Жаңалық Мақала Редакция таңдауы Зерттеу

Абай берген қазақтың ұлттық идеясы

Қоғам өмірі мен адам өмірінің көріністері ұқсас болып келеді. Бұл табиғи заңдылық. Қоғам да, адам да түрлі ауыртпалы кезеңдерден өтеді. Бұлар тағдырдың берген сынақтары. Олар сол сынақтардан қалай өтуіне байланысты рухани шынығып, жетілудің жоғары деңгейіне көтеріледі, не болмаса өмірдің төменгі деңгейіне құлдырайды. Бұл олардың сынақты қалай түсініп, қандай сабақ алуларына байланысты.

Егер адам баласы өмір қиыншылықтарын дұрыс түсінбесе, ол маскүнемдік, не болмаса түрлі нәпсіқұмарлыққа салынып өмірдің қараңғы тұңғиығына құлап, тіпті қиыншылыққа шыдай алмай, өзіне өзі қол салып, үлкен күнәлі іске баруы да мүмкін. Қоғам да сондай. Егер ол өтпелі кезеңдерді дұрыс түсініп, дұрыс бағыт алса, өркениеттің жоғары деңгейіне көтеріледі. Ал дұрыс бағыт алмаса, құлдырап, өзінің бұрынғы қалпынан айырылып, тіпті, жоғалып кету қаупі де бар. Көптеген халықтардың тарих сахынасынан жойылуы, не болмаса, ұлы деген Рим, Осман империясы тәрізді алып мемлекеттердің бүгінгі күндері тек сүлдері ғана қалғаны осының жақсы көріністері болып табылады.

Қазақ халқының тағдыры да бүгінгі күндері қоғамның бірде жоғары шырқап, бірде төмен құлдырайтын құбылмалы өмірінің төменгі өтпелі дәуіріне жетіп отыр. Бұл жауапты да, маңызды өтпелі дәуірден дұрыс өтуімізге байланысты ұлтымыздың тағдыры қалыптаспақ.

Өмірдің бүгінгі жауапты кезеңінен абыроймен шығудың мүмкіндігінің бірі — ұлттық идея қабылдау екені дау тудырмайды.  Өкінішке қарай, бұл маңызды мәселеге дұрыс көңіл бөлінбегендіктен ұлттық идеяны әлі де қалыптастыра алмай отырмыз.

Ұлттық идеяны сырттан іздеп қажеті де жоқ. Оны өзіміздің ұлттық дәстүр мен ұлттық қасиетімізден таба аламыз. Оны Абай бабамыз беріп, бізге көрсетіп кеткен. Бірақ, оның берген бұл идеясын бүгінгі күнге дейін ескермей, не болмаса түйсінбей келеміз.

Сөзіміздің дәлелді болуы үшін оның отыз тоғызыншы сөзіне көңіл бөлейік: 

– Рас, бұрынғы біздің ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан білімі, күтімі, сыпайылығы, тазалығы төмен болған. Бірақ бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екен. Ендігі жұрт ата-бабаларымыздың мінді ісін бір-бірлеп тастап келеміз, әлгі екі ғана тәуір ісін біржола жоғалтып алдық. Осы күнгілер өзге мінезге осы өрмелеп іргелі бара жатқанына қарай сол аталарымыздың екі ғана тәуір мінезін жоғалтпай тұрсақ, біз де ел қатарына кірер едік. Сол екі мінез жоқ болған соң, әлгі үйренген өнеріміздің бәрі де адамшылыққа ұқсамайды, шайтандыққа тартып барады. Жұрттықтан кетіп бара жатқанымыздың бір үлкен себебі сол көрінеді.       

Бұл сөздер біздің бүгінгі күндерімізді сипаттаған тәрізді. Материалдық-техникалық өркениеттің ықпалымен тұрмыс жағдайымызды жақсарттық. Бірақ көшпелі дәуір салты қалыптастырған өзіміздің ұлттық дәстүрлерімізден айырылып бара жатырмыз. Салт-дәстүрлерімізбен бірге енді өзіміздің екі негізгі ұлттық мінезімізден де айырыла бастадық.  Бұл екі мінездің халық үшін маңыздылығы сондай, Абай бабамыздың сөзімен айтқанда сол аталарымыздың екі ғана тәуір мінезін жоғалтпай тұрсақ, біз де ел қатарына кірер едік.

Ал ол екі мінезімізді жоғалтудыың салдары қандай? Оның салдарын Абай анық көрсетіп отрыр.

Сол екі мінез жоқ болған соң, әлгі үйренген өнеріміздің бәрі де адамшылыққа ұқсамайды, шайтандыққа тартып барады. Жұрттықтан кетіп бара жатқанымыздың бір үлкен себебі сол көрінеді.  Шын мәнінде, халықтың нәпсіқұмарлыққа салынып, той-домалақтың күннен күнге молайып, ал өзіміз ешбір өнеркәсіп өнімдерін шығармай, тек шет елге табынып, тіпті сіріңкенің өзін Ресейден алып отырғанымыз осының көріністері болып табылады. Мемлекетімізді тәуелсіз деп жарияладық, бірақ не моральдық-психологиялық, не саяси, не эконимакалық бостандыққа қолымыз толығымен жеткен жоқ. Құлдық психологиядан  әлі де толық арыла алмай жүрміз.

Данышпан бабамыз халқымыздың рухани мешендеу және жұрттықтан, яғни халық болудан кетіп бара жатқанымыздың негізгі себебін көрсеткен тәрізді. Ол себеп басқа елдерге, әсіресе батысқа, еліктеп, өзіміздің рухани құндылықтарымызды ұмытып, тәуір мінезімізді жоғалту. Енді сол екі ғана тәуір мінезін жоғалтпай тұрсақ, біз де ел қатарына кірер едік деп бұл екі мінездің маңызын Абай баса көрсетеді.

Осынша ерекше маңызды болып табылатын бұл қандай мінездер? Енді осы сұраққа көңіл бөлейік. Бұл мінездерді Абай былай деп көрсетеді: 

Ол екі мінез қайсы десең, әуелі — ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен. Көш-қонды болса, дау-жанжалды болса, билік соларда болады екен. Өзге қара жұрт жақсы-жаман өздерінің шаруасымен жүре береді екен. Ол ел басы мен топ басылары калай қылса, калай бітірсе, халықта оны сынамақ, бірден бірге жүгіргізбек болмайды екен. «Қой асығын қолыңа ал, қолайыңа жақса, сақа қой», «Бас-басыңа би болса, манар тауға сыймассың, басалқаңыз бар болса, жанған отқа күймессің» деп мақал айтып, тілеу қылып, екі тізгін, бір шылбырды бердік саған, берген соң, қайтып бұзылмақ түгіл, жетпегеніңді жетілтемін деп, жамандығын жасырып, жақсылығын асырамын деп тырысады екен. Оны зор тұтып, әулие тұтып, онан соң жақсылары да көп азбайды екен. Бәрі өз бауыры, бәрі өз малы болған соң, шыныменен жетесінде жоқ болмаса, солардың қамын жемей қайтеді?

Бұл сөздерден ұғатынымыз – қазақ ел басы, топ басы сайлап, толық сеніп, әрі қарай олардың істеріне араласпаған. Керісінше, оның «…жетпегеніңді жетілтемін деп, жамандығын жасырып, жақсылығын асырамын деп тырысады екен». Осылай халық сеніміне толық ие болған соң, олар да ол сенімді ақтау үшін күш-қуаттарын аямаған. Бұл оларға халықты жоғары идеяға шабыттандырып, сынақ кездерде елді біріктіруге мүмкіндік берді. Кезінде Тәуке хан мен Сопы Мүсірәлі сондай адамдар болған. Олар халықты бір мақсатқа жұмылдырып, жоңғарларға тойтарыс беруге мүмкіндік алды.

Не себептен халық ел басылардың, топ басылардың ісіне араласпай, оларға толық сенген? Оған екі себеп бар. Біріншіден ол кезде халықтың рухани деңгейі, адамгершілік қасиеттері әлі бұзылмаған, жоғары болды. Соған сәйкес олардың арасынан шыққан ру басылар, билердің де деңгейлері жоғары болды. Ел басылар өздерінің табиғи қасиеттерімен дараланып, сол дәреже жеткен соң, олар, әрине, өздерінің беделін жоғары ұстауға ұмтылады. Сондықтан олардың ісіне халық бақылауының қажеті болмады. Екіншіден, қазақ елінде дала демократиясы болды. Ал демократия дегеніміз не? Демократия дегеніміз – ерік пен тәртіптің үйлесімділігі. Көшпелі дәстүр қалыптастырған жоғары рухани болмыс қазақ баласына өзін әрқашан еркін сезініп, ешбір қысым, шектеуге жол бермеді. Ол еркін болды. Сонымен бірге, ол қатаң тәртіпті де бұзбаған. Бұл дәстүр халықтың салтында сақталып, қатаң орындалып отырған. Тәртіп бұзатындар қатаң жазаға тартылып отырған. Шыңғысхан дәуіріндегі ағынды суды былғап, киім жуатын адамға өлім жазасын беру осының бір көрінісі болса керек. Бұл қатаң тәртіп көрінісі. Осылай қазақтың кең даласында ерік пен  тәртіп үйлесімді болып, нағыз демократия орнаған. Ал демократия қоғам өмірін үйлестіретін өркениеттің негізгі шарты болып табылады. Демократиялық елде ел басының жұмысын халықтың қадағалауының көп қажеті болмайды.

Сонымен бірге, ұлттық сана-сезім өсіп, ел түзелсе ел басы, топ басы болуға лайық адамдардың саны да көбейеді. Қазіргі заман бойынша бұл – түрлі партиялар құрып, оларға соған сәйкес адамдарды басшылыққа қою деген сөз. Олар адамдарды ұлттық идеямен шабыттандыра алады. Жоғары идеяны қабылдаған халық қиыншылықтарға төзіп, өз еркімен талаптанып, ерліктің үлгісін көрсетіп, қоғам тез арада өркениеттің алғы шебіне шыға алады. Ел басылар мен топ басыларды дұрыс сайлау  мен олардың қоғамдағы алатын орны осындай болса керек.

Ұлттық идеяны қалыптастыратын қазақтың екінші мінезін Абай былай деп көрсетеді:        

         Екінші мінезі — намысқорлық екен. Ат аталып, аруақ шақырылған жерде ағайынға өкпе, араздыққа қарамайды екен, жанын салысады екен, «Өзіне ар тұтқан жаттан зар тұтады» деп, «Аз араздықты қуған көп пайдасын келтірер» деп, «Ағайынның азары болса да, безері болмайды», «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» десіп, «Жол қуған қазынаға жолығар, дау қуған пәлеге жолығар» десіп. Кәнеки, енді осы екі мінез қайда бар? Бұлар да арлылық, намыстылық, табандылықтан келеді. Бұлардан айырылдық. Ендігілердің достығы — пейіл емес, алдау, дұшпандығы — кейіс емес, не күндестік, не тыныш отыра алмағандық.

Абай осылай қазақтың бүгінгі ұмытылған ең жақсы екінші мінезін атап отыр. Ол – намысқорлық. Намысты қорғайтын жерде қазақ бір-біріне деген бұрынғы барлық өкпе-назын ұмытып, өмір қиыншылықтарына қарсы біріге білген. Бұл көшпелі дәстүр салты. Осылай олар өздерінің руларының, ұлтының, бүкіл елдің намысын қорғауға мүмкіндік алды. Сондықтан Абай көшпенді өмір салты қалыптастырған қазақтың бұл бірлік мінезін «Ат аталып, аруақ шақырылған жерде ағайынға өкпе, араздыққа қарамайды екен, жанын салысады екен» деп көрсетеді. Мұндай мінез қазақты ар-намыс үшін жанын пида ететін ер мінезді етті, тәрбиеледі.

Абай осылай намыстың, оны оятудың маңызын көрсетеді. Намыс оянса халық бұрынғы ер мінезділігіне қайта оралады. Халықтың намысын ояту керек. Ол үшін бұрынғы қазақтың намысқор мінезін қалпына келтіру керек. Бұл жол қазаққа көшпелі өмір салты қалыптастырған, сонымен бірге, бүкіл түркі халықтарына ортақ және оның табиғи болмысына негізделген басқадан өзгерек  жол болмақ. Осылай қазақ халқының өзіне тән, оның түйсігінің жету межесі болып табылатын «өзіндік» ұлттық идеясын қалыптастыруға болады. Ұлттық идеяның мақсаты – қазақтың өзіне тән бұрынғы ерлік мінездерін қайта қалпына келтіру. Бұл мақсатқа тек қана халықтың намысын оятып, рухын көтеру арқылы ғана жетуге болады. Осылай Абай ілімі арқылы қазақтың өзіндік ұлттық идеясын қалыптастыруға болады.

Намыс адамның рухани болмысынан шығады. Сондықтан Абай олар туралы «Бұлар да арлылық, намыстылық, табандылықтан келеді» деп, жаннан шығатын қасиеттер екенін білдіреді. Жанның негізгі қасиеттері – ерік пен қалау-ниет. Жан шексіз болғандықтан, оның еркі мен қалау-ниеті де шексіз. Жан өзінің еркімен қалау-ниетін орындай алмаған жағдайда күйзеліске ұшырайды. Арлылық адамға жақсы мен жаманды айыруға мүмкіндік береді. Арлы адам әділетсіздікті сезінгенде ол күйзеліске түседі. Бұл күйзеліс оның намысын оятады. Намыс дегеніміз – жанның әділетсіздікке қарсы қолданатын құралы. Жанға әділеттілік керек. Әділет болмаған жерде оған қарсы рухани күш пайда болады. Бұл рухани күш – намыс. Намыс оянғанда табандылық пайда болады. Табандылық фәни әлемнің қайшылықтары қандай үлкен болса да, оны жеңіп шығуға мүмкіндік береді. Намыс осылай өмірдің барлық қиыншылықтарын оңай жеңіп, рухани жетілуге мүмкіндік береді.

Бұрынғы қазақтың намысқор болатыны – ол көшпелі өмірде табиғат аясында болып, өзінің жан тазалығын сақтай білді. Жан таза болса оның намысы да үлкен. Осылай көшпенділер ер мінезді болып, бүкіл болмыс әділеттілігін қорғап, адамзат өмірінің қозғаушы күшіне айналды. Намыс – рухани қуат. Рухани қуат өмірдің қандай қиыншылығы болса да жеңіп шығады.

Қазақтың ұмытылған бұл екі мінезі – ел басыға сенім мен намысқорлық, бір-бірімен тығыз байланыста. Халық сеніп сайлаған ел басы, топ басылар елге тыныштық өмір беріп, адамның рухани болмысын, яғни жан құмарын қорғайды. Есесіне халық та «Оны зор тұтып, әулие тұтып, онан соң жақсылары да көп азбайды екен». Осылай халық пен ел басының арасында тығыз байланыс орнығады. Сонымен бірге, намысқор адамның әрқашан да рухани болмысы таза болады. Ол өзін қорлап, әділетсіздік жасағанға ешуақытта көнбейді. Халықтың мұндай мінезін білетін елбасылар өздері де әділетті болуға тырысып, елдің көңілінен шығуға ұмтылады. Халыққа ұнамаған ел басы жөнге салынады, не болмаса орнынан қуылады. Намысқор халықтың қаһарынан қорыққан ел басы өзінің міндетін толық атқаруға тырысып, бұрыс жолға түспейді. Сонымен бірге, жақсы ел басының арқасында тыныштық орнаған елде адамның рухани болмысын жетілдіруге мүмкіндік туады. Бүгінгі күндердегі алдыңғы қатарлы демократиялық елдерде халықтың көңілінен шықпаған президенттердің орнынан алынып, жазаға тартылып жатулары осының көріністері.

Сонымен, намыс бар жерде ел басыларына деген сенім де пайда болады. Яғни ел басыға сенім мен намыс тығыз байланыста. Намыс сенімді тудырады. Сондықтан Абай қазақ халқының бұл қасиетін негізгі құндылық ретінде көрсетіп отыр.

Намысты көтерудің негізгі жолы қандай? Енді осы маңызды сұраққа үңіліп көрелік. Намысты көтерудің негізгі жолы — Абай көрсеткен жан құмары мен тән құмарын үйлесімге келтіру. Жан құмары оянса, адамдардың өмірге деген құштарлығы шыңдалып, өседі. Қазіргі кезде атеистік дәуірден өткен халқымыздың жан құмары әлсіреп, жүрек көзі жабылған. Жан ұйқыда болғандықтан, одан шығатын ерік те, қайрат-жігер де әлсіз. Бұл әлсіздік жан құмары түгілі, тән құмарын қанағаттандыруға да мүмкіндік бермей отыр. Өркениеттің екі қанаты болып табылатын жан құмары мен тән құмарын осылай әлсіретіп, елдің құлдырауын тоқтата алмай отырмыз. Нәтижесінде өркениетіміздің материалдық құндылығы да, рухани құндылығы да жетілмеген. Жан күйзеліп, көкірек көзі жабылған соң адамның ынта-жігері әлсіреп, қайрат ұшталмай, түтігеді. Адамдардың мінезі осылай өзгеріп, қой мінезді болып, айдағанға көнгіш болады. Көп адамдар Абайдың «Көп айтса көнді, Жұрт айтса болды – Әдеті надан адамның» деген қалпына келіп отыр. Қайрат-жігерсіз мұндай әлжуар, бейқам адамдармен қоғамды өзгерту қиынның қиыны. Адам заманға тәуелді болып, өмірді адам емес, замана басқарып кетеді. Тәуелсіз мұндай замандағы адамдар туралы Абай «Заманға жаман күйлемек, Замана оны илемек» дейді. Алдына қойған мақсат та жоқ. Абай ілімі бойынша жоғары мақсаты жоқ адам малмен тең. Осылай заман ағымынан шыға алмай, иленген пенде қарапайым машинаға айналып, тіршіліктің зардабынан шығу жолын таба алмай, тығырыққа тіреледі. Оның өмірі бақытсыз, шырғалаңға толы. Өмірде ол жел айдаған қаңбақ тәрізді. Замана оны бірде ойға, бірде қырға қуып, сергелдеңге салады.

Ұлттық рухты көтеру – ұлттық сананы өсірумен тікелей байланысты.  Ұлттық идеяны іске асыру үшін Жан құмарын өсіріп, жүрек көзін ашып, рухани жетілуге ұмтылу керек.    Ал рухани жетілудің жолын Абай былай деп көрсетіп кеткен:

Жүректің көзі ашылса,

Хақтықтың түсер сәулесі.

Іштегі кірді қашырса,

Адамның хикмет кеудесі.

Жүректің көзі ашылу дегеніміз адамның рухани болмысқа көңіл бөлуі. Сол кезде Хақтықтың сәулесі түсіп, іштегі кір қашып, тазарады. Нәтижесінде адамның кеудесі хикметке толып, өмірдің қандай шырғалаңдары болса да оңай жеңіп, өзінің мақсатына жетеді.

Қорыта келгенде, суға батқан адам өлімнен тек өз күшімен ғана құтыла алады. Біздің жағдайымыз да бүгінгі күндері осыған ұқсас болып отыр.  Сырттан ешкім келіп көмектесе алмайды. Біз тек қана өз күшімізге сеніп, өзіміз әрекет жасауымыз керек. Халықтың күш-жігерін бір мақсатқа шоғырландыру керек. Ол үшін бүкіл халық болып қабылдайтын ұлттық идея керек. Ұлттық идея ғана бүкіл қазақты бір мақсатқа жұмылдыра алады.

Абай ілімі бойынша ұлттық идеяның негізі – ұлттық намысты жетілдіру. Намысты қоғам өзіне лайықты ел басыларын сайлап, олардың іс-әрекетін толық қадағалап отырады. Қандай ұлттық идея болмасын, мемлекеттік деңгейде қабылданып, жүйелі түрде жұмыс болғанда ғана ол іске асады.

Досым Омаров, абайтанушы-ғалым

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button