Аян Тәжібай: «Елім дегенде етігімен су кешуге даяр азаматтар көбейіп келеді»
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында елімізде қыруар шаруа атқарылып жатқанын ел біледі. Аталмыш мақала аясында атқамінер азаматтар мемлекет болашағы үшін күндіз-түні қызмет жасауда. Солардың бірі – «Рухани жаңғыру» республикалық жобалық басқару кеңсесінің «Атамекен» кіші бағдарламасының әкімшісі Аян Тәжібай.
Аян Қостанай облысы Наурызым ауданында дүниеге келген. Дегенмен, азаматтық тұлғасының қалыптасу кезеңі Астанада өтіп, елордада мемлекет гүлденуі үшін атсалысып жүрген ортаның қазанында қайнаған. Қазір, біздің кейіпкеріміз өзінің азаматтық ұстанымы бар, ел болашағының жарқын болуына бағытталған нақты мақсаттары бар тұлғаға айналып келеді. Елбасымыз да өзінің әр сөзінде жастардың сындай маңызды әрі жауапкершілігі үлкен қызметтерге араласуын талап етіп келеді. Сол талаптарға сай дамып келе жатқан жас та болса бас болып, елді өзінің ауызына үйіріп жүрген «Атамекен» кіші бағдарламасының әкімшісі Аян Тәжібаймен сұхбаттасқан едік. Сұхбатты төменнен оқыңыз.
– «Ит тойған жеріне, ер туған жеріне» деген мақалды қалай түсінесіз?
– Бұл мақалдың ауқымы өте кең. Әрбір азамат өзінің кіндік қаны тамған өлкесіне, лашық та боса, туған үйіне асығып, сыртта жүрсе сол мекенді ерекше сағынып жүреді. Қазақта туған жердің қасиетін екі ауыз сөзге сыйдырған нақыл сөздер өте көп. «Отан үшін отқа түс, күймейсің» деп те айтылады. Қай мезгілде болсын, қандай қиындықта болсын, туған жер үшін, ұлт үшін қызмет жасау – парыз. Сіздің сұрақтағы мақалды шетелде оқып немесе қызмет жасап жүрген азаматтар айрықша есте ұстауы қажет. Білімін, кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында ел асып барған жастардың барлығы Отанына оралып, жиған-терген тәжірибесін, білімін мемлекетті гүлдендіру мақсатында жұмсауы тиіс.
– «Туған жер» арнайы жобасы аясында өз туған жеріңізге қандай қайырымдылық жасадыңыз?
– Мен қызмет жасап жүрген «Атамекен» кіші бағдарламасы осы «Туған жер» арнайы жобасы аясында жүзеге асып жатыр. Мен өзімнің туған өлкеме материалдық тұрғыдан көмек бере алмасам да, ақпараттық сүйемелдеу, игі істері үшін марапаттау секілді шаруаларды бір жүйеге келтіруге атсалыстым. Бұл жалғыз туған өлкеме ғана емес, Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі «елім, жұртым» деген азаматтарға жасалған көмек деп білемін.
Сонымен қатар, біздің «Атамекен» кіші бағдарламасының аясында «Туған жерге тағзым» атты жоба бар. Сол жоба аясында еліміздегі барлық меценаттардың, қайырымды азаматтардың игі істерін елеп-ескеріп, бір жүйеге енгізіп, еліміздегі барлық ақпарат көздерінен халыққа көрсетіп жатырмыз. Ондағы мақсат – халқына қызмет жасаған нағыз азаматтардың ерлікке пара-пар ісін насихаттау, оның ел арасындағы мерейін үстем ету.
Сондай-ақ, «Атамекен» кіші бағдарламасының аясында «Әлеуметтік бастамалар картасы» деп аталатын кіші бағыт бар. Сол кіші бағыт аясында бір жыл бойы күллі Қазақстанды қамтыған «Жомарт жүрек» атты форум өтті. Форум көлемінде меценаттар, қайырымды азаматтар аудан, облыс, республика деңгейі бойынша марапатталып, ақпарат көздері арқылы бұқара назарына ұсынылды.
– Мемлекеттің гүлденуіне үлес қосу қалталы азаматтарға міндет пе?
– Менің ойымша, мемлекеттің гүлденуіне үлес қосуға тек қана меценаттар емес, барлық азамат міндетті. Әрине, барлық көмекті материалдық тұрғыдан қарастыру – әбестік. Егер мемлекеттің гүлденуіне, халықтың тұрмыстық әлеуетінің көтерілуіне материалдық тұрғыдан көмек бере алмасаң, зияныңды тигізбеуге, мемлекет мүлкін қастерлеп пайдалануға ұмтылмақ керек.
Мысалы, қоғамның әрбір мүшесіне сыйластық көрсету, ізгілікке ұмтылу, экологияны ластамау сынды әрекеттер де мемлекеттің, қоғамның, елдің, жердің гүлденуіне алып келеді.
Сұраққа қайта оралсақ, меценаттарға бұл нәрсені міндеттеп берген ешкім жоқ. Сонымен қатар, бұл үрдіс қазақ ұлтының болмысына жат емес. Уағында қалталы байлар мен мергендер, батырлар өз ауылының, өз ұлысының тұрмыстық әлеуетін көтерген. Сол секілді бүгінгі «Рухани жаңғыру» кезеңінде де нағыз азаматтар өз туған жерлерінің әл-аухатын көтеру мақсатында қызмет етуде. Олардың жасап жатқан игі істерін қалай мақтасаң да, қалай насихаттасаң да лайық деп білемін.
– «Туған жер» арнайы жобасы аясында атқарылып жатқан шараларға жеке пікіріңіз қандай?
– Қазір арнайы жобасы аясында жүзеге асып жатқан шаралар бір жүйеге келтірілді. Әрине, барлық шаруаны бір жүйеге келтіру бір сәтте жүзеге асқан жоқ. Осы орталықтандыруды іске асыруға қаншама маманның еңбегі сіңді.
Сонымен қатар, өңірлерде Елбасының туған жер туралы айтқан сөздерін, міндеттемелерін қайтадан түсіндіру жұмыстары өткізілді. Себебі, кей жерлерде аталмыш әрекеттер қағаз жүзінде атқарылып, жастарға немесе жалпы бұқараға дұрыс түсіндірілмей қалып жатады. Біз бір жыл ішінде осындай олқылықтардың орынын толтырдық.
Елбасының айтуы бойынша, біз «Туған жер» арнайы жобасын толыққанды орындағаннан кейін «Туған ел» деп аталатын бағытқа ауысуымыз қажет. Өйткені, әркімнің өз туған жері бар, қазір арнайы жобасы аясында азаматтар мүмкіндігінше туған жеріне қызмет жасап жатыр. Осыдан кейін тұтас ұлт болып, мемлекет болып, туған елдің, мемлекеттің гүлденуіне еңбек етуіміз шарт.
Сондай-ақ, меценаттық ұғымының да ауқымын кеңейту мәселелері қарастырылуда. Қазір «Туған жер» арнайы жобасы аясында меценаттар өздерінің кіндік қаны тамған өлкелерге түрлі нысандар салып қызмет етуде. Бұл, әрине, қуануға тұрарлық жайт. Дегенмен, қоғамның деңгейін арттыру үшін алдағы уақытта интеллектуалды меценаттыққа көшуіміз қажет. Яғни, халықтың, жастардың білімін арттыруға, өркениет пен мәдениеттің дамуына үлес қосу керек.
– Арнайы жоба аясында жүзеге асқан игіліктерді жүздеп санауға болады. Сол игіліктерді барынша ақпараттық сүйемелдеу қалталы кәсіпкерлер арасында қайырымдылық жасау бағытында бәсекелестік тудырады деп ойлайсыз ба?
– Әрине, ақпарат құралдары арқылы игі істердің халыққа жеткізілуі, соның негізінде бәсекелестік артып, қайырымды азаматтардың көбеюі – көңілді бірлейтін жайт. Ақпараттық қолдаулар арқасында қоғамда осындай үлкен қозғалыс жасай алсақ, қуануға әбден болады.
– Сұхбатыңызға рахмет!
P.S. Республикалық жобалық басқару кеңсесінің «Атамекен» кіші бағдарламасының әкімшісі Аян Тәжібай кей жерлерде «меценаттық» деген сөздің орынсыз қолданылатынын айтып қалды. Халық санасын жаңғырту мақсатында қызмет етіп жүрген маман көпшілікке мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын бүге-шігесіне дейін қайта оқып шығуды ұсынды.