АЖАРЛЫ КҮН – ҚЫЗЫЛЖАРҒА ШУАҚ ШАШТЫ
Еліміздің батыс өңірінде наурыздың 14-і амал, яғни, көрісу мерекесі аталып, жалпыхалықтық сипатқа ие болған шаттық күні. Ұлттық дәстүрге сусап жүрген Солтүстік қазақстандықтар бұл мерекеге сырттан қызыға қарап келген болатын. Енді, міне, ұлттық дәстүр Қызылжар өңіріне де шуағын шашты. Биыл бірінші рет теріскейлік жұрт бұл күнді атап өтуге бел буып, халықтың санасын ояту, түсіндіру, жандандыра түсу үшін түрлі ақпараттық іс-шараларды қолға алды.
Баршаны жақсылыққа жұмылдыратын мерекені алғашқылардың бірі болып «Солтүстік Қазақстан» облыстық газеті думандатты. Редакция ұжымы жұмысқа ұлттық үлгідегі сәнді киімдерін киіп, жылы шыраймен амандық-саулық сұрасып, шаңырақтың асты жадырап кетті. Жақсы тілек айтып, биылғы жылы да арман-мақсаттардың орындалуына сөз арнаған ұжым мүшелері бұл мерекенің, шынымен, адам көңіліне жылылық ұялататынын аңғарды.
Сондай-ақ, 14 наурыз күні Петропавл қаласындағы «Достық үйінде» мерекелік шеру басталды. Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының этномәдени бірлестіктерінің белсенділері «Көрісу» рәсімімен Жыл басының тойлану салтанатын бастап кетті. «Қазақ тілі» қоғамы мен «Ұрпақ» этномәдени бірлестігі ассамблеяның басқа құрылымдарымен кездесіп, ұлттық дәстүрдің мазмұнын ашатын көріністерді бірге тамашалады. Жайылған дастархан басында қазақтың ұлттық дәстүрі дәріптеліп, шара алғаш рет өткізіліп тұрса да, жұрттың көңіл-күйі шаттанып, әз-Наурыз мерекесінің жылы лебі есті.
Солтүстік Қазақстан облысының ішкі саясат басқармасының басшысы Әсем Рахметова биылғы Наурыз мерекесі жылдағыдан өзгеше тойланады деп отыр. Амал күнінен бастап, күн мен түн теңесетін 22-сіне дейін облыс аумағында ұйымдастырылатын шаралардың жоспары ауқымды.
Айнұр Нұрманғалиева,
Ruh.kz