрыстар Қазақстан Конституциясының бірнеше рет өзгеруіне себеп болды. Негізгі заңға 1998, 2007, 2011, 2017 және 2019 жылдары өзгеріс енгізілді. Олар Президенттің, Сенат пен Мәжіліс депутаттарының өкілет мерзіміне, мемлекеттік қызметшілердің жас шамасына, Қазақстан халқы ассамблеясы қызметіне, Парламенттің төменгі палатасын қалыптастыру мен Президентті сайлау процесіне және басқа да маңызды мәселелерге қатысты болды.
2017 жылы Конституцияға ел астанасы шегінде қаржы саласы бойынша ерекше құқықтық режим белгілеу, азаматтықтан айыруға терроризм қылмысын жасағаны және республиканың өмірлік маңызы бар мүдделеріне өзге де ауыр зиян келтіргені үшін соттың шешімімен ғана жол беру, Президент ретінде сайланушыға қойылатын талаптардың қатарына жоғары білімнің болуын қосу сияқты түзетулер енді. Ал биыл еліміздің негізгі заңындағы “Астана” атауы “Нұр-Сұлтан” деп ауыстырылды. Бұған қоса, саяси өзгерістерге байланысты Конституция баптарына бірнеше рет түсінік берілді.
Республиканың әкімшілік-аумақтық құрылысы, оның елордасының мәртебесі заңмен белгіленеді. Қазақстанның астанасы – Нұр-Сұлтан қаласы. 2-бап.