«Абылай ханның қара жолы» онлайн конференциясы өтті
Ақмола облысы «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі мен Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының ұйымдастыруымен «Абылай ханның қара жолы» республикалық ғылыми-практикалық онлайн конференциясы өтті.
Аталмыш конференцияға «Абылай ханның қара жолы» атты Түркістан экспедициясының құнарлы деректері негіз болды.
Биылғы жылы сол деректер негізінде Ақмола облысының әкімі Ермек Боранбайұлының қолдауымен «Абылай ханның қара жолы» атты мазмұны ауқымды ғылыми жинақ жарық көргенін де атап өткен жөн.
Тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаев пен экспедиция басшысы, аталмыш кітаптың жинақтаушысы Мұрат қажы Ыдырысұлы республикалық онлайн конференцияға жетекшілік етті.
Онлайн конференцияда сөз бастаған Ақмола облысы Ішкі саясат басқармасының басшысы Алтынай Әміренова «Абылай ханның қара жолы» экспедициясының жетістіктеріне тоқталды.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған конференцияға филология ғылымдарының докторы Серік Негимов, тарих ғылымдарының докторы Зарқын Тайшыбай, Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяған, белгілі абылайтанушы Ғиззат Табылдин қатысып, баяндама жасады.
«Абылай ханның қара жолы» республикалық ғылыми-практикалық онлайн конференциясы жүзден астам адамның басын қосып, Абылай ханның тарихи тұлғасына қатысты сүбелі ғылыми тұжырымдар мен фактілерді кеңінен сөз етті.