Жаңалық

АҒЫЛШЫН ТІЛІН ЕРКІН МЕҢГЕРЕМІН ДЕСЕҢІЗ...

Еңбектенген баладан бастап, еңкейген кәріге арналған «Ағылшынша тіл сындыру» тұңғыш өз бетімен үйрену құралы жарыққа шықты. Авторы – Ернат Мелсұлы.

Бір тілді толық меңгере алмай жатқан балаға екінші тілді, қала берді үшінші тілді жүктеп баланың басын қатырып жатқан бағдарлама көңілінен шықпаған соң жасалған еңбек бұл. Басқаша, әлдеқайда түсінікті де оңай жолмен үйретуге болатынын дәлелдейтін еңбектің авторымен аз-кем сұқбаттасып едік. Әңгімеміз ұлт тағдырындағы тілдің рөлі, тіл үйренудің қиындықтары мен біз білмейтін қырлары, адам қандай жағдайда ақыл айтуға құқылы және т.б. тақырыптарда өрбіді.

Ruh.kz: Ребредингті сізге түсіндірудің қажеті жоқ. Өзгерттіңіз. Қоғамға керек іс. Осыны істеген, өзгерткен, жаңғырған адам ретінде толығырақ айтып өтсеңіз? Сізге деген көзқарас өзгерді ме?

Ернат Мелсұлы: Көзқарас өзгерді. Қолдап жатқандар баршылық. Ернат Мелс деген біртүрлі жат естілетін тәрізді. Адамдарды шатастырады. Менің ұлымның аты – Қасым. Қасым Ернат болса әкесі қайсы, баласы қайсы белгісіз. Ал Қасым Ернатұлы болса бәрі тайға таңба басқандай белгілі. Адамның тегі танысқанда, таныстырылғанда, айтылғанда қай ұлттың адамы екенін айтып тұруы керек қой. Менің аты-жөнім менің қазақ екенімді ашып айту керек. Бұның маңызы осында. Мысалы: Шевернадзе, Аманашвили, Төреоғлы дегенде олардың грузин екені, әзірбайжан екені, түрік екені айтылып тұр. Ал «-ев», «-ин» дегендер біздің ілік септігіндегідей тиесілілікті білдіретін жалғаулар. Демек Мелсев десе ол менің Мелстер әулетінің ұрпағы екенімді көрсетеді. Осы өзімізде бар дүние емес пе?! Мелстегі десе де осы ұғым айтылып тұрған жоқ па? Сондықтан міндетті түрде осыдан арылуымыз керек. Бұны заңмен реттесе де артық етпейді. Ұлттың игілігі үшін жасалатын идеология мемлекет тарапынан болғаны дұрыс. Қазақстандағы бүкіл сала, бүкіл бағыт қазақтың мүддесіне қарай орайластырылуы керек. Осыны бұлтартпасыз, бұлжытпай орындайтын, орындататын күш – заң. Бұны ел азаматтары ғана қолға алса, заңда ешқандай үгіт болмаса бұл тым баяулап қалатын үдеріс. Біздің тәуелсіз ел болғанымызға 30 жыл болып қалды. Осы елдің шынымен тәуелсіз екені, елдің иесі қай ұлт екені, елдің тілі қай тіл екені затымыздан көрініп тұруы керек қой. Өйткені біздің басқа мемлекетіміз жоқ.

Кітап оқырманы Айнұр Маратқызы

Көп дүние тілге байланысты. «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі»,- деп конституцияның 7 бабының бірінші тармағында көрсетілген. Енді осыған қарсы жүретін, халықты әуре-сарсаңға салатын осы заңның екінші тармағы бар. Екінші тармағында «Орыс тілі тең дәрежедегі тіл» дейді. Бұл жерде бір екіжүзді саясат тұр. Бізде осыны нақтылап беретін заң керек. Бірен-сараң адам ғана «қазақша сөйлеңдер»,-деп шырылдап жүр. Ал заң бос. Заңмен тыйым салынбаған соң менсінбеушілік те шығады. Екінші тармағының тіпті керегі жоқ. Халықтың басын қатырмау керек. Бізде қаншама бұқаралық ақпарат құралдары бар. Осының бәрінде қазақ редакциясы мен орыс редакциясы қатар отыр. Керегі қанша?! «Қазақша сөйле!» дейміз. Сосын қазақша сөйлемеуіне мүмкіндік жасаймыз. Қазақ тілінің көсегесін көгертпей отырған – заңдағы жалпақшешейлік. Бізге нақтылық керек.

Ruh.kz: Жөн айттыңыз. Сұқбатымызды жалғастырайық. Салауатты өмір салтынын ұстанасыз. Былтыр Ақтоғайдың 90 жылдығына орай «велошеру» ұйымдастырғаныңыз есімізде. Жол қалай болды? Ой қайдан келді?

Ернат Мелсұлы: Бұл тұрмыстық қажеттіліктен басталған іс. 6 жыл бұрын айлық жолақы билеті 7500 мың теңге тұратын. Үнемдеу керек болды. «Велесипед алып мінуім керек» деген ой келді. Содан сәуір айынан бастап қазан айына дейін велосипедпен жүретін болдым. 6 жыл бойы. Бірінші түрткі үнемдеу. Екінші түрткі салауатты өмір салты. Біз күніне 8, тіпті 10 сағат компьютердің алдында шұқшиып отырамыз. Қозғалыс жоқ. Адам күніне жоқ дегенде 40 минут жаттығу жасау керек. Спорт кешендеріне баруға уақытымыз келе бермейді. Таңертең ерте не қара кешке олар жұмыс істемейді. Жұмыс уақытында барып келуге біздің мүмкіндігіміз бола бермейді. Оның орнына велосипедке мініп таңертең жұмысқа келгенше, кешке үйге жеткенше шыныққан дұрыс деп шештім.

Кітап авторының оқулығын журналистерге таныстыру  барысы

Адам бақытқа, табысқа жетуі үшін төрт бағытта өзін дамыту керек. Бірінші бағыты – рухани даму.  Екінші бағыты – интелектуалды даму. Үшінші бағыты – физикалық даму. Төртінші бағыты – материалдық даму. Осы біздің төрт құбыламыз. Төрт құбыламызды тең ұстасақ табысқа, сосын бақытқа жетеміз. Кез-келген адамның көкейінде тұрған дүние ғой. Бақытты болғысы келу, табысты болғысы келу жаратылыстан. Қарызға батып, несиесін өтей алмай жатқан адам өзіне және өзінің айналасына қадірі жоқ бейшара. Кеңес үкіметіндегі «бай жаман, кедей жақсы» деген ұғым қате. Бұл адамның мүмкіндігін шектеу. Адам бейшара болса құлға айналады. Жеке адам ретінде, ұлт ретінде ауқатты болғанымыз дұрыс. Ақыл айту, сөзбен қуырдақ қуыру оңай. Ең қиыны мен ең дұрысы іспен көрсету. Біреуге ақыл айтудан бұрын соны өзің істеп көруің керек. Сөз бен іс сәйкес болуы керек. Шәкәрім бабамыз айтады – «Түптіге ұмтыл, тұрақты іс қыл» деп. Идеалға ұмтылуымыз керек. Іс-әрекет жасауымыз керек. Жаралыс басы қозғалыс. Қозғалысқа керек қолғабыс.

Ruh.kz:  «Ағылшыншы тіл сындыру» кітабының жарыққа шығуымен құттықтаймыз! Қазақ баласының ағылшын тілін меңгеруіне қаншалықты сеп бола алар еңбек?

Ернат Мелсұлы: Ағылшын тілін үйрену заман талабы. Бүкіл дүниежүзінде сұранысқа ие тіл. Технологияның, инновацияның, білім-ғылымның тілі. Әлемде жыл сайын қорғалатын ең сауатты, ең қажетті ғылыми еңбектердің 85 пайызы ағылшын тілінде тарайды. Қазақтың баласы жақсы білім алуы үшін, өзін дамыту үшін ағылшын тілін меңгеруі керек. Ағылшынға айналып кетпей түпнұсқадағы білімді алуы керек.

Орыс болу, орыс тілінде сөйлеу сәнге айналып кетті. Қазақ екенін, қазақта тіл бар екенін, ол тілдің орысшадан кем емес екенін ұмытып кеткендер бар. Осындай тілдік түсініксіз жағдайда ағылшынды қыстыру қауіпті. Қазақ баласы бірінші кезекте қазақ тілін дұрыс меңгеруі керек. Кейін сол қазақ тілінің негізінде ол ағылшынды үйренуі керек. Ағылшын тілін меңгеру тек лингвистикалық емес, психологиялық та мәселе. Қысқа мерзімді мотивацияның арқасында тіл үйренемін деу дұрыс емес. Шетелге шығу үшін, кино көру үшін, бір адаммен сөйлесу үшін деген тәрізді қысқа мерзімді мотивация жылт етіп жанады да жалп етіп сөнеді. Осындайда дұрыс мотивация беріп, қазақтың тілін, ділін ескеріп жазылған бірде-бір оқулық жоқ. Ауылдан келіп оқуға түскенімізде осыдан көп қиналдық. Ағылшынды орысшаға, орысшаны қазақшаға аударып жүріп оқыдық. Миын ашиды.

Тіл үйрену деген – дүниені тану. Біз қазір «Үштұғырлы тіл» деп бірінші сыныптан бастап оқытып жатырмыз. Бұл әлі бір тілді дұрыс білмейтін баланы қинау. Бұл – зорлық. Қорлық. Бұл жерде баланың құқығы тапталып жатыр. Бір жерде орысша жетпей қалса шу ете қаламыз. Ал 75-80 пайыз қазақтың құқығы қайда қалды? Бұны шовинистік көзқараспен айтып отырғаным жоқ. Есем кетіп жатқан соң айтып отырмын. Қазақ балаларының ағылшын тілін ана тілінде үйренуге құқы бар. Адам курсқа бармай-ақ, бір айдың ішінде өзі үйренсе деген ниетпен жазылған еңбек қолыңызда. «Самоучитель» деген сөздің қазақшасын таппадым. Өйткені ондай зат жоқ. Зат болмаған соң атауы қайдан болсын?! 20 дан астам тәжірибелі тіл мамандарымен ақылдасып, «өз бетімен үйрену құралы» деп қойдым. Өйткені ауызекі тілде осы сөз сіңіп кеткен. Осы сөз жақын әрі түсінікті. Бұл кітап – ағылшын тілін қазақ тілінде үйрететін алғашқы өз бетімен үйрену құралы.

19 жылдан бері осымен айналысып келемін. Баладан бастап үлкен кісілерге дейін ағылшын тілін үйретемін. Сонда осы өзіміздің қаракөз балалар «spoon» мен «қасық» деген сөздердің қайсысы қазақша сөз, қайсысы ағылшынша сөз екенін білмей шатасады. Қасықтың не екенін білмей тұрған балаға оның үш тілдегі атауы не керек?! Бала ана тілі қайсы екенін білмейді. Шатасады. Миы ашып кеткен. Біз өз қолымызбен мүгедек ұрпақ жасап жатырмыз. Балабақшадан бастап біз әуелі дүниені танытып алуымыз керек. Ана тілінде. Кейін, танып-біліп алған соң сол атаулардың ағылшыншасын я орысшасын үйретуіміз керек.

Ruh.kz: Тілді мына кітаппен сындырамыз. Ары қарай меңгеруге, жаттығуға арналған еңбектер дайындау да ойда бар ғой?

Ернат Мелсұлы: Әлбетте, бар. Ағылшынша тіл сындыру тек осы кітапқа ғана берілген атау. Бұны сериалау ойда жоқ. «Kazakh English grammar» деп екінші кітапты дайындап қойдым. Осы кітаппен бірге «Kazakh – English» деген жоба бастап жатырмын. Бұл жобаның мақсаты осы тілді үйренемін, жалғастырамын, жетілдіремін деген адамға толық материалды ұсыну. Видеоконтент жасау. Онлайн тренингтер ұйымдастыру. Қазақ тілі арқылы оқыту. Түсінікті тілмен үйрету. Дайын, жеңіл әдістеме беру. Адамның миын ашытпау. Оны жетелеп отыру. Бұл жобада езбе ереже, қасаң қағида атымен жоқ.

Ruh.kz: Ағылшын тілі мен қазақ тілінің ұқсас екеніне көз жеткізе аласыздар дейсіз. Ұқсастық жайлы айтып берсеңіз?

Ернат Мелсұлы: Сұқбатымыздың басында осыны айтып кеттік қой. Біз күнделікті қолданып жүрген сөздердің ішінде кемінде 1000 сөз ағылшын тілінде. Өзіміз де байқамай қалғанбыз. Тілімізге сіңіп кетіп барады. Сондай-ақ, «ө», «ң», «ә» деген дыбыстар бар. Біз осыларды еш қиынындықсыз айта аламыз. 9 тіл әрпіміздің үшеуі ағылшын тілінде кездеседі. Бұл ұқсастық. Ағылшын тілінде он екі шақ бар дейді. Бізде де сол он екі шақ бар. Бұл да бір ұқсастық емес пе?

Ruh.kz: Тіл үйренудегі психологиялық кедергілер дегеніміз не?

Ернат Мелсұлы: Заттардың атауын басқа тілде атау, оны жаттау жаңа туған балаға сай іс. Бірақ, ақыл тоқтатқан адамға қарағанда баланың ол заттарды, заттардың атауын жаттауы оңай. Себебі оның миы таза. Жаңа дүниені үйрену ескі комфорттан өтуді талап етеді. Бұл трансформация. Адам өзінің қалыбын жаңартады. Бұл қорқынышты да шығар?! Бірақ, дұрыс ұмтылыс болса, мақсат болса бәрін де үйреніп алуға болатынын ескеруіміз керек. Кітаптың алғысөзінің орнына идеялас игі жақсыға сөз арнадым. Себебі алғысөз деген оқырманға түк бермейтін кітаптың өлі бөлігі. Кітапты өлі бөлікпен бастаған дұрыс емес. Оның орнына кітапты қалай оқу керек екенін айтып отырмын. «Кітапты таңертең мидың таза кезінде оқыңыз. Кітапты бір ай бойы күнделікті оқып тұрыңыз. Себебі адамның 21 күн бойы істеген ісі әдетке айналады. Ағылшынша сөздерді күнде қайталап әдетке айналдырып жіберсеңіз, есте сақталуы жақсы болады да ол сөздер ұмытылмайды. Санада сақталып, жадыда жатталып қалары сөзсіз» деймін.

Ruh.kz: Қажет-ақ еңбек. Дау жоқ. Осы еңбекте, жалпы ағылшын тілін үйренудегі ұлттық ментолитет, ұлттық сана қаншалықты ескерілген?

Ернат Мелсұлы: Кітаптың мұқабасында қазақша ұйқас тұр. Осының өзі қазақылыққа жатады деп ойлаймын. Содан кейін, істі бастамас бұрын айтылар «бісміллә» секілді «теріс ойды таста, ағылшынша үйренуді баста» деп жазылып тұр. Мотивация берер сөз. Балаларға үйретіп отырған ата-аналар да тез-ақ үйреніп алатындай мүмкіндік беретін кітап. Себебі, ең көп қолданылатын, үлкен де жас та қатар қолданатын сөздер топтастырылған. Ұлттық болмысты, ділімізді барынша ескеріп жазылған еңбек.

Ruh.kz: Бәрекелді! Сұқбатыңызға рақмет. Еңбегіңіз жемісті болсын!

Сұлтан Мұстафин,

Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button