Абай туралы «Өндже Ватан» газетінде не жазылған?
Хәкім Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры Абдулвахап Караның түріктің «Өндже Ватан» газетінде «Абай және өскен ортасы» атты кең көлемді мақаласы жарық көрді.
«Абай Құнанбайұлы, тек түркі әлемінің емес, барша адамзаттың көрнекті ақыны. Өйткені ұлттық мәдениет және құндылықтарды насихаттаумен қатар, адамзат бойына сүйіспеншілік пен бейбітшілікті сіңіруге тырысты» деген сөздермен басталатын мақалада А.Кара Ұлы Абайдың сөз шеберлігіне тоқталады. Жуырда Түркияда жарыққа шыққан «Абай» кітабын атап өткен автор, Абай кезеңін тарихи деректер арқылы жақыннан тану үшін егемендік жылдарында басталған зерттеулерге тоқтала отырып, жазушы проф. Ерлан Сыдықов жазған Абайдың әкесі Құнанбай Өскенбайұлының өмірбаянына ерекше назар аударады. Аталған туынды арқылы Хәкім Абайдың өскен ортасын суреттеген қандасымыз Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романына да тоқталады.
Кеңестік үгіт-насихат нәтижесінде Құнанбай туралы жағымсыз айтылған деректердің бәрі шынайы тарих ретінде қабылданғанына қарысылық білдірген А.Кара тек қана Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Құнанбай және Абайдың әкесімен қарым-қатынастары туралы шынайы деректерге қол жеткізуге мүмкіндік пайда болғанын алға тартады. Осылайша Құнанбайдың қазақ тарихының шынайы қайраткері, қоғамда үлкен құрметке ие болғандығын қағазға төккен проф. А.Кара тарихи деректер арқылы Абай мен әкесі арасында ешқандай жанжал болмағанын да растайды.
«Абайды түсіну тек туындыларын оқу арқылы емес, сонымен қатар ол өскен кезеңнің қоғамдық және мәдени ерекшеліктерін білу арқылы болады» деген автор Абай кезеңін кеңестік идеологиядан арылған шынайы мәліметтер арқылы зерттеу қажеттілігін баса жазады.