Әйтеке би Байбекұлының 375 жылдығына орай республикалық айтыс өтті
Биыл қазақтың атақты шешен биі, ел басқару ісіне атсалысқан Әйтеке би Байбекұлының дүниеге келгеніне – 375 жыл. Осыған орай Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен «Жастар жырлайды» атты республикалық айтыс өтті.
Сөз додасына еліміздің әр өңірінен айтыскерлер келді. Атап айтсақ, Павлодар қаласынан Аспанбек Шұғатаев, Алматы қаласынан Рүстем Қайыртайұлы, Тараз қаласынан Аруна Керімбек, Шымкент қаласынан Біржан Байтуов, Астана қаласынан Дәурен Ысқақ, Орал қаласынан Райымбек Өтепов және Қызылорда облысынан Нұрмат Мансұров, Сырым Әділбек, Нұрзат Қару мен Бексұлтан Орынбасаров қатысты. Шараны белгілі айтыскер ақын, екі рет «Алтын домбыра» иегері атанған Мұхтар Ниязов жүргізді.
Аламан айтыста «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан, жазушы-журналист Айжарық Сәдібекұлы және айтыскер ақын Кенжебай Жүсіпов әділ-қазы ретінде баға берді. Сондай-ақ айтыс жанашыры Жүрсін Ерман әділ-қазылар алқасының төрағасы болды.
Көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген сөз сайысы тартысты өтті.
Әділ-қазылар алқасының шешімімен, бас жүлде қызылордалық ақын Нұрмат Мансұровқа бұйырды. Жүлделі I орынды алматылық айтыскер Рүстем Қайыртайұлы, II орынды шымкенттік айтыскер Біржан Байтуов еншіледі. Ал III орынға тараздық Аруна Керімбек пен павлодарлық Аспанбек Шұғатаев ие болды. Оралдық айтыскер ақын Райымбек Өтепов те жүлдесіз қайтпады. Ол Қызылорда облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының «Жастар жүлдесі» номинациясын иемденді.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Жастар жылы аясында өткен шара Ұлы даланың кемеңгер тұлғаларын ұлықтауға арналды.
Айнұр НҰРМАНҒАЛИЕВА, RUH.KZ