Мақала

6000-ға жуық құжаттан құралған Хасен Оралтайдың қоры

Хасен Оралтай 1968 жылдан 1995 жылға дейін «Азаттық» радиосында еңбек етіп, оның басшысына дейін көтеріліп, зейнеткерлікке шықты. Осыған орай қордың көп бөлігі «Азаттық» радиосының эфирден өткен материалдарын қамтиды. «Азаттық» радиосының хабар тарата бастағанына 70 жыл болса, соның 50 жылындағы хабарларының басым бөлігі Хасен Оралтай қорында сақталған. Ұлттық академиялық кітапхананың қолдауымен қазір бұл қор бойынша «Азаттық» радиосының зерттеушісі, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Рахима Шәріпқызы Нуриден айналысады.

«Азаттық» радиосының 1958-1995 жылға дейінгі эфирден өткен хабарлары сан алуан. Әдебиет, мәдениет, тарих, экономика, туризм, дін, атеизм, түркітану, өлкетану, тағы да басқа салалар қатысты хабарлар сақталған. Радионың қазақ редакциясы өзінің 3 сағаттық бағдарламасында (оның бір сағаты түпнұсқа, қалғаны қайталау) әлеуметтік салалардағы ұлттық мәселелерге көп көңіл бөлді. Соның бір көрінісі – 80-жылдардағы КСРО-ның 60 жылдығы мен Қазақстанның Ресейге қосылуының 250 жылдығына арналып әзірленген үлкен бағдарлама. Бұл жайында қорда кітапхана қызметкері Бақытжан Ақтайлақ жасаған «Азаттық» радиосының эфирінен берілген хабарлардың толық тізімі бар. Солардың ішінде «250 жылдық мүшел жөніндегі тарихи шындықтар» тақырыбында көлемді бес хабар 1980-1981 жылдар аралығында жарыққа шықты. Бұл хабарларда Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылмағандығы және Ресейдің отарлау саясаты жайлы баяндалады. Сондай-ақ ҚССР 60 жылдығына байланысты да 1982 жылы шілде айында бірнеше хабар шықты. Оларда Ресей империясының Қазақстанды өз құрамына күшпен қосқандығы жайлы айтылады. Бұл хабар ағылшын тілінде де екі хабар болып  берілген. 1982 жылдың 23 қарашасында доктор Баймырза Хайыттың (түркі халықтарының тарихын зерттеуші ғалым) Халықаралық IV түркологиялық құрылтайда «Қазақстанның Ресей қоластына түсуі» жайлы жасаған ғылыми баяндамасы да үш хабар болып берілген. Қазақстанның Ресейге қосылуының тек прогресті жағын ғана атап, отарлық саясат, содан зардап шеккен халықтың қайғысы жайлы айтпайтын кеңес баспасөзі «Азаттық» радиосының «Саяси тәуелсіз Қазақстан құруды» уағыздайтын хабарларына үнемі тойтарыс беріп келді. Мәскеу басылымдарынан қалыспай, республикалық газеттер де дереу үн қосып отырды.

1986 жылдың мамыр айында берілген төрт хабарда 1916 жылғы көтеріліс те назардан тыс қалмай, Ресей империясының отарлау саясатына қарсы қазақтардың  ұлт-азаттық көтерілісі туралы тарихи шындық айтылған. 

Жоғарыда көрсетілген хабарлар ғалым-зерттеушілер үшін өте  құнды, себебі ақиқаты айтылмаған көптеген мәселелер осы хабарларда егжей-тегжейлі баяндалады.

Радио эфирінен өткен хабарлар бірнеше томды құрайды. Ал аудиоматериалдардың саны 60-тан асады. Аудиоматериалдарда Х. Оралтайдың  өзі жүргізген хабарлары  мен ол кісіден алынған сұхбаттар бар. Сонымен қатар шетелдегі қазақтар, елдегі танымал тұлғалар мен басқа да азаматтардың дауыстары сақталған. Өмірден өткен тұлғалардың даусы сақталған аудиотаспалар – басқа баспа материалдарынан ерекшеленеді. Ондағы деректілік - адамның дауысы.

2023 жылы «Азаттық» радиосының 70, Хасен Оралтайдың 90 жылдығына байланысты «Азаттық» радиосынан сөйлеп тұрмыз» атты кітап жарық көріп, Алматыдағы Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтында тұсаукесері өтті.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button