Жаңалық

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының бағдарламасы қандай болмақ?

Фото: worldnomadgames.kz

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу рәсімінен бір күн бұрын «Этноауыл» қала қонақтарына өз есігін ашпақ. Этноауыл - Қазанат ипподромына іргелес аумақта, шамамен 10 гектар жерде орналасқан, деп хабарлайды Ruh.kz.

Бұл күні «Астана – көшпелілердің астанасы» атты жарқын театрландырылған қойылым көрсетіледі. Шараға ДКО-ға келген шетелдік қонақтар мен халықаралық спорт ұйымдарының басшылары қатысады.

Этноауылдың бірегей концерттік алаңында күн сайын мәдени шаралар өткізіледі. Соның ішінде Қазақстанның үздік қолөнершілерінің ең ірі көрме-жәрмеңкесі және шеберлер өз қолөнерінің қыр-сырымен бөлісетін шеберлік сабақтары болады. Еліміздің жетекші және бастаушы айтыскерлері қатысатын дәстүрлі «Айтыс» ақындар мүшәйрасы Этноауылдағы мәдени бағдарламаның ажырамайтын құрамдас бөлігі болмақ. «Көшпенділер ғаламы» фестивалі мәдениет әлеміндегі заманауи үрдістерді көрсетеді.

Іс-шаралар бағдарламасында этноауылдың ең кішкентай қонақтарына көп көңіл бөлінеді, олар көптеген ойын-сауық және танымдық ойын алаңдары мен этникалық стильдегі аттракциондарды тамашалайды.

Этноауылда жыртқыш құстарды салудан жарыстар және ұлттық күрес түрлерінен көрнекі қойылымдары өткізіледі. Ұлттық тағамдар фестивалі қазақ халқының қонақжайлылығы мен ақкөңілдігін паш етеді. Мұнда шеберлік сабақтары өткізіліп, әрбір келуші тамақ пен сусын дайындауға қатыса алады. Ұйымдастырушылар Этноауылда жоспарлаған барлық іс-шаралар басты мақсатқа қол жеткізуге бағытталған – мәдени мұраны, ұлттық құндылықтарды насихаттау, олардың ұлттық бренд ретінде Қазақстан халқының бай тарихы мен мәдениетін насихаттау.

«Көшпенділер ғаламы» фестивалі

Заманауи өмір салты мен көшпенділер дәстүрін дәріптейтін урбанистика фестивалі. Фестиваль ұйымдастырушылары көрермендер мен қонақтарға қалалық бірегей шығармашылық кеңістіктер, қала безендірудегі заманауи тенденциялар, кинематикалық инсталляциялар мен ландшафт сәулеті үлгілері мен киіз үй көне дизайніне деген жаңа көзқарасты ұсынады. Фестиваль жоспары бойынша, күнделікті көрмелер арқылы мүсіншілер көрермендерді жаңа туындыларымен таныстыра алады.

Аса құрметі қонақтарға арналган аумақ

«Этноауыл» жобасының аса қадірлі қонақтарына арнап, Қазақстандағы ең әсем үш киіз үйінен құрастырылған салтанатты кешен бой көтереді. Сонымен қатар бұл кешен фотосурет аумағы міндетін де атқармақ. Киіз үйлердің көркем жабдықтары, олардың әсемдігі, Ойындар қатысушылары мен қонақтарын таң қалдырары анық.

Айтыс. Этно музыка

Біз ғасырлар пернесінен көшпенді халықтың ең жақын серігі ән мен күй болғанын білеміз. Сол биік рухты, азат жанды еліміздің асыл мұрасындай болып біздерге жыр, терме, айтыс сынды ауыз әдебиетінің үздік жанрлары жетті. Айтыс өткізу, жырау мен термешілердің жырларына көрерменді сусындату үшін диаметрі қырық метр болатын үлкен күмбезді шатыр орналастырылады. Шатыр заманауи дыбыс, жарық және LED-экрандармен жабдықталады. Шатыр ішінде алты жүз көрерменге арналған орын бар. Сахна-шатырдың безендірілу мен онда орындалатын халық өнерінің асыл маржаны көрерменін бе-жай қалдырмасы анық.

Ұлттық тағамдар

Қазақ халқы қашанда қонақжайлылығымен, ақ жарма көңілімен аты шыққан. Көшпенді ата-бабаларымыз бейтаныс болса да келген жанды ең алдымен дастарханынан дәм татуға шақырған. Бұл дәстүр бүгінде халқымызда сақталған. Этноауылдағы ұлттық тағамдар фестивалі барлық қонақтарын әдемі безендірілген көптеген шатырларда жайылған дәмді асқа шақырады. Қонақтар мен қатысушылар ұлттық тағамдардың дәмін татып, өз бағасын бере алады.

Қолөнершілер шаhары

Кез келген саяхатшы барған жерінен базарлықсыз қайтпайды. Ендеше Этноауыл аумағы кәдесыйлардың түр-түрі табылатын нағыз шығыс базарын ұйымдастырады. Еліміздің екі жүзден астам қолөнершісі өз өнімдерін ұсынады. Сондай-ақ ұлттық бұйымдардың жасалу тәсілдерімен бөлісіп, зергерлік бұйымдар, тері өңдеу, қыштан мүсін жасау бағыттарында шеберлік сағаттарын көрсетеді.

Этнокиім сән көрсетілімі

Этнодизайнерлер болса өз шығармашылығын «Шаңырақ» этношатырында паш ете алады. Бірегей дизайндегі диаметрі 26 метр болатын сахна сән көрсетілімі мен 300 адамға арналған орыннан тұрады.

Балалар ойын алаңы

Этноауылда ең кішкентай қонақтар-балаларға ерекше көңіл бөлініп, жағдай жасалған. Мұнда оларды мейірімді аниматорлар, түрлі ойын-сауық бағдарламалары, арнайы алаңқайлар мен аттрациондар кутуде. Аласа алтыбақандар, шағын болса да әдемі киіз үйлер. «Арқан тарту», «Асық ату», «Құрық тастау», «Жамбы ату», «Таяқ тарту», кішкентай садақтан бір орында тұрып көздеп ату, «Атыспақ» қауіпсіз қарулардан атысып ойнайтын командалық ойын, «Қылыштасу» қауіпсіз қылыштармен жұмсақ рингте шайқасу, «Ләңгі тебу» және тағы басқадай ұлттық ойындар түрлері. Барлық қатысушылар мен жеңімпаздар сыйлық - кәдесыйлармен марапатталады.

Шағын сәулет нысандары

Этноауылдағы басты шағын сәулет нысаны «Тайқазан». Ол ДКО ашылу салтанаты өткеннен кейін, салтанатты сумен толтырылып, Этноауыл аумағына әкеліп орнатылады. Алты күн бойы Тайқазандағы судың толассыз қозғалыс циклі ДКО спорттық, мәдени ғылыми маңызын айшықтап, динамикасын айқындап тұрады. Ойындардың басты символы барша көрерменнің жиналып, фото-бейне түсірілім жасайтын жері болмақ. Әсіресе кешкілік кезде арнайы жарықтың көмегімен Тайқазан ерекше әсем күйге бөленеді. Этностильдегі және ДКО спорт түрлеріне арналған түрлі сәулет нысандары қонақтардың фотоға түсуге және тұрған жеріне көрік беріп тұратын болады. Ал фотографтар болса көрермендердің қуанышты сәттерінен тамаша суреттер ұсынатын болады.

Жылқыларды жалға алу

Арнайы орындарда ересектер мен балаларға арналған жылқылар мен пониларды жалға алуға болады. Сондай-ақ күймелер мен арбалаларды да жалдауға болады. Одан бөлек бұл аймақта көкпар, қыз қуу, теңге ілу сияқты ұлттық ойындар өтіп, жігіттер ат үстінде өнерлерің көрсететін болады. Текшелеп жиналған сабан мен шөп өзінше әсемдік беріп, атомосфералық көңіл-күй сыйлайтын болады.

Спорт және көрсетпе жарыстар

ДКО аясында саятшылық өнердік үздік көріністері көрермен назарына ұсынылатын болады. Одан бөлек палуандар арасында көрсетпе жарыстарын тамашалау мүмкіндігі туады. Көрермендерге арналған көлеңкелі тенттер мен сайыскерлер мен төрешілер орналасатын шатырлар қарастырылған.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button