6 тарихи сериал таныстырылды
Бүгін «Қазмедиа» орталығында «Қазақстан» телерадиокорпорациясы түсірген «Жәңгір хан. Сарай сыры», «Ахмет. Ұлт ұстазы», «Домалақ ана», «Тәшенев. Тайталас», «Қаныш. Қазына», «Мұқағали. Бұл ғасырдан емеспін» тарихи телехикаяларының таныстырылымы өтті. Телерадиокорпорация биыл түсірген 16 отандық сериалдың алтауы тарихи бағытта жарыққа шықты.
Ұлт қайраткерлері Ахмет Байтұрсынұлы, Жұмабек Тәшенев, Қаныш Сәтбаев, Мұқағали Мақатаев, Жәңгір хан мен Домалақ ананың өміріне арналған тарихи туындылар «Qazaqstan» арнасының эфирінен Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында беріле бастайды.
«Корпорацияның, жалпы, еліміздің сериал өндірісі тарихында бұған дейін бір жыл ішінде 6 көпбөлімді тарихи телехикая түсірілген жоқ. Сондықтан биылғы жыл біз үшін үлкен сынақ пен тәжірибеге толы жыл болды. Ең бастысы, дәл осындай тәуекелдер арқылы нарықта тарихи сериал өндірісіне машықтанған компаниялар саны артып, сериалдар үшін жаңа бейнелер қалыптасып жатыр», – деді Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай шараның ашылуында.
12 бөлімді «Жәңгір хан. Сарай сыры» сериалына Арман Сқабылұлы, 6 бөлімді «Ахмет. Ұлт ұстазы» телехикаясына Мұрат Есжан, 2 бөлімнен тұратын «Домалақ ана» телехикаясына Нұриддин Паттев, 4 бөлімді «Тәшенев. Тайталас» сериалына Жасұлан Пошанов, 6 бөлімді «Қаныш. Қазына» телехикаясына Айгүл Байбек, 4 бөлімді «Мұқағали. Бұл ғасырдан емеспін» тарихи туындысына Азамат Сатыбалды жетекшілік етті.
Басты кейіпкерлер Жәңгір хан рөлін Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық-драма театрының актері Медғат Өмірәлиев, Ахмет Байтұрсынұлы өмірінің екі кезеңін актер-драматург Байғали Есенәлиев, Домалақ ана бейнесін Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық театрының актері Алтын Айнабалаева, «Astana Musical» театрының актері Арайлым Құсайынова, Жұмабек Тәшеневтың рөлін І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрының актері Төлеубек Көңбай, Қаныш Сәтбаевты театр және кино актері Әсет Есжан, Мұқағали Мақатаевтың рөлін М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері Азамат Сатыбалды сомдап шықты.
Басты кейіпкерлерден бөлек, сериалдарда Бәйдібек бидің, Махамбет пен Исатай, Әліби Жангелдин, Міржақып Дулатұлы, Жұмабай Шаяхметов, Бауыржан Момышұлы, Дінмұхамед Қонаев, Фариза Оңғарсынованың рөлдері кездеседі.
Кеңесші-сценаристер қатарында жазушы Медеу Сәрсеке, ақын Ұларбек Нұрғалым, Бақыт Беделхан, Ұлықбек Есдәулет, ахметтанушы Райхан Имаханбет, Мұқағали Мақатаевтың келіні Бақытгүл Мақатаева, Жұмабек Тәшеневтің ұлы Саян Жұмабекұлы мен келіні Фатима Садыққызы бар.
Тәуелсіздік мерекесінде Ұлттық арна эфирінен алғаш болып «Ахмет. Ұлт ұстазы» телехикаясы шығады.
Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай таныстырылым соңында шара қатысушыларына Корпорацияның келесі жылғы сериал өндірісі туралы айтып өтті. «Корпорация 2022 жылы түсірілетін сериалдарға ашық байқау жариялап, қазір 188 жоба қабылдады. Тарихи тұлғаларымыздың өмірін, бейнесін экран арқылы дәріптеу ісінде алға қойған мақсат-міндетімізге сай келер жылы Әлихан Бөкейханов, Әлкей Марғұлан, Дина Нұрпейісова, Мағжан Жұмабаев туралы тарихи жобалар түсіруді жоспарлап отырмыз. Ғабит Мүсіреповтың «Ұлпан» романын экранизациялау мақсаты тұр. Затаевич пен Брусиловскийдің қазақ музыка мәдениетіне сіңірген еңбегі де бір телехикаяға арқау боларлықтай. Биыл сонымен бірге Корпорацияның түркі елдеріне ортақ тұлға «Қорқыт ата» тұлғасына арналған телехикаяның шығармашылық жұмыстары басталды. Түркия сериал өндірушілерімен бірлесе қолға алынған телехикаяның түсірілімі үш жылға жалғасады», – деп атап өтті Л.Танысбай.