Жамбыл облысы

ӘБІЛҚАЙЫР ДАЛАСЫНДАҒЫ «СҰМҚАЙТТЫ» ҰМЫТЫЛМАС ОРНЫ (1728-1730 жж.)

Орналасқан жері: Т. Рысқұлов ауданының орталығы Құлан аулынан солтүстік-батысқа қарай 45 шақырым жерде орналасқан. 1728-1730 жж. тарихымызда біріккен қазақ қолының жоңғар басқыншылығына қарсы жүз жылдық азаттық соғысында бетбұрыс жасаған ең ірі шайқастардың бірі болған «Сұмқайтты» даласын алғаш 1926 ж. жол құрылысының инженері және тарихшы М. Тынышбаев Шу-Талас өзендерінің аралығында зерттеу жүргізу барысында анықтаған.

1997 жылы бұл жерді халық жазушысы Ә. Кекілбаев мұқият зерделеп, нәтижесінде «Үркер» романын жазып, Әбілқайырдың жаңаша тарихи образын ашса, тарихшы-ғалым М. Қозыбаев бастаған ғылыми экспедиция шайқас болған жерді жан-жақты зерттеген. Археологиялық зерттеулер барысында сарбаздардың қару-жарағы, ер-тұрман саймандары көптеп табылған.

1720 жылдың соңында Әбілқайыр осы жерде болған жоңғарларға қарсы соғыста қазақ жасақтарын басқарған және өзенге жақын қалың бұталы, шөбі шүйгін жерді таңдап тұрақтаған.

Кіші жүздің ханы Әбілқайыр бастаған үш жүздің жасақтары жоңғарларға қарсы қиян-кескі соғыс жүргізген. Кіші-гірім өзеннің көне арнасының маңында болған қантөгіс ұрыста қазақ батырлары жоңғарлардың шабуылына тойтарыс беріп қана қоймай, оларды өз жеріне қарай қайтуына мәжбүр етті. Ұрыс болған жер ел аузында «Сұмқайтты», яғни қатыгез жаудың беті қайтты деп атала бастады.

Бұл туралы Ілияс Есенберлин «Көшпенділер» романының «Жанталас» деген бөлімінде: «Үш жүздің әскері жауымен алғашқы рет Балқаш көлінің күнгейіндегі Алакөлдің тұсындағы Хан тауы деген жерде кездесті. Үлкен Орда ханы Болат пен бар қазақ әскерін басқарған Кіші жүздің ханы Әбілқайыр үлкен жеңіске жетті. Шұно-Дабо басқарған қалың жоңғар жеңіліп, Іле өзенінің бойымен шығысқа қарай қашты. Бұл жеңісті қазақ жұрты артынан жоңғарлар аңыраған «Аңырақай» жеңісі деп атады. Алакөл жағасындағы ұрыс болған жерде қырқа, белес, асуларға «Әбілқайыр», «Сұмқайтты» болып өзгерген ат қойды» деп сипаттаған.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button