Ағылшын ұлы - Алатау
Ағылшындық саяхатшылар Томас пен Люсидің тұңғыш ұлы жер жәннаты – Жетісуда дүниеге келген еді. Қазақтың рухы мен болмысына тәнті болған жас ата-ана балаға Алатау-Тамшыбұлақ деген есім берген.
Талдықорған қаласында Ұлыбританиялық Джон Масси Стюарт «Томас, Люси және Алатау: Сібір мен Қазақ даласындағы Аткинсондардың шытырман оқиғалары» атты жаңа кітабының тұсау кесері өтті.
Ең бастысы, осы кітап арқылы Еуропалықтар Қазақстанның тарихын, қазақ халқының дәстүрін, әсіресе, осы Жетісу өңірінің мәдениетінен хабар алады. Демек, бұл жерлестеріміз үшін үлкен қуаныш деуге болады. Тағы бір жағынан, біздің қасиетті жерлеріміз шетелдіктердің назарын өзіне аудара білгенін де көрсетеді.
Аталмыш туындының тұсаукесері Жетісу жерінде өтуінің де өзіндік себебі бар.
19-ғасырда қазақ жеріне саяхаттап келген ағылшын саяхатшылары Томас пен Люсидің тұңғыш балалары дәл осы өлкеде дүниеге келген. Олар қазақ жерінде туған ұлына Алатау-Тамшыбұлақ деген есім берді және саяхаттарының басым бөлігі осы өлкеде өтті.
Қазақ жері жайлы жазылған кітап ағылшын тілінде мың данамен жарық көріпті. Шараға арнайы қатысқан кітап авторы Джон Масси Стюарт алдағы уақытта Тамшыбұлаққа арнайы барып, тағы да басқа құнды деректерді іздеп, кітаптың жалғасын жазуға ниеттеніп отыр.
Егер кітап Алматы облысының әкімдігі тарапынан қолдау тапса қазақша және орыс тілінде жарық көруі мүмкін.
Алматы облысы, «Рухани жаңғыру» жобалық офисі