Жаңалық

Аида Балаева БҰҰ елдерінің жастарымен бірлесіп экологиялық акция өткізуді ұсынды

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева онлайн форматта өткен БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік кеңесінің Х Жастар форумына (ECOSOC) қатысты деп хабарлайды Ruh.kz порталы ведомствоның ресми сайтына сілтеме жасап.

БҰҰ Экономикалық және әлеуметтік кеңесінің Х Жастар форумының негізгі тақырыбы – «Тұрақты дамудың экономикалық, әлеуметтік және экологиялық аспектілеріне ықпал ететін COVID-19 пандемиясынан кейінгі тұрақтылық пен өмірге төзімділікті қайта қалпына келтіру».

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева өзінің бейне үндеуінде Қазақстан Президенті Қ.К.Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясында айтқан Волонтерлерді жұмылдырудың халықаралық жылын жариялау туралы Қазақстанның бастамасын қолдауға шақырды.

Сондай-ақ, министрлік басшысы 2021 жылы экологиялық ағарту саласында бірлескен жаңа жобаларды жүзеге асыруды ұсынды.

«Елдің тұрақты дамуының маңызды негізі қоғамның экологиялық ағартылуы, қоғамның экологиялық мәдениеті болып табылады. Министрлік 2021 жылы БҰҰ елдерінің жастарын тарта отырып, «Таза планета» бірлескен экологиялық акциясын өткізуді ұсынады», — деді А.Балаева.

Сонымен қатар, министр өзбек тарапының БҰҰ алаңында жастар мәселелері бойынша достастық тобын құру және БҰҰ-ның жастар құқықтары туралы халықаралық конвенция жобасын ілгерілету туралы бастамасын Қазақстан қолдайтынын атап өтті.

Айта кетейік, ECOSOC Жастар форумы – жастардың өміріне әсер ететін проблемаларды шешу мәселелері бойынша БҰҰ-ға мүше мемлекеттер мен бүкіл әлемнің жас көшбасшылары арасында ашық диалог үшін құрылған жаһандық алаң.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button