Жаңалық

32 күнде велосипедпен 7 мемлекетке саяхат жасаған қазақ

Трэвел-блогер және эколог Қуат Болатовпен сұқбаттасып, арзан саяхаттаудың тиімді жолдары туралы, саяхатшының Еуропаға, Ұлыбританияға және Иранға сапары жайлы сұрадық. Мархабат!

 

48 елді көрген саяхатшы ең алғашқы сапарын 26 жасында бастаған.

«Саяхатым Түркия елінен басталды. Ол жақтың шын өмірін көрмедім. Сонда өзіме: «Енді шет елдерге шыққанда міндетті түрде шынайы тіршілігімен танысамын», – деп уәде бердім. Корея, Ресей, Өзбекстан, Украина сынды бірнеше елге бардым. Қатты ұнағаны – АҚШ. Содан соң Еуропаға баруды армандадым. Париж, «Эйфель» мұнарасы, Милан секілді жерлерді емес, шынайы Еуропаны көргім келді. Алайда көп қаржы болмады. Қалай істеймін, автостоппен жүрсем бе екен деген ой туды. Автостопты алғаш Корея мемлекетінде көрдім. Маған ыңғайлы еместігін түсіндім. Біреуге тәуелді болғандай көрінеді. Онымен саяхаттасаң, күніне 500-1000 км жол жүресің. Ең жаманы – шынайы өмірмен таныса алмайтындығың. «Жаяу жүру» опциясы да ойға келді. Есептеп көрсем, Прагадан Парижге дейін жаяу жүрсем, шамамен 4 айымды жоғалтады екенмін», – дейді саяхатшы.

Қуат Болатов 32 күнде Еуропаның 7 мемлекетін велосипедпен шарлап шыққан:

«Қарасам, адамдар әлемді велосипедпен шарлайтын көрінеді. Әлеуметтік желінің дамыған заманы. Интернетті ашып, оқыдым, таныстым. Қазақстанда велосипедпен саяхаттайтын 1-2 жігіт бар. Солармен хабарластым. Еуропаға енді ғана саяхат жасап келген украиналық және беларуссиялық азаматтар көп кеңес айтты. Сол сәттен бастап менде Еуропада велосипедпен жүрсем деген арман пайда болды».

«Не мен өзімнің арманымды орындаймын, не осылай арман болып қалады»

Бір күні, 2016 жылы 8 наурызда электрондық поштама: «Нұр-Сұлтан қаласынан Амстердамға ұшатын жаңа рейс ашылады. Билеттер сатылымына 3 күн бойы жеңілдік жүреді», – деген хабарлама келді. Алдымда екі таңдау тұрды: не мен өзімнің арманымды орындаймын, не осылай арман болып қалады. 15 мин өткен соң билет қалтамда болды. Акцияның жарамдылық мерзімі – 32 күн. Виза алдым, ақысы төленбейтін демалысқа шықтым.

Қазақстандық саяхатшы велосипедке соңғы рет 15 жыл бұрын отырғанын айтады:

«Ең қызығы – велосипедке соңғы рет 15 жыл бұрын отырған едім. Тәжірибем болған жоқ. Бір досымнан велосипед сұрап, Елорда көшелерінде 2 аптадай жаттықтым».

32 күн ішінде шамамен 2200 км жүрген Қуат Болатов 14 күн бойы мүлдем танымайтын адамдардың үйіне түнеген:

«Саяхатқа шықпас бұрын инстаграм желісіне: «Еуропаға бару – арманым. 3 күннен соң жолға шығамын», – деп ешқандай хэштег қалдырмай, орналасқан жерімді белгілемей, видео жүктедім. Таңертең қарасам, видеоны 10 000-нан астам адам көріп, 100-ден аса пікір қалдырыпты. Ол кезде оқырмандарымның саны енді ғана 1000-нан асқан. Батыс елдеріндегі отандастарымызды білетін адамдар: «Қазақстандық жігіт барады екен. Шамаларыңыз болса, қарсы алыңыздар. Көмек берейік!», – деп жазыпты. Голландия, Амстердам және т.б. елдерден көптеген қазақстандық қыз-жігіттер хабарласып, күтіп алды. Олар керекті заттар алуға кеңес берді. Солай 32 күннің 14 күнінде бұрын мүлдем көріп-білмеген адамдардың үйіне қондым».

Шетелдік азаматтар қалай қарсы алып, қандай пікірлер айтқанын сұрағанымызда ол:

«Басында Голландияда біраз уақытымды жоғалтып алдым. Қағаз картамен жүрміз. Көп ақша жоқ. Ауылдың шетінде карта ашып тұрсам, көлікпен бір әйел тоқтап: «Мына ту қай жақтікі, қандай ту?», – деп сұрады. Қазақстанның туы екенін және қандай мақсатпен келгенімді айттым. Сонда ол: «Қазақстандықты алғаш көруім. Үйіме қонақ бол. Жанұяммен таныстырамын. Әңгіме айтамыз», – деді. Сөйтіп саяхатымның басы – Нидерландыдағы бірінші күнім өте қызықты өтті.

Көптеген адамдармен таныстып, араластым. Білім алуға, қызмет етуге барған, бірнеше тілде еркін сөйлейтін қазақстандық азаматтарды көргенде таңқалдым. Тағы бір арманым футбол матчына бару еді. Алғаш рет үлкен стадионға бардым», – деп жауап берді

Көптеген мемлекетте деректі фильм түсірген саяхатшыны қай елде жүрсе де қуанып қарсы алған:

«Сонда тұратын қазақтарға: «Қалай келдің, қандай қызмет етесің», – деп түрлі сұрақтар қойып, ұялы телефонмен видео түсірдім. Монтаждап, барлығына көрсеттім. Видео оқырмандарымнан гөрі, өзіме ерекше әсер етті. Сапалы видео түсіру ойыма келді. Келесіде шетелге шығып, велосипедпен саяхаттасам, сапалы деректі фильм түсіремін деген алдыма мақсат қойдым. Достарымнан көмек сұрадым. «Air Astana» әуе компаниясы, Beeline, Тұңғыш Президент қоры, «Қазақ географиялық қоғамы» ғылыми қауымдастығының Лондондағы елшілігі қолдау көрсетті. Сөйтіп 2017 жылы видеографпен бірге Ұлыбританияны аралап шықтым. 1500 км жүріп өтіп, деректі фильм түсірдік. Кейін видео түсіріп, монтаждауды оқыдым. Өзім Еуропаға, Қытайға барып, фильм түсірдім. Бір қызығы – ешбір азиаттық адамды көрмедім. Сол себепті қайда барсам да, барлығы ерекше ықыласпен қарады».

Саяхатшыдан топ-7 кеңес. Арзан саяхат жасаудың тиімді жолдары:

1. Арзан саяхаттау жайлы аймаққа байланысты. Біреулер шатырда (палатка) ұйықтай алады. Ал біреуге, керісінше, тек 5 жұлдызды қонақ үйлер ыңғайлы;

2. 80-120 евро ақшамен Елордадан Будапештке ұша аласыз. Бұл Скандинавия, Нидерланды секілді елдермен салыстырып қарағанда анағұрлым арзанырақ. Будапешттен автостоп, автобус не пойызбен Вена, Мюнхен, Прага, Польша секілді бірнеше мемлекетке өте жеңіл баруға болады;

3. Жеңілдіктіктерді жіберіп алмау керек. Қазақстаннан шетке ұшатын әуе компанияларға жазылатын болсаң, тұрақты түрде хабарламалар келіп тұрады. Жеңілдіктер, әсіресе, қыс және күз мезгілдерінде беріледі;

4. Саяхат жоспарлаудан басталады. Баратын еліңнің экономикасын алдын ала зерттеп, жоспарлай білсең, соғұрлым ақшаны үнемдей аласың;

6. Топ болып саяхат жасаған үнемдірек. Автомобиль мен үйге кететін шығынды бөле аласыз. Таксиге 4 адам отырып, 1 бөлмелі қонақ үй жалдайсың. Мысалы мен 2018 жылы Иранға бардым. Жолға шықпас бұрын әлеуметтік желіге: «Жігіттер, осындай жоспар бар, барлығы дайын, өзіңнің шығындарыңды төлесең, бізбен бірге кеттік», – деп жазба қалдырдым. Солай қасымызға адам алдық. Сапарымыз өте арзанға шықты. 9 күнде, шамамен 200 мың ақшаға Иранды аралап шықтық. Иран – әдемі, мен жақсы көретін елдердің бірі;

7. Билетті жолға шығуға жақындап қалғанда ғана алу – тиімсіз. Мәселен биыл, қаңтар айында Испанияға саяхат жасадым. Ал оның билетін былтыр, қаңтарда алып қойдым.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button