Жаңалық

Әл-Фapaби. Жұлдыздар туралы ғылым нені зерттейді?

Жұлдыздар туралы ғылым қанша тараудан тұрады, Күн мен Айдың тұтылуын қандай ғылым зерттейді, Аспан әлемі мен Жер жөнінде не білесіз? Осы және өзге де астрономияға қатысты терминдер туралы ақпар алу кімді де болмасын қызықтыратыны сөзсіз.

Жұлдыздар туралы ғылым немесе осындай атпен мәлім ғылым екі тараудан тараудан тұрады:

1. Жұлдыздар өкімі туралы ғылымы – бұл болашақта не болатынын және қазіргі көп жайларды және бұрын не болғанын жұлдыздар әлемінің қалай көрсететіндігі туралы ғылым;

2. Жұлдыздар туралы математикалық ғылым. Бұл өзі ғылымдарда және математикада қолданылатын өнер.

Жаңа ғана айтқан (бірінші) ғылымға келетін болсақ, бұл өзі көрген түстерімізді жору, құстардың ұшқан жолына қарап бал ашу, тағы сондай сәуегейлік жасау сияқты ілгеріде болатын нәрсені адамның алдын ала ескерте алу қасиеттерінің немесе кәсіптерінің бірі.

Жұлдыздар туралы математикалық ғылым Аспан әлемінде және Жер жөнінде әртүрлі мәселені зерттейді:

1. Олардың формаларын: біреулерінің басқалары жөніндегі орнын, Әлемдегі орналасу тәртібін; денелердің көлемдерін; бұлардың өзара қатынасын және бірінен бірінің қашықтығын зерттейді; және Жердің өзінің тұтас қалпымен не өз орнынан, не өз орнында еш жаққа ауыспайтынын зерттейді;

2. Аспан әлеміндегі денелердің қозғалысы туралы, сондай-ақ бұлардың бәрінің қозғалысы – айналмалы қозғалыс екендігі және осылардың бәрінің де қозғалысы үшін осы айналмалы қозғалыс ортақ екені туралы; жұлдыздар үшін де, жұлдыз еместер үшін де және барлық аспан денесіне ортақ нәрселер екені туралы ғылым. Бұл ғылым әрбір аспан денесі өз кезегімен Зодиак жұлдыздар шоғының белгілі бір бөлігіндегі өз орнына жететін жолын және өзінің қозғалысының барлық түрлерінде қай уақытта жететінін түсіндіреді. Жалпы алғанда, мысалы, Күннің тұтылуы сияқты, Жерге қатынасты нәрсеге байланыстырмай, бұлардың қозғалыстарына тән нәрселердің бәрін түсіндіреді. Және Жердің Әлемдегі орналасқан өз орнына байланысты осыларға тән нәрселердің бәрі түсіндіріледі, мысалы, Айдың тұтылуы, бөгде құбылыстар зерттеледі – бұлар қанша, бұл құбылыстар қандай жағдайда және қанша уақытта қайталанып тұрады және қанша уақытқа созылады, мысалы, күннің шығуы, батуы, тағы басқалар;

3. Жердің ел мекендеген және мекендемеген (бөліктерін) зерттейді; мекендеген бөліктері қаншалықты көп екендігі түсіндіріледі; Жер қандай-қандай ірі бөліктерден және климаттардан тұратынын түсіндіреді; қазір солардың бар екеніне барша жұрт қарсы болмайтын ел мекендемеген жерлерді санап шығады; дүниеде бұл жерлердің қайда, қалай орналасқанын көрсетеді.

 

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button