Жаңалық

«Айка» фильмі: жанкештілік, жанталасу және жан бағу

Алты жыл бойы түсірілген «Айка» фильміндегі басты рөлді сомдаған Самал Еслямова Германиядағы 71-ші Халықаралық Канн фестивалінде «Үздік әйел рөлі» номинациясын жеңіп алды. Еліміздің мақтанышына айналған актрисаның фильмдегі образына  біз де куә болдық. 14 ақпаннан бастап Қазақстанның барлық кинотеатрларында осы кино көрермен назарына ұсынылды.

Қазақта «Әйелдің қырық жаны бар» деген мақал бар. Осы аталы сөздің мағынасын қазақстандық және ресейлік режиссер Сергей Дворцевойдың «Айка» фильміндегі басты кейіпкердің тағдырына қарата айтылған ба деп ойлайсыз?! Режиссер көрермен назарына бір әйелдің тағдырын ұсыну арқылы адамзаттың актуальды мәселелеріне айналған бірнеше қиындықтармен бетпе-бет келуге мүмкіндік жасайды. Алдымен, жұмыссыздық мәселесі. Өзің жыламас үшін өзгені жылатуға тура келеді деген тәмсілмен, кинода Айка өзінің бұрынғы жұмыс орнына жаңадан орналасқан қызды қорқытады. Екі күннің ішінде оның жұмыстан кетуін талап етеді. Жай ғана талап етіп қоймайды, оны ұрып-соғады. Одан бөлек, шарасыздықтың салдарынан шырылдаған сәбиін тастап, жұмысты ауыр-жеңілдігіне қарамай, таңдайды. Екіншіден, кинода қоғамның ащы дертіне айналған әлеуметтік мәселелер әшкереленеді. Қылмыс, қантөгіс, өмір үшін жанталас, барақатты тұрмыс үшін жанкештілік, қысқасында айтқанда, бүгінгі тіршілік көріністерінің бәрі осы киноның эпизодына сыйып кеткен. Үшіншіден, кинода күнкөріс пен аңсаған арманының жолында талай қиыншылықтарға төтеп берген Айканың образы адамдардың өмір сүруге деген құлшынысын арттырады. Фильмді көргеннен кейін «Бұның қасында менің басымдағы қиыншылық түк те емес екен ғой» деп ой түйіп жатқан көрермендер де кездесті. Тігін цехін ашқысы келген Айка өмір жолындағы кедергілерге берілмейді. Қанша ауыр болса да, алға жүреді. Кино картина әр адамның басында кездесетін өзекті мәселелерден айналып өтпеген.

«Айка» фильмін түсірген техникалық жабдықтар жоғары деңгейде болмаса да, оның көрерменге берер эффектісі жоғары. Камераны қозғалту арқылы және кадрды жақыннан алған сәттер басты кейіпкердің жанында өзің қатар кетіп бара жатқандай әсер қалдырады. Кім қалай қабылдады, мамандар не дейді, бұл сұрақтарға төменнен жауап табасыз.

Жандос Құсайын, режиссер:

«Бұл фильмде тұтас бір ұлттың трагедиясы бар»

Режиссер Сергей Дворцевойдың «Айка» фильмін жан-жақты талдауға болады. Өнер тұрғысынан талдасаң, түбіне жетпейсің. Саясат тұрғысынан талдасаң, біраз адамдардың көңіліне тиесің. Бірақ, сонда да айту керек. Бұл фильмде тұтас бір ұлттың трагедиясы бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Мәскеуге барғанда дәретхана жуып жүрген қырғыздың қыздарын көргенде жаның ашиды», – деген болатын. Дәл осы ойдың түпкі мағынасын БАҚ өкілдері бұрмалап жіберді. Негізі ол кезде министр мемлекеттің ішіндегі жағдайлардың әсерінен қарапайым халық жапа шегетінін жеткізгісі келген. Себебі қандай да бір елде тұрақтылық жоғалған жағдайда, алдымен балалар мен әйелдер қиындық көреді. Өз елінде батыр болып, кеуде соғып, қайта-қайта алаңға шыққан елде жұмыссыздық жайлайды, ішкі ахуал күрделене түсті. Бұны трагедия деп санауға болады. Сондықтан бұндай фильмдердің шығуы қандай да бір ұлттың есін жиюына көмектеседі. Былайынша айтқанда, салқын суға түскен сияқты боласың. Кейбір игіліктердің, жетістіктердің мәніне тереңнен қарап, «суық» ақылмен саралап, қадіріне жете білуге жетелейтін картина деп есептеймін.

   «Айка» кинотуындысы көркем фильм мен деректі фильмнің арасындағы қылды, шекараны бұзуға жақын фильм. Өйткені қай жері деректі фильм, қай жері қойылым екенін түсінбейсің. Өте нанымды шыққан фильм. Табиғатына сай өте ауыр деп есептеймін. Күн сайын ойын-сауықтық жеңіл фильмдерді көріп үйреніп қалған біздер осындай шынайы фильмдерді көргенде тіксініп қаламыз. Сондықтан осындай фильмдерге көрермендердің етін үйрете беру керек.  

Айжан Қасымова, көрермен:

«Айка секілді талай тағдыр ірі мегаполистердің тар көшелерінде кездеседі»

«Айка» драмасы попкорн алып, ойсыз күліп қайтатын комедия емес. Мұндағы қызғалдақ гүлдері режиссердің алдыңғы фильміне нұсқау жасағандай болды. Айка секілді талай тағдыр ірі мегаполистердің тар көшелерінде кездеседі. Фильмнен өз қиялыңыздағы бейнені таппайсыз. Нәпақа табу үшін шетел асып, қара жұмыс істейтін мигранттардың тағдыры боямасыз көрсетілген. Киноны көріп отырып, Айкамен бірге сендік, сенделдік, тоңдық, жүгірдік, жыладық. Оның жігерге толы көзқарасы сұрықсыз әлемге жарық бергендей болды. Шыны керек, фильмнің соңында Айканың Қырғызстанға қайта оралып, баласымен бірге ойнап жүрген кезін көргім келді. Титр пайда болғанша үмітімді үзбедім. Бірақ кино шынайы оқиғаның үнемі кітап пен өзге фильмдердегідей сәтті аяқтала бермейтінін ұқтырды.

Түйін. Әлемде қанша адам болса, сонша пікір бар. Режиссер кинотуындының нүктесін қоюды сол патша көңілді көрерменнің өз еншісіне қалдырған. Егер, Сіз фильмнің соңында баласын емізіп отырған Айканың өмірін әрі қарай күрт өзгертіп, шаттық пен бақытқа бөлегіңіз келсе, мархабат! Әлде, соңғы рет сәбиін кеудесіне қысқан Айка өмір бойы осы әрекетіне өкініп өте ме?! Таңдау – өз еркіңізде! Сөз басында айтқанымыздай, бұл кино көрерменнің көңілін табуға тырыспайды. Керісінше, ойландырады, ой салады. Толғантады. Режиссер Сергей Дворцевойдың өз сөзімен түйіндесек, «анда-санда салмақты дүние көріп тұрған пайдалы».

Айнұр НҰРМАНҒАЛИЕВА, Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button