Жаңалық

Аида Балаева: «Бағдарламаға қатысты жаңалықтар «Ruh.kz» порталында жарияланады»

Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева халыққа есеп беру кездесуінде айтып өтті.

«Білесіздер, осыдан 3 жыл бұрын ұзақ мерзімді арнайы бағдарлама қабылданған. Осы уақыт ішінде біраз шаруа атқарылды. Қазіргі таңда аталған бағдарлама аясында 13 арнайы жоба іске асырылып жатыр», – деді Аида Балаева.

Министрдің айтуынша, бағдарламаны іске асыру бойынша 2020 жылға арналған 97 тармақтан тұратын жоспар құрылған. Оған сәйкес атқарылатын іс-шаралар – тұлғалық даму, ұлттық ерекшелікті сақтау және мемлекет пен азаматтық қоғамды дамыту сияқты 3 бағытқа бөлінді. Соған орай әр өңірдің жоспарлы түрде атқаратын жұмыстары бар екендігін тілге тиек етті.
Бұдан бөлек, министр ақпараттандыру саласындағы «Ruh.kz» порталы және осы бағдарламаға қатысты барлық мәселелерді талқылау үшін арнайы «Азаматтық алаң» жұмыс істейтіндігін айта кетті.

«Әрине, кенже қалған мәселелер де бар. Олар бойынша біз жергілікті ресурстық орталықтармен тығыз қарым-қатынастамыз. Біздің тарапымыздан «Еңбек – елдің мұраты», «Құқықтық мәдениет», «Үнем – қоғам қуаты», «Дәстүр мен ғұрып» атты 4 арнайы жоба ұсынылып отыр. Олардың әрқайсысына жеке концепциялар жасалып қойған. Бұл жобалардың барлығының түбінде негізгі идея – тұлғаны тәрбиелеу мен қоғамда биік талғам қалыптастыру», – деді Аида Балаева.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button