Жаңалық

Абайдың келіні Кәмәлиянің естелігінен (IIІ бөлім)

Мен Абайдың Мағауия деген ұлынан тудым. Мені бір жасқа толмай-ақ, әкем (Абай) асырап алып, Ділдә деген бәйбішесінің бауырына салыпты. Содан мен Абайдың баласымын деп, Абай менің балам дейтін болды. Мен де, басқа балалар да Абайды әке дейтін едік. Әкем өлгенде мен 13 жаста едім. Алайда әкемнің түр-түсі, отырыс-тұрысы, бізге балаларға айтқан ақылы әлі көз алдымда тұр.

Жазды күні әкем әмеркан дейтін көзделден кебіс, мәсі киетін, қара драптан шалбар киетін, ақ репестен бешпет, желетке киетін. Басында тақия, оның сыртынан дөңгелек елтірі бөрік киетін. Атқа мінгенде мəлескеннен шапан киетін, жағасын бархытпен қайыратын. Тобықты еліне көп тараған үлгі осы қайырма жаға шапан еді. Үйде отырғанда көйлек-дамбалмен отыратын, көйлек-дамбалы ақжолақ жібек болатын. Шымдай ақ көйлек кимейтін.

Қысты күні саптама етік, шалбар, бешпет, желетке, сыртынан мәутімен тысталған түлкі ішік, түлкі тымақ киетін. Ауылда жүргенде әдемі сары тон киетін. Жағасына айнала етегіне қарай құлын терісін ұстайтын.

Ауыл көшетін күні әкем ұранқайға жататын (үшқанат киіз үй). Ел жүкті артып болғанда орнынан тұрып, шайын ішіп, тамақтанып атқа мінетін. Ұранқайды тез жығып, үш түйеге артып, басқа көштен бұрын апарып қондырып тігіп қоятын. Әкем көштен бұрын озып келіп ұранқайға түсіп жайланатын. Балалары да, ауыл адамдары да әкем үйіне келіп түсіп, тамақ ішіп жайланатын. Сол кезде басқа үйлер де тігіліп болатын. Әкемнің ұранқайын тiгeтін, қызметін істейтін Оразалы дейтін жігіт пен Бәшей дейтін көршісінің әйелі еді. Қазір де Бәшейдің әйелі, балалары бар. Шыңғыстау ауданында «Бидайық» колхозында тұрады.

Әкем балаларды жеті жасынан сегізге шығарында оқуға беретін, еркек балаларымен қабат қыздарын да оқытатын. Мен де сегіз жасқа шығарымда оқыдым. Ол кезде молда балаларға дін оқуын оқытатын. Қазақ тілінде кітап жоқ болатын. Сондықтан балалардың ойы, дүние тануы кемсін болады деп әкем көп айтып жүрді. Әлі есімде, бір күні біздің оқып отырған үйімізге әкем келді. Әдеттегідей бәріміз орнымыздан тұрдық. Әкем айнала қарады да, отырыңдар деді. Біз отырып жайласқан соң молдаға қарап: «Балаларға мына бір кітап әкелдім, осыны көшіріп көбейтіп, бала басына бірден таратып бер. Бүгіннен бастап осы кітапты қоса оқыт», – деді. Біз қуанып кеттік. Әкем үйден шыққан соң, молда әлгі кітапты алды да, бас жағын оқыды, кітап қолжазба екен. Біз ол кітапты көшіріп алып, оқи бастадық. Басқа кітапқа көңіл аудармайтын болдық. Өйткені бұл жазба кітаптың тілі ұғымды, сөзі түсінікті, ыңғай ақыл айтып отыратын жақсы кітап болды. Кейіннен байқасам, сол кітап әкемнің «Ғақлиа» атты қара сөзбен жазылған кітабы екен. Біздің молдадан бұл кітапты естіген басқа молдалар келіп көшіріп алып, өз шәкірттеріне оқытып жүрді.

Әкем балалардың оқып білім алуына көңілін бөліп отыратын. Біз сабақтан шыққанда не өз үйіне шақырып алып, не ортамызға келіп әңгіме айтатын. Әңгімесі өте қызық болатын, тыңдауға жалықпаушы едік. Әңгімесінің көбі өзіміз естіменен, білмеген атақты адамдардың өмірі, ісі жөнінде болатын. Орыстың Пушкин, Лермонтов деген ақындарының атын 9 жасымда тұңғыш рет әкемнің аузынан естідім. Әкем әңгімені өте қысқа айтып және «ұғып алыңдар, ұқпағандарыңды сұрап алыңдар», – деп отыратын. Әкемнің аңгімесінің қызықтылығы, түсініктілігі сондай, біз бір естігенімізді ұмытпаушы едік. Егер бір бала әкемнің әңгіме айтқан күнінде болмай, ести алмай қалса, әкем ол баланы келесі күні шақырып алып біздің біреуімізге «кешегі естіген әңгімені мынаған айт», – деп айтқызып, өзі тыңдайтын еді. Сондықтан да біз әкемнің аузынан естіген сөзді бұлжытпай ұғуға міндетті сияқты едік.

Әкем балалардың сұрауларына қолма-қол жауап беретін, ол балаларға өте кішіпейіл еді. Кейде біздің кішкентай болымсыз сұрауларымызға да зор мағына беріп, талдап түсіндіретін.

Жалғасы бар…

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button