Абайға арналған халықаралық симпозиум басталды
Абайға арналған халықаралық симпозиум басталды
Қазақстан мен Түркия университеттері Абайға арналған халықаралық симпозиумнің алғашқы жиынын өткізді, – деп хабарлайды Ruh.kz Л.Н. Гумилев атындағы EҰУ-не сілтеме жасай отырып.
Қараша айының 25-27 күндері арасында Эгей университеті (Измир/Түркия) мен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақтың ұлы ақыны Абайдың 175 жылдық мерейтойы аясында «Абай − түркі әлемінің ұлы тұлғасы» атты халықаралық онлайн симпозиум өтеді.
Эгей университеті Түркі әлемі зерттеулері институты, Еуразия ұлттық университеті «Абай академиясы» және Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Немат Келімбетов атындағы Түркітану орталығы бірлесіп ұйымдастырған халықаралық ғылыми конференцияға Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Татарстан (Ресей), Хакасия (Ресей) және АҚШ-тан 60-қа жуық абайтанушы ғалым қатыспақ.
Абай тілі, шығармашылығы, көркемдігі, ойшылдылығы мен жаңашылдығы жан-жақты талданатын және күллі түркі дүниесіне белгілі ғалымдарының басын қосатын ғылыми жиын үш күнге созылады. Абайға арналған осындай ауқымды халықаралық симпозиум биыл алғаш рет өткізіліп отыр.
Ғалымдар ұлы ойшыл, хәкім Абайдың мұрасын зерттеу бағытындағы ғылыми ізденістерімен бөліспек. Симпозиумда оқылған баяндамалар мен мақалалар жинақ кітап болып шығарылады.