Мақала Редакция таңдауы

Абай үйінің жиһазы

Фото: Абай музейі

Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы өзінің орыс досы Н.И.Долгополов арқылы қазақ халқының ертеден қолданып келе жатқан заттарын Семей қаласында ашылған өлкетану музейіне 1885 жылы тапсырады.

Ол туралы ақынның немере інісі Әрхам Кәкітайұлы Ысқақов «Абайдың өмір жолы» атты естелігінде айтып өтеді. «1885 жылы жаз ортасында Абай аулына Долгополов келді, ол адамның мамандығы адамның жаратылысын тексеру екен. Сол сапардан қайтқаннан кейін Долгополовқа Мағауия екеумізді қосып, Бақанас өзенінің бойындағы үңгір тастарды аралатып көрсеттірді. Олардан да Долгополов көп нәрселерді көріп, жазып алған еді.

Абай ағам Семей қаласында ашылған музейге қазақ халқының ертеден қолданып келе жатқан заттарын көрмеге қоюды мақсат етіп музейдің басқарушыларымен келісіп, мынадай заттарды жиғызып апартып берген еді.

Қазақ киіз үйлерінің жабдықтары: алаша, сырмақ, түскиіз, үй ішіне төсек-аяқ, жүкаяқ, асадал, қалмақбас дегендерді, олардан басқа қобыз, домбыра, кісе-белдік және ұста саймандары: көрік, төс, балға, соғыс құралы: найза, айбалта, шоқбар, шиті мылтық, бұлардан басқа да талай түрлі заттар, ең ақыры қазақ істейтін тағам құрт, ірімшік сияқты заттарды да апарғызады, заман өзгеріп отырады, кейінгі ұрпақтар өткен замандағы ата-бабаларының қандай өмір сүріп, қандай зат қолданғанын көруді, білуді керек етеді. Сол үшін музейде сақталу керек. Ол жоғалмайды, – деген еді.

Сол заттардың ішінен Абай тапсырған заттардың он жетісі 1964 жылы Қазақ ССР Мәдениет Министрлігінің қаулысы бойынша өлкетану музейінен Абай музейі қорына өткізілді.

Бүгінде Абай музей-қорығының құнды жәдігері, Абай тапсырған заттардың бірі, ақын үйінің жиһазы – кебеже. Түсім кітабындағы тіркелу нөмірі: КП – 1378, өлшемі: биіктігі – 79 см, ұзындығы – 61 см, ені – 52 см.

Кебеже – қазақ халқының қол өнерінің ішінде, өнер туындыларына жататын бұйымдардың бірі. Музей қорында бізге келіп жеткен кебежелердің өте әсем көркемделген, көлемдері жағынан да, сыртқы сәнділік жағынан да бірін-бірі қайталамайтын сан-түрі сақтаулы.

Кебеже – тамақ сақтауға арналған сандық сияқты ағаш бұйым. Кебеженің түбі қалың тақтайдан жасалады. Қазақ ежелден азық-түлік сақтауға кебежені пайдаланған. Көшпелі заманда сүр ет, құрт-май салып сақтауға, түйеге теңдеп алып жүруге де ыңғайлы, тұрмысқа өте қажет бұйым болған.

КП – 471 Еркежанның ағаш төсегі

Еркежан Ибаққызы (1858-1927) інісі Оспан қайтыс болғаннан кейін Абайдың әмеңгерлік жолмен алған әйелі.

Ұлжандай ұлағатты анадан үлгі-өнеге алған Еркежан, Оспан мен Абайды, Ділдә мен Әйгерімді өз қолымен ақтық сапарға аттандырған.

Еркежан қайтыс болғаннан кейін біраз дүние-мүлкі туысы Сқақов Ябибтің қолында қалады. Солардың арасында осы ағаш төсек те болған. Ябиб 1931 жылға дейін Жидебайда Абайдың немересі Әубәкірмен бірге тұрған. Сол жылы әке-шешесімен Семейге көшеді. Кейіннен апасынан қалған асыл дүниелерді (ағаш төсек, кестелі орамал, түймелер) ұлы ақынның музейіне тапсырады. Қазір осы баға жетпес қасиетті мүлік Жидебайда, Еркежанның бөлмесіне қойылған. Ағаш төсек өте жақсы сақталыпты. Бетіне жұқа сүйектен әдемі ою-өрнектер орнатып, қара, қызыл түстерге боялған. Оюлар қалпақшалы күміс шегелермен жеке-жеке бекітілген.

Өлшемі:

Төсектің жалпы ұзындығы – 194 см.

Төменгі жағы – 123 см.

Биіктігі – 92 см.

Ені – 123 см.

Екі қанаты – 40 см.

КП – 1367 Ділдәнің ағаш төсегі

Ділдә Алшынбайқызы (1843-1924) Абайдың бәйбішесі. Ақылбай, Әбдірахман, Мағауиядай талантты перзенттердің анасы.

1924 жылы құт-мекенін тастап кетуге мәжбүр болады. Қолындағы дүние-мүлкінің басым бөлігін туыс-жақындарына қалдырады.

Ал ағаш төсегін сыйлас құдасы Өтепбаев Нұғыманға аманат етеді. Абайдың өзі ел ішіндегі шебер Еспембетке арнайы тапсырыс беріп жасатқан асыл мүлікті Өтепбаев көзінің қарашығындай сақтап, қиын кездің өзінде ешкімге сатпай, ұлы ақынның өз музейіне қуана тапсырады. Ақынның немере інісі Әрхам Кәкітайұлы Ысқақовтың «Абайдың өмір жолы» атты естелігінде осы дүниенің 1923-1941 жылдар аралығында Өтепбаевтың үйінде болғаны, 1941 жылы жаңа құрылған ақын музейіне әкеп тапсырғаны туралы айтылады. (29 іс, акт №9 (12а), 27.01.1941 жыл).

Төсектің тарихын анықтап жазып, ою-өрнектерін сызбаға түсіріп, өлшемдерін жасаған Әрхам Кәкітайұлы Ысқақов пен музейдің ғылыми кеңесшісі болған Борис Акерман (музей архиві, 29 іс, аралығында Құнанбай әулетінің ата-қонысы Ақшоқыда тұрған. 27.01.1941).

Төсектің сипаттамасы:

Екі қанаты бар ағаш төсек. Алдыңғы жағы жылқының жақ сүйегі мен аяқ (тобық) сүйегін пайдалану арқылы жасалып, қошқар мүйізді ою-өрнектермен безендірілген. Өрнектер симметриялық дәлдік сақталып, қызғылт, көгілдір, қоңыр түстерге боялған. Қара бояумен түзу сызықшалар жүргізіліп, аралары ақ түсті металдармен бөлінген. Қызғылт түсті оюлары бар. Қалпақша шегелер де пайдаланылған. Төсектің ұзындығы – 198 см (екі қанат аралығы) ені – 103 см, қанаттарының ұзындығы (басқы және аяқ жағы) – 46 см.

Қазір Абай мен Ділдә пайдаланған асыл мүлік Жидебайдағы музей-үйде Ділдәнің бөлмесінде тұр.

Арай Талғатқызы

Абай музейінің жоғары дәрежелі маманы

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button