29 жыл. Спорт жетістігі
Қазақстанның спорт саласы күн сайын дамып, әлемнің талай ареналарында көк байрағымыздың желбіреп жүргенін көрмей тұру мүмкін емес. Тәуелсіздігімізді алғалы бері, 29 жылдың ішінде спорттағы жеткен жетістіктерімізді жинап, қысқаша дерек беруге тырыстық. Әрине, Қазақстанның Ұлттық құрамасының жеткен жетістіктері сан алуан. Дегенмен мәліметтің артығы болмас?..
1991 жыл.
Тәуелсіздіктің бірінші жылы Қазақстан спорт тарихы үшін КСРО-ның дәуірлеген кезеңі. Ол уақытта КСРО-ны басып озу әлемді бағындырумен тең еді. Солардың біріне Татарстан Республикасында бокстан өткен чемпионатты жатқызуға болады. Жарыстан жүлделі оралған спортшыларымыз: Болат Теміров, Бектас Әбубәкіров, Кәміл Хабибрахманов, Игорь Шашкин, Николай Кульпин және т.б.
1992 жыл.
7-16 ақпан аралығында Ресейде «Біріккен құраманың» алғашқы спорттық сайысы өтті. Додаға 12 елден 236 боксшы қатысып, Қазақстан Ресейден кейінгі орынды иеленді. Яғни еліміздің қоржыны 4 алтын, 5 күміс, 2 қолаға толықты. Егемендіктің алғашқы жылдарында спорт саласынан биікке шыққан спортшыларымыз: Жұмаділов, Болат Теміров, Кәміл Хабибрахманов, Аркадий Топаев, Сұлтан Абдуразаков, Бектас Әбубәкіров, Марадек Жүсіпов.
1993 жыл.
1993 жылы Словенияда әлем чемпионаты өтіп, оған еліміздің хоккей құрамасы қатысты. Нәтижесінде Қазақстанның алғашқы чемпион атағын Өскемендік Торпедо атты командасы еншіледі.
Сол жылы елімізде алғаш рет спорт федерациясы құрылды. Сондай-ақ біздің федерация FISU мүшесі болып, бірінші рет 16-шы Қысқы Универсиада ойындарына қатысты. Польша мемлекетінің Закопане қаласында өткен ойында хоккей командамыз тұңғыш рет күміс медальге ие болды.
1994 жыл.
12-27 ақпан аралығында Норвегияда XVII қысқы Олимпиада ойындары өтті. Қазақ жұрты алғаш рет дербес мемлекет ретінде қатысып, қанжығасына 4 медаль байлап қайтты. Олардың төртеуін де шаңғышы Владимир Смирнов алды. Есеп бойынша, еліміз 12-ші орынды иеленіп, қазақ жұртын дүние жүзіне танытты.
1994 жылы 2-6 қазан күндері Жапонияда XII Жазғы Азия ойындары өтіп, спортшыларымыз елге 77 медальмен оралды.
1994 жылы Тайландта бокстан өткен Әлем кубогында қарағандылық А. Топаев алтын медаль, К. Шағатаев күміс медаль, Б. Ниязымбетов пен В. Шторм қола жүлдеге ие болды.
Сондай-ақ сол жылы Қазақстан футболдан FIFA-ның толықтай мүшесі атанды.
1995 жыл.
5-13 тамыз аралығында Швецияда өткен әлем чемпионатында еліміздің қанжығасына күміс жүлде бұйырды. Айта кетейік: айтулы жарысқа әлемнің 191 елінен 1800-ге жуық спортшы қатысты.
1995 жылы Берлин қаласында бокстан өткен әлем чемпионатында жерлесіміз Б. Жұмаділов күміс медаль иеленсе, В. Жиров қола алды.
1996 жыл.
АҚШ-тың Атланта қаласында XXVI жазғы Олимпиада ойындары өтіп, әлемдік рейтинг бойынша, еліміз 24-ші орынға ілікті.
Қытайда ІІІ Азия біріншілігі өтіп, жалпыкомандалық есепке сәйкес, Қазақстан екінші орынды иеленді.
1997 жыл.
Венгрия мемлекетінде әлем чемпионаты өтті. Онда Қазақстан қоржынын жүлдеге толтырғандар: Е. Ыбырайымов пен Б. Жұмаділов.
1998 жыл.
Наганода ХVІІІ қысқы Олимпиада ойындары өтіп, шаңғышы Владимир Смирнов пен конькиші Людмила Прокашеваның арқасында Қазақстанның көк туы дүние жүзілік сахнада желбіреді.
Аталған жылдың 6-20 желтоқсанында Тайландта ХІІІ жазғы Азия ойындары өткен еді. Додаға дүние жүзінің 41 елінен 6554 спортшы қатысып, бақ сынады. Бұл ойын да еліміз үшін жемісті болып, қанжығасы 24 алтын, 24 күміс және 30 қолаға толығып қайтты.
1999 жыл.
Корей мемлекетінде қысқы Азия ойындары өтіп, онда хоккейшілеріміз үздік ойын көрсете білді. Жарыс қорытындысы бойынша, Қазақстан Қытай мен Оңтүстік Корея мемлекетінен кейінгі, үшінші орынды иеленді.
АҚШ-та бокстан өткен әлем чемпионатында үш бірдей қайсар азаматымыз үш медальмен оралды: Б. Жұмаділов – алтын, М. Ділдәбеков – күміс, Е. Ыбырайымов – қола.
2000 жыл.
Жаңа ғасырдың бастамасы жаман болмады, керісінше қазақ спорты үшін өте жемісті, жұлдыздың жарқыраған шағы болды. Оған бірден-бір себеп – Сидней олимпиадасы. Аламанға әлемнің 199 мемлекеті қатысты. Қуантарлығы еліміз жүздеген елдің ішінде 22-ші орынға көтерілді. 20 жасында әлем чемпионы атағын алып, сол жылдың ең соңғы күнінде жарық дүниемен қош айтысқан Бекзат Саттархановтың спорттағы жетістіктерінің ең елеулісі әрі соңғысы да осы олимпиада. Екінші алтынды иеленген Ермахан Ыбырайымов болса, Ольга Шишигина жеңіл атлетика бойынша алтын медальді қанжығасына байлады.
2001 жыл.
3-12 тамыз аралығында Канадада жеңіл атлетикадан әлем чемпионаты өтті. 200 мемлекеттен барлығы 1766 ойыншы қатысқан чемпионатта еліміз 36-шы орынды иеленді. Бұл жолғы аламан да Қазақстанның спортында тарихи кезеңге айналды. Тәуелсіздіктің 10 жылдығымен тұспа-тұс келген спорттағы жетістік ойыншыларымыздың мерекеге тартуындай сезілді.
2002 жыл.
Оңтүстік Корея мемлекетінің Пусан қаласында XIV жазғы Азия ойындары өтті. 44 елден 7711 спортшы қатысып, жалпыкомандалық есеп бойынша, Қазақстан 4-орынға көтерілді.
2003 жыл.
Бангкокта өткен әлем чемпионатында бокстан қос мақтанышымыз – Ж. Жафаров пен Г. Головкин елге алтын медальмен келді.
2004 жыл.
Грекияда өткен XXVIII жазғы Олимпиада ойындарында еліміз 202 мемлекеттің ішінде 40-шы орынға шықты.
2005 жыл.
Катарда ауыр атлетикадан әлем чемпионаты өтіп 17 жастағы Илья Ильин 85 келі салмақпен сенсациялық жеңіске жетті.
Сол жылдың қарашасында Қытайда бокстан әлем чемпионаты өтті. Қорытынды есеп бойынша, еліміз Куба мен Ресейден кейінгі, үшінші орынды иеленді.
2006 жыл.
Германияда өткен кәсіпқой бокста Геннадий Головкин алғашқы жекпе-жегін нокаутпен жеңді.
Катарда өткен ХV жазғы Азия ойындарында жерлестеріміз озық ойын көрсетіп, барлығы 85 медаль алды. Ал есептік қорытындыда 4-ші орынға шыққан болатын.
2007 жыл.
Қытайда VI қысқы Азия ойындары өтті. Ондағы Қазақстандық қоржын: 6 алтын, 6 күміс, 6 қола.
Бакуде өткен әлем чемпионатында қазақтың күресші қыздары жеңіспен оралды: Ольга Смирнова, Елена Шальгина және Ольга Жанибекова.
2008 жыл.
Қытай астанасында өткен ХХІХ жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстандық құрама 204 мемлекеттің ішінде 29-орынға көтерілді.
2009 жыл.
Паттайя қаласында күрес түрлері бойынша әлем чемпионаты өтті. Онда қыздар құрамасы 4 медаль алды.
Оңтүстік Корея мемлекетінде ауыр атлетикадан әлем чемпионаты болып, еліміз жалпыкомандалық есепте 2-ші орынға шықты.
2010 жыл.
Канадада ХХІ қысқы Олимпиада ойындары өтті. 82 елден 2766 спортшы келіп, сынға түскен додада Қазақстан мен Эстония 25-26-орынды екеуара бөлісті.
2011 жыл.
Бұл жыл отандық спорт тарихында алтын әріп болып жазылып қалды десек, қателеспегеніміз: оңтүстік және солтүстік астанамызда VII Қысқы Азия ойындары өтті. Жарысқа әлемнің 17 елі келіп, қатысып спорттың 11 түрінен сайысқа түсті. Қорытынды есепте қазақстандық құрама бірінші орынды иеленді.
2012 жыл.
2012 жыл да спортшыларымыз үшін сәтті болды. Лондонда ХХХ жазғы Олимпиада ойындары өтіп, оған 204 ел қатысты. Ал Қазақстан соның ішінде 12-орынға көтеріліп сала берді.
Кәсіпқой боксшылар – Геннадий Головкин мен Қанат Ислам ірі жеңістерге жетіп, халықаралық титулдарға ие болды: Г. Головкин – WBA, Қ. Ислам – WBA Fedecaribe.
2013 жыл.
Қысқы спорт түрлері үшін 2013 нағыз топ жарушы жыл болды: Денис Кузин конькиден Әлем чемпионы, Денис Тен күміс жүлдегері, Алексей Полторанин мен Николай Чеботько шаңғыдан қола жүлдегері атанды.
Бокстан қазақ жігіттері тұңғыш рет тұтас 4 алтынды иеленіп, жалпыкомандалық есепте алдыңғы сапқа көтерілді: Біржан Жақыпов, Мерей Ақшалов, Данияр Елеусінов, Жәнібек Әлімханұлы.
Аталған жылы кәсіпқой бокстан Г. Головкин төрт кездесу өткізіп, барлығын да нокаутқа түсірді.
Елімізде алғаш рет Көкпардан Азия чемпионаты болды. Қатысқан 8 мемлекеттің ішінде ұлы даланың спортшыларына тең келер ешкім болмады.
2014 жыл.
Сочиде ХХІІ қысқы Олимпиада ойындары өтті. Жарысқа 90 ел қатысты. Айта кетелік: 2018 жылы кенеттен қаза тапқан жас мәнерлеп сырғанаушымыз – Денис Тен де осы олимпиада ойындарына қатысып, қола жүлдегері атанған еді.
Оңтүстік Корея мемлекетінде XVII Жазғы Азия ойындары болып, барлығы 45 ел қатысты. Жалпы есепте Ұлттық құрама 84 жүлде алып, 4-ші орынға шықты.
Қырғызстанда І Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. 20-ға жуық елдің ішінде спортшыларымыз қырғыздардан кейінгі, екінші орынға ие болды.
2015 жыл.
Грозныйда өткен РФ президенті кубогында Илья Ильин әлем рекордын жаңартып, чемпиондық атаққа қол жеткізді.
Футзалдан Алматы қаласының «Қайрат» клубы УЕФА кубогын екінші рет жеңіп алды. Спортшыларымыз финалда өткен Испанияның «Барселона» клубын 3:2 есебімен ұтты.
2016 жыл.
Голландияда өткен «Swim Cup EINDHOVEN» жарысында жүзу спортынан қазақстандық паралимпиалық спортшы Зүлфия Ғабидуллина әлем рекордын қатарынан үш рет жаңартты.
Рио-де-Жанейро қаласында ХХХІ Жазғы Олимпиада ойындары өтті. 200-ден астам мемлекет қатысып, еліміз 22-ші орынды меншіктеді.
2017 жыл.
Алматы қаласында 28-ші қысқы Универсиада өтті. Әлемнің 57 мемлекетінен 2000-ға тарта спортшы қатысты, спорттың 12 түрі ойнатылды, 1-орынды иелендік. Бұл жыл Қазақстан мақтанып, марқаятын жыл болды.
2018 жыл.
Қазақстандық спортшылар 2018 жылы Индонезияда өткен Азиада ойындарында жақсы өнер көрсетті. Байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасынан 37 спорт түрі бойынша 440 спортшы ел намысын қорғады. Қазақстан қоржынына алғашқы алтын жүлдені семсерлесуші Дмитрий Алексанин салды. Шахматшы Жансая Әбдімәлік қазақстандық шахматшылардың ішінде әйелдер арасындағы әлем чемпионатының 1/4 финалында бірінші болып өнер көрсетіп, тарихи жетістіктерге қол жеткізді.
2019 жыл.
Румынияда армрестлингтен әлем чемпионаты өтті. Нәтижесінде ұлттық құрама 134 медальді жеңіп алды. Жарысқа 54 мемлекеттен 1400 спортшы қатысып, Қазақстан Ресей мен Грузияның алдын жауып, бірінші орынға шыққанын да атап өту керек.
Астана Арена стадионында «Астана» клубы «Манчестер Юнайтедті» жеңді.
2020 жыл.
Боксшы Тұрсынбай Құлахмет Англияда өткен тартысты ойында бірде-бір жеңіліп көрмеген қарсыласы – ұлыбританиялық Маклей Макгоуэнді 7-ші раундта нокаунтқа түсіріп, WBC International белбеуінің иегері атанды. Таяуда ғана әуесқой бокстан спорт шебері Д. Елеусінов (10-0, 6 КО) титулды кездесуіндегі жеңісінен кейін IBF рейтингінің ТОП-10 тізіміне кірді.