Ағайынды арна табыстырады
Президент Н.Назарбаев Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында «Алыстағы ағайын елден тұрақты хабар алып, байланыста болғысы келеді. Қазақстанда не болып жатқанын біліп, атқарылып жатқан істерді көргісі келеді. Қазір шетелдік көрермендерге арналған KazakhTV телеарнасы қандастарымыз тұратын аймақтардың біразын қамтиды. Бірақ бұл жеткіліксіз. Үкіметке мемлекеттік телеарналарды іргелес елдерде көрсету мүмкіндіктерін қарастыруды жүктеймін. Бұл мерзімді баспасөзге де қатысты», – деп нақты тапсырма берген еді.
Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Елбасының осы тапсырмасын орындауға күш салды. Жақында ғана Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев: «Елбасы «Шеттегі қандастардың Қазақстаннан жан-жақты хабар алып тұруына көмектесу керек», – деген болатын. Яғни, шетелдегі ағайынды отандық ақпаратпен қамтамасыз ету міндеті алға қойылды. Осы ретте «Хабар 24» және KazakTV арналары жуырда Ресейде хабар тарата бастайды. Шекаралас аймақтарды мекендейтін қандастарымыз, біраз уақыттан бері біздің министрлікке хат жолдап, ел жаңалықтарын көргілері келетінін жеткізіп еді.
Алыстағы ағайынның өтініші де орындалып отыр», – деп қалың елден сүйінші сұрады. Мемлекет басшысы «Әрбір азаматтың табыс жолы – еліміздің даму жолының көрінісі. Оларды алыстағы ағайын білуі қажет. Сондай-ақ өмір бойы сыртта жүрсе де, білімі мен білігі, өнері мен дарыны арқылы қазақтың атын шығарған бауырларын тарихи Отаны тануға тиіс. Қауымдастыққа әлемдегі танымал қазақтардың электронды базасын дайындауды тапсырамын. Бұл шетте жүрген ағайынмен сан түрлі салада ынтымақтастық орнатып, барыс-келісті жандандыруға жол ашады. Рухани жаңғыру – бүкіл қазақтың жаңғыруы, бірлік деген – барша қазақтың бірлігі», – деп Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында аталы сөз айтып еді. ХХ ғасыр – қазақ үшін қиянат пен қасіретке толы, өте ауыр ғасыр. Ғасыр басында қолдан ұйымдастырылған аштықтан қазақтың тең жартысы құрбан болды.
37-нің репрессиясында 103 мың адам сотталып, 65 мың беткеұстар зиялысы тұтқындалып, басымен қайғы болды. 25 мың арыс атылды. Президентіміз «Қазақ үшін сөз айта алатын адамдардың тамырына балта шабылып, жойып жіберілді. Сол қиындықтар кезінде қазақтар жан сауғалап, дүниежүзіне шашырап кетті. Мың өліп, мың тірілген қазақ өркендеп, қайта өсіп келеді.
Қазір 5 миллионнан астам қандасымыз шет мемлекеттерде тұрып жатыр. Тәуелсіздік жылдарында алыстағы ағайынды қолдауды естен шығарған емеспіз. Шетелден 1 миллионға жуық қазақты елге көшіріп алып, қолдан келер барлық көмегімізді жасадық», – деп мәлімдеді. Осы орайда «Хабар 24» пен KazakTV арналарының Ресейде хабар тарату лицензиясына қол жеткізгені – біз үшін өте тиімді жаңалық. Көрші елдің теленарығына ресми тіркелу үшін қажетті техникалық және құжаттық талаптардың қыруар шаруасын ойдағыдай атқарған министрлік жұмысына «бәрекелді» дегеннен басқа не айтамыз!
Көптеген келіссөздердің нәтижесінде Қазақ елі Ресейдің кабельдік операторымен ортақ мәмілеге келді. Енді Қазақстанның мерзімді басылымдарын Ресейдегі қандастарымыздың еркін оқуына қол жеткізсек, керемет болар еді. «Қай елдің азаматы болса да елде оқыған қазақ баласы ертең Қазақстанға қызмет ететінін есте сақтаған жөн», – деген Елбасы сөзі ұдайы есте тұруы керек.