Абай мұрасын тағылымды шаралармен дәріптейміз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» деп аталатын мақаласын бір деммен оқып шықтым. Президент мақаласы қоғам дамуына рухани бағыт береді.
Биыл Ұлы Абайдың 175 жылдығына арналған мемлекет және халықаралық деңгейде өтетін іс-шаралардың қатарында Абай шығармаларының ағылшын, араб, жапон, испан, итальян, қытай, неміс, орыс, түрік, француз тілдеріне аударылатыны жөніндегі дерек бізді ерекше қуантты. Бұл ұлы ойшылымызды әлем жұртына танытудағы оңтайлы іс болмақ.
Ұлы ақынның өмірі, мұрасы, қазақ мәдениетін дамытудағы рөлі туралы деректі фильмдер, «Абай» телесериалының түсірілетіні қазақстандықтарға сүйінші хабар болды. Бұл – біздің ішкі дүниемізге сәуле түсірген бағалы бастама.
Дүбірлі, тағылымды шараға шымкенттіктер де қомақты үлес қоспақ. Қалада әртүрлі форматтағы мәдени іс-шаралар жүзеге асырылады.
Мұндай игі шаралардың басты мақсаты – Президентіміз өз мақаласында жазып өткендей, «Абайдың ойынан да, тойынан да тағылым алуға тиіспіз».
Зәуре Оралбаева,
Шымкент қалалық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің меңгерушісі