Жаңалық

Айдос ЕСМАҒАМБЕТОВ: «Туған еліңді қуантудан басқа бақыт бар ма!»

Елімізде талантты, дарынды жастар өте көп. Қай қайсысы болмасын, еліміздің рухани-мәдени дамуына қызмет етіп жүр. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Елбасының пәрменімен «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы қолға алынып, талантты жастар көпке таныла бастады. Міне, осы жобаның екінші кезеңінде жеңіске жетіп, «мыңнан – тұлпар, жүзден – жүйрік» шыққан 29 жас дарын Елбасы Н. Назарбаевтың қатысуымен өткен салтанатты жиынға қатысты. Жоба жеңімпаздарының бірі – еліміздегі тұңғыш гипперреалист мүсінші, талантты суретші Айдос ЕСМАҒАМБЕТОВ. Қызығы көп саланы таңдаған суретші, мүсіншімен әңгімелескен едік. Ыстығы әлі кеппеген екеуара әңгімені назарларыңызға ұсынамыз:

Ruh.kz: Біздің оқырмандарымыз «Қазақтанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы атанған талантты мүсіншінің өскен ортасы жайында білгісі келеді. Өзіңіз туралы айта отырсаңыз…

Айдос: Менің өскен ортам тарихи тамыры терең Торғай өлкесі. Менің бойымдағы қасиет ата-анамнан берілген деп ойлаймын. Әкенің қаны, ананың сүті арқылы қонған құтты дарын. Ата-аналарым да тастан түйін түйіп, ағаштан ою ойған суретші адамдар. Менің альма-матерім – туған өлкемдегі жалғыз жоғары оқу орны Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты. «Бейнелеу өнері және сызу» мамандығын тәмамдадым. Сонау бала күнімнен-ақ сурет салуға ынтық болып өстім. Есейе келе осы қызығы көп саланы таңдадым. Сурет өнері деген –  ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының тәмсіліне салып айтқанда, «көрнек өнері» деп аталады. Яғни, бұл да бір көркем өнер. Сурет те «сөйлеп» тұруы керек! Студент кезімде адамдардың портреттерін салуға, мінез-құлық, психологиясын жан-жақты ашуға бейімделдім. Бұған оқытушы, ұстаздарымның қосқан үлесі зор деп білемін.

Ал, мүсін жасауды 2010 жылдан бері қолға алдым. Міне, айналасы тоғыз жылдың ішінде түрлі бағыттағы мүсін жасап көріппін. Бұрындары теледидардан Барак Обаманың немесе басқа да шетел майталмандарының мүсіні жасалыпты дегенді көп еститінмін. Ақырында, өзімді-өзім қамшылап әрі жетілдіріп, осы бір қызық әлемнің қызығына еніп кеттім ғой…

Ruh.kz:  Бұл саланың өзіндік қиыншылықтары да жетерлік шығар?

Айдос: Әрине, кез келген өнер саласының өзіне тән машақаты, қиындығы болады. Жұмыстың күрделілігіне байланысты портрет жасау 4 айдан 1 жылға дейінгі аралықта созылады. Әлемге әйгілі Мадам Тюссо музейлеріндегі дүниелер сондай ұзақ мерзімде жасалады екен. Шет елдерде үлкен, аумақты жобаларды 15 20 шақты топ болып, жабылып істейді. Бірінші процесс коркасты пішінін істеу, бұл ең негізгі – лепка процессі. Сол жерде анатомиялық кейіпкер жасап жатқан адамның сыртқы формасын ғылыми түрде, сапалы суреттермен  бейнелейді. Соны сезініп, мүсінді шығаруға тырысады. Одан кейін формасы алынып, силиконмен толықтанады. Силикон деген материал біздің мемлекетте шығарылмайды. Сатылмайды. Арнайы тапсырыспен Америкадан немесе басқа елдерден алдырамыз. Мысалы, кейіпкердің шашы бір талдап осы силиконға қондырылады. Міне, осылай түрлі материалдарды қамтып, бір мүсін шығарамыз…

Осы күнге дейінгі жасаған жобаларымның ішіндегі жұртқа көп танылғаны, менің атымды шығарғаны – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мүсіні. Қазіргі уақыт та бұл мүсінді қайта қарап, толықтыру жұмыстарын жүргізудемін. АҚШ 44 Президенті Барак Обаманың және Елбасы мен Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, ҚР Тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовтың тарих құжатқа қол қойып тұрған кезін бейнеледім. Бұл жұмысым қазіргі таңда Қорғаныс министрлігінің Әскери музейінің экспозициясында тұр. Ал, дәл қазіргі уақыт та қаймана қазақтың атын әлемге танытып жүрген жаны да, рухы да қазақ әйгілі Геннадий Головкиннің мүсінін бастап отырмын. Болашақта да елге танымал тұлғалардың мүсінін жасағым келеді. Басты мақсат – жастар мен жасөспірімдерге тұлғалардың образын ашып көрсету. Расын айтсам, ойға алған идеям өте көп…

Ruh.kz порталының мүмкіндігін ескере отырып, мені қолдап, дауыстарын беріп, үміт күткен барлық қолдаушыларыма, ел азаматтарына зор алғысымды білдіремін. Жұрттың көңілінен шығудан, туған еліңді қуантудан басқа бақыт бар ма!

 Ruh.kz: Айдос, қысылтаяң кезеңде уақыт тауып, әңгімелескеніңіз үшін рахмет. Ойға алған ісіңізге береке берсін!

Елдос Тоқтарбай

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button