Айдос Сарым: «Әрбір тиын есептелуі керек»
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде елімізде өңірлер бірдей деңгейде дамып жатпағанын сынға алып, өңіраралық теңгерімсіздіктерге тоқталды. Президент жүйелі индустрияландыру, шағын және орта бизнеске көмек көрсету, аталған облыстарда қызмет көрсету саласын дамыту өңірлік емес, ұлттық басымдық екенін атап өтті. Үкіметке аталған өңірлер үшін «Ауыл – ел бесігі», «Бизнестің жол картасы» және басқа бағдарламалар аясында жекелеген бағыттар әзірлеуді тапсырды.
Өңірді біркелкі дамытып, ауылды өркендету үшін ең алдымен қандай жұмыстар жасалғаны абзал. Осы сауалға жауап алу үшін депутат, саясаттанушы Айдос Сарымды сөзге тартқан болатынбыз.
Саясаттанушы ең алдымен Үкімет басына кілең мықты қаржыгерлердің жиналып жатқанына қуанатынын жеткізді. Өйткені оның айтуынша дәл қазіргі кезде бізге әр тиынды үнемдеп және шып-шырғасын шығармай жұмсайтын мамандар керек.
«Ауыл шаруашылығы министрлігіне қаржыгер келіп жатыр. Қаржы жүйесінде көп жылдар тәжірибе жинаған адам. Премьер-Министр де қаржыгер. Бізге қазіргі уақытта мемлекеттің шығындарын бәрін бір жөнге келтіру маңызды. Жемқорлықты азайту, артық шығынды болдырмау үшін де қаржыгерлер керек. Сондықтан ең бірінші орнататынымыз – қаржылық тәртіп. Дизайнда, психологияда аффорданс деген ұғым бар. Яғни сіз білмеуіңіз мүмкін, бірақ, орындық көрсеңіз адам отыратын жер шығар деп түсінесіз, кесе болса бірдеңе құйып ішесіз. Жасыратыны жоқ, біздің ауыл шаруашылығы саласындағы көптеген бюджеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда кейбір топтарда, кейбір азаматтарда «бұдан бірдеңені жымқырып қалуға болады» деген аффорданс қалыптасқан. Мысалы, субсидия дегендерді ірі шаруашылықтар ғана алып, кіші шаруашылықтарға – шағын және орта бизнеске жете бермейтіні айтылды. Өйткені осыған дейінгі Үкіметке мыңдаған адаммен жұмыс істегеннен гөрі, ондаған ірі кәсіпорынмен жұмыс істеген тиімді болды. Сондықтан қазір ауыл шаруашылығы болсын, басқасы болсын үлкен кәсіби тұрғыдағы талдау жұмысын қажет етеді. Бюджеттік тәсіл өзгермесе ол таусылмас, сарқылмас жемқорлықтың көзіне айналуы мүмкін», – дейді ол.
Депутаттың пікірінше, ел бюджетінен қомақты көлемде қаржы алатын өңірлердің есебін тиынына дейін Үкімет, Мәжіліс сұрауы керек. Қолданыстағы заңнама ондайға мүмкіндік бермейтін көрінеді. Бірақ алдағы уақытта оның да шешімі болатынын атап өтті.
«Біз Парламенттің біраз заңдарын өзгертпекшіміз. Парламенттің регламентін қарайық деп жатырмыз. Бір ғана мысал айтайын, кейбір облыстардың бюджеті 80-90%-ға дейін республикалық бюджеттің есебінен шешіледі. Қазіргі заңнама бойынша Парламент әкімді есеп беруге шақыра алмайды, біз депутаттар оны сұрай алмаймыз. Оның мәслихаты бар, мәслихат өзі шешеді дейді. Парадокс қой. Ал жергілікті бюджет 10 пайыз ғана болып, қалғанын Үкімет беріп отырса онда біз неге араласа алмаймыз? Неге есебін сұрамасқа? Білім беру, денсаулық сақтау сияқты салалар, көптеген бағдарламалар трансфертпен кетеді. Менің ойымша, бюджеттен трансферт болып шықты ма оған депутаттар араласуы керек. Ақша бөлінген екен оның қайда жұмсалғанын сұрау қарапайым қисын ғой. Осы мәселелерді жарты, бір жылдың ішінде түзеп шығу керек. Яғни босаңсып кеткен мемлекеттік аппаратты, министрліктерді қандай ақша сұраса да бере салатын кезіндегі жағдайды ұмытып, не үшін алғанын бәрін дәлелдеп беретін тастай тәртіп орнатқан жөн. Кейбір салаларда, министрліктерде ақшаны басқа жаққа жіберіп жатады, тіпті игере алмай қалады. Мысалы, министрліктердің жанынан олардың қызметін қайталап отыратын қаншама компаниялар ашылып қойған. Оларға бөлінген ақшаны ауылға жіберейік. Қорыта айтқанда, қазіргі уақытта бізге әр көшенің, құрылыстың, жолдың, жобаның бюджетін тәпсірлеп тұрып қарап, есептейтін тастай бухгалтерлер керек қой», – деп түйіндеді сөзін саясаттанушы.