Ақтөбе облысы

Әбубәкір Боранқұлұлының кесенесі

Ескерткіштің түрі: Киелі объекті

Ескерткіштің мерзімі: 2000 жыл

Орналасқан жері: Ақтөбе облысы, Алға ауданы, Болгарка ауылы.

Қысқаша сипаттама: Жоспары алты қырлы центрлік бір камералы күмбезді мавзолей. Ақ түсті силикат кірпішпен қызыл кірпіштің комбинациясымен салынған. Алты қыры қамал мұнарасы секілді тұрғызылып, пирамида пішінді декоративті металмен тұйықталған. Күмбез үстіне айшық орнатылған. Мавзолейдің ұзындығы – 3,95 м., ені – 3,6 м., биіктігі – 6,5 м.

Тарихи мәліметтер: ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ ақындарының ең көрнектілерінің бірі – Әбубәкір Боранқұлұлы. Оны көптеген ақын үлгі тұтты, ұстазы санады. Даңқы қазақ жерінен әрі асып, Орталық Азия елдеріне жетті.

Ақын Тұзтөбеде, Орал, Орск, Орынбор, Ақтөбе маңындағы елдерде бала оқытады. Аса білімдар, саясатқа жетік, сол кездегі өмір ағымын жіті меңгерген Әбубәкірдің өлеңдері төрт аяғын тең басқан жорғадай болғандықтан халықтың көңілінен шығып жатты. Ел жұрты оны мақтан тұтып, айрықша құрметке бөлейді. Ақынның өлеңдері Қазан төңкерісіне дейін 1903 және 1905 жылдары Қазан қаласында екі рет кітап түрінде басылып шықты. Алайда Кеңес өкіметінің тиым салуы себепті тәуелсіздік алғанға дейін оның есімін атауға, шығармаларын жарыққа шығаруға мүмкіншілік болмады. Жалғыз Әбубәкір емес, «зар заман» ақындарының жолы қазақтың бұрын-соңғы ақындарымен салыстырғанда тым ауыр болғаны көпшілікке аян.

Әбубәкір мұрасының жанры сан алуан, онда толғау, арнау, жоқтау, төкпе айтыс, жазба айтыс, жұмбақ айтыс, сықақ-эпиграмма, мадақ, саяси-әлеуметтік, философиялық жырлар, көңіл-күй лирикалы, шежіре жыр, дін мәселелеріне арналған өлеңдер бар.

Әбубәкірдің қазіргі күнге жеткен Доспамбет жыраудың ұрпағы Ноғай Нұрыммен, Әлім Қожахметпен, қарақалпақтың хас жүйрігі Құлымбетпен болған әйгілі айтыстары бар.

Айтысқан үш ақын да, бірінен бірі өткен жүйрік. Мәселен Ақтөбелік Әлім Қожахмет – әуелі әкесінің бауыры Жәкібай хазірет мешітінде оқыған, сосын Орынбор, Троицк қалаларында білім алған. Өз дәуірінің сауатты адамы, молда әрі ақын. Оның дүниетанымын, ақындығын Кердері Әбубәкір жоғары бағалаған. Ақынның Әбубәкірмен айтысы өзінің көзі тірісінде «Дала уәлаяты» газетінің 1900 ж. №23-24 сандарында «Қожахмет молданың Әбубәкірге айтқан жұмбақтары» деген атпен жария көрген. Қожахмет қазақтың аса білімді ақыны Нұржан Наушабаевпен де айтысқан.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button