Жаңалық Редакция таңдауы

Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана

Бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Қазақстандық қоғамдық даму институты» ҚеАҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Қайдарова Әсем Серікқазықызы мен «ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы» РММ директорының міндетін атқарушы Жолдыбалинов Нұржан Нұрланұлы Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Меморандумның мақсаты – Институт баспа өнімдерін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының қорына өткізу, ортақ ғылыми-зерттеу саласындағы ынтымақтастықты дамыту және нығайту.

«ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы» РММ директорының міндетін атқарушы Нұржан Нұрланұлы:

«Бәріміз еліміздің руханият саласының дамуына ат салысып жүргеннен кейін, екі мекеменің бірге ынтымақтастықпен жұмыс істеуі маңызды деп білемін. Біз үшін ең қымбат ол – кітап. Сіздердің бізге жаңа шыққан құнды кітаптарды сыйлап жатқандарыңызға ұжым болып қуаныштымыз»,- деп өз ризашылығын білдірді.

Өз кезегінде «Қазақстандық қоғамдық даму институты» ҚеАҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Әсем Серікқазықызы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы еліміздегі ағарту мен зерттеу саласында өзіңдік орыны бар, ең бай кітапхана екенін атап өтті.

«Соңғы жылдары біздің зерттеулеріміз жастардың 27% ғана кітапханаға жиі барып тұратынын көрсетіп отыр. Бұл әрине өкінішті көрсеткіш. Тағы бір мәселе, біз зерттеу барысында ата-аналардан «сіз балаңызбен қалай уақыт өткізесіз?» дегенде, балалармен бірге кітап оқуға аз көңіл бөлетінін зерттеу нәтижесі көрсетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында кітап оқитын ұлтты қалыптастыру үшін жас қазақстандықтар арасында оқу мәдениетін дамытуға және ілгерілетуге ерекше назар аударғаны белгілі. Сондай-ақ, бәрімізге белгілі биылғы жыл «Балалар жылы» болып жарияланды. Сондықтан Қазақстандық қоғамдық даму институты азаматтық қоғам, отбасы, жастар саласын зерттеп қоғамның дамуына үлес қосатын көптеген әдістемелік-нұсқаулықтарды, монографияларды және талдамалық баяндамаларды, оқу-танымдық кітаптарды, танымдық видеороликтерді әзірлеп жарыққа шығаруда. Меморандумға қол қоя отырып біз балаларға, жастарға, оқытушыларға, зерттеуші ғалымдар мен мамандарға, ізденіс саласында қоғамдық сананы жаңғыртып ұлттық бірегейлікті қалыптастыруда және жастардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға өз үлесімізді қосатынымызға сенімдіміз».

Сонымен қатар, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы үйлестіру департаментінің директоры орынбасары Шаханова Бекзада Сейдахметқызы және «Қазақстандық қоғамдық даму институты» ҚеАҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Төлепбергенов Аманбек Көрпебайұлы ынтымақтастық туралы меморандумның екі жақ үшінде тиімді болатындығын айтты.

Іс-шараға ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясының электоралды оқыту орталығының басшысы Боқанова Жанар Қалиқанқызы, журналист, «Ұлт ұйтқысы» қоғамдық қорының президенті Жарқынбек Жұмаділұлы қатысты.

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button