Жаңалық

Абай ізбасарларының додасы өтті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында атап көрсеткендей бүгінгі өскелең ұрпақтың ғылымды терең меңгеріп, өз тілін құрметтесе, көптілде сөйлей білсе, ұтары мол болары сөзсіз.

Абайды тани отырып, біз ұлтты ғана емес, адамзаттың болмысына түсінеміз, үйренеміз, болашаққа бағдар аламыз. Осындай асқақ мақсаттарды игі тұтқан бір шара Петропавл қаласындағы Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында өтті. Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына арналған «Өлең – сөздің патшасы» атты аймақаралық жас ақындар мүшәйрасына Нұр-Сұлтан, Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының жас ақындары қатысты.

Көрші облыстар арасында әдеби қарым-қатынас орнату, жас ақындарды дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған жыр сайысына белгілі журналист, қоғам қайраткері, Жарасбай Сүлейменов, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, ақын Дәулеткерей Кәпұлы сынды қазылар төрелік етті. Алдымен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Құралбек Атамұратов талай дарынды бесігінде құндақтаған Қызылжардың төрінде бастау алған жыр мүшәйрасының қатысушыларына сәттілік тіледі:

«Биыл елімізде бірқатар айтулы шаралар атап өтіледі. Ең бастысы олардың мәні мен мазмұнына назар аударуымыз қажет. Мәдени, рухани шаралардың жастарға тәрбиелік маңызы зор болуы тиіс. Соның ішінде ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдығын тиісті деңгейде атап өту көзделуде. Ақынның мерейтойына мемлекет басшысы да айрықша мән беруде. Жақында өңірімізде атаулы мерейтойлардың алғашқы іс-шаралары бастау алды».

Жас ақындардың мүшәйрасына қолдау білдірген облыстық «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы Кенжетай Дүйсенбайға, М.Жұмабаев атындағы жоғары колледжінің директоры Ерлік Жанділдинге, облыстық кәсіпкерлер палатасының іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Айтықан Қалғаеваға, Қазақстан Ұлттық Банкі облыстық филиалының директоры Диас Мэлске, Солтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Ерлан Айтжановқа ұлттық құндылықтарға деген жанашырлығы үшін алғыс айтылды.

Мүшәйра барысында қатысушылар ақынға арнау айтып, еркін тақырыпта жазылған өлеңдерін оқыды. Алғашқылардың бірі болып сөз мәйегін ағытып,  жыр маржанын төккен керекулік Жарқынбек Амантайұлы бастаған жас ақындардың додасы тартысты әрі қызықты өтті.

Сенің жолың, сендік жұмбақ, сендік ой,

Әлі де алыс, құпиялы, тереңдік,

Қоғам толы, шұбар көңіл, теңбіл ой

Бір мазасыз шуылы көп кереңдік…

Сол кереңдік жылағысы келеді,

Жырланғысы келетіндей сөзбенен…

Маза бермей кемелдіктің дерегі,

Біреулер жүр түн түнекке төзбеген.

Теңіз суы секілденген алыбым,

Жұтқан сайын шөліркейді жан іші.

Алты Алаштан асып түсер қалыбың,

Сен шығарсың Адамзаттың арысы!..», – деп Абай атамызға жыр арған ақынның «Есі сурет» өлеңі көңіл-күй иірімдерінің әсері мен әдемілігінен құралғанын аңғартты. Ал М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенті Әшімхан Абылайханның тебіреніске толы өлеңін қалайша атап өтпеске.

«…Береді күрең сөзге кім азаттық,

Ақылы көп болғанға кінә жаптық.

Тіріңде сабағандар бүгін сенің,

Барады мазарыңа мінәжат қып.

Шағылған күн сәулесі тасқа құлап,

Бүгінің әні, күйі басқа бірақ.

Түсіме жиі енді бұлтқа оранып,

Қара ауыл

Шыңғыстау мен,

Қасқабұлақ…». Қарағанды қаласынан келген Салтанат Қайырбектің еркін тақырыпта орындаған махаббат жайлы өлеңі жүректі тербеді.

«Дәруіштей қаңғырдым.

Ойды кездім бір алпауыт күшпенен,

Өзімді-өзім таң қылдым.

Көнетоз, жамау

Шәмсі күпісі кигенім,

Ақ қанат қағып, дәруіш биін биледім.

Кербездің мысын

Бастым жолымда жолыққан.

Алқызыл гүлдер – ғашықтық келіп тобықтан…», – деп іңкәр көңіл, нәзік сезімге бой алдырған ақын қыздың сұлу жыры тыңдарманның көңілінен шықты. Жалпы, он бір ақын сынға түскен сайыста «Нұр-Сұлтан» қаласынан келген Рауан Қайдаров, Қызылжардың намысын қорғаған Нұргүл Оқашева мен Нұрбол Мирасбек, қарағандылық Айзада Рахымжанова мен өзге де жас дарындар сұлу жырдың тұнығына бойлатты. «Мыңнан тұлпар озар» демекші, жүзден жүйрік атанған ақындардың өнеріне лайықты баға берген қазылар алқасы қатысушыларға алғыс білдірді. Қазылар алқасының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы:

«Абай сүйген қазақтың бір пұшпағы осы Қызылжардағы намысы өр, қазақтар деп ойлаймын. Мағжанның, Ғабит пен Сәбиттің елі ретінде танылған қасиетті өлкеде Сафуан Шәмерденов, Ерік Асқаров сынды дүлдүлдер дүниеге келгенін ұмытпауға тиіспіз. Сондықтан мұндай шаралардың бұл өңірде өтуі заңдылық. Әл-Фараби, Абай Құнанбаев, Сәбит Мұқановтың мерейтойлары кең көлемде аталып өтуі тиіс. Оған сіз де біз де атсалысуымыз керек».

Мүшәйра қорытындысы бойынша бас жүлдеге Жарқынбек Амантайұлы ие болса, бірінші, екінші, үшінші орындарды Әшімхан Абылайхан (Петропавл), Салтанат Қайырбек (Қарағанды), Қуаныш Оспан (Көкшетау) тең бөлісті. Сафуан Шаймерденов, С.Мұқанов, Кәкімбек Салықов, Сегіз сері, Мұхтар Әуезов, М.Жұмабаев, Ғабит Мүсірепов атындағы арнайы жүлделерге ие болған өзге ақындар да құр алақан қайтпады. Мүшәйраға қатысқан барлық ақын ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Облыстық ардагерлер кеңесінің атынан арнайы жүлде қарағандылық Айзада Бүркітқызына табыс етілді. Өлең ғана емес, күй күмбірлеп, әсем ән қалықтаған әдемі кеште қызылжарлықтар ерекше әсерге бөленіп, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.

Солтүстік Қазақстан облысы,

«Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button