Әл-Фараби. 6 түрлі надан қала
Әлемнің екінші ұстазы Әбу Насыр Әл-Фараби мен оның жазған еңбектеріне арналған алғашқы мақаламызды өткен аптада жариялаған едік. Қайырымды қалаға қарама-қарсы қалалар туралы не білеміз? Олардың қайырымды қаладан айырмашығы неде? Надан қала қанша топқа бөлінеді? Айдарымыздың кезекті саны сізге рухани азық сыйлайды деген үміттеміз.
Қайырымды қала надан қалаға, өнегесіз қалаға, алыс-беріс қала мен адасқан қалаға қарама-қарсы. Сондай-ақ мұндай қалаға жеке адамдар – осы қалалардың өкілдері де қарсы келеді.
Надан қала – ешқашан да бақытты көріп-білмеген, оған талпыну ешқашан ойына да кіріп шықпаған тұрғындар қаласы. Олар мұны ешқашан бастан кешіріп те көрген емес, бұған ешқашан сенген де емес. Игілікті алатын болсақ, олар жұрттың ойынша игілік ретінде саналатын алдамшы дүниелерді ғана, жұрттың ойынша өмірлік мақсат болып көрінетін дүниелерді ғана біледі. Мәселен: денсаулық, байлық, ләззат, құштарлыққа салыну бостандығы, құрмет пен даңқ. Осы игіліктердің әрқайсысы надан қаланың барлық тұрғындарының пікірінше бақыт болып табылады.
Ал аса зор, толық бақыт барлық осы игіліктердің жиынтығы. Бақытсыздық атаулы – тәндегі дерт, кедейлік, ләззаттың жоқтығы, құштарлыққа салынудың мүмкін еместігі, сый-құрметтің жоқтығы сияқты нәрселер осы игіліктерге қарсы тұрады.
Надан қаланың өзі алтыға бөлінеді:
1. Ділгер қаласы – сондай қала, оның тұрғындары тек ділгер заттармен ғана, яғни тәннің тіршілік етуіне керекті дүниелермен: тағаммен, сусынмен, киіммен, тұрғын үймен, сұқбаттасумен және осыған жету үшін бір-біріне көмектесумен ғана шектелуге тырысады.
2. Алыс-беріс қаласы – сол оның тұрғындары дәулет пен байлыққа жету үшін бір-біріне көмектесуге тырысады, бірақ бұл – басқа бір нәрсеге жетудің құралы емес, күллі өмірінің мақсаты.
3. Пасықтық пен бақытсыздың қаласы – сондай қала, оның тұрғындары тағамнан, ішімдіктен, сұқбаттасудан ләззат алуға тырысады, қысқасы олар сезім мен қиялға әсер ететін ләззаттарға, қандай түрде болса да сауық құрып, сайран салуға құштар келеді.
4. Даңғой қала – сондай қала, оны мекендеушілер жұрттың сый-құрметіне бөленіп, мақтау алу үшін, өздері жайында басқа халықтар біліп, айта жүруі үшін, сөзбен де, іспен де мадақтап, дәріптеуі үшін, өздерін не жат көзіне не бір-біріне сән-салтанатымен жарқырата көрсету үшін ғана көмектесуге тырысады, мұның бәрін олар бұған қаншалық ынтызарлығына қарай немесе осы қаншалық қолынан келуіне қарай істейді.
5. Мансапшыл қала – сондай қала, оның тұрғындары өзгелерді өздеріне бағындыруға, ал өздері ешкімге де бағынбауға тырысады. Олардың күш-жігері өздеріне жеңіс әперетін қуанышқа жетуге ғана жұмсалады.
6. Құштар қала – сондай қала, оның тұрғындары әркім өз құштарлығын ешбір тежеусіз, өз қалауынша еркін істеу деп біліп, осыған ұмтылады.
Надан қалалардың әміршілері де осы қалалардың өздеріне ұқсас болады. Олардың әрқайсысы өздері билейтін қаланың ісін жүргізгенде жеке бастарының құштарлықтары мен ниеттерін қанағаттандыруды көздейді.
Жоғарыда біз атап өткен түсініктеменің бәрі – надан қала тұрғындарының кәсібі, мұны олардың өмірлік мақсаты деп санауға болады.
Надан қаладан бөлек, қайырымды қала тобына қарама-қарсы тағы бірнеше топ бар:
Өнегесіз қала – сондай қала, оның көзқарастары ізгі көзқарастар санатына қосылады және ол бақытты, пейілі кең, құдіреті күшті Алланы, екінші жаратылысты, әрекетшіл парасатты, тегінде қайырымды қала тұрғындары білетін және солар сенетін дүниелердің бәрін хақ деп біледі. Бірақ бұл қала тұрғындарының іс-әрекеті құдды надан қала тұрғындарының іс-әрекеті сияқты.
Құбылмалы қала – сондай қала, оның көзқарастары мен іс-әрекеті бұрын қайырымды қаланың көзқарастары мен іс-әрекеті сияқты болса да, кейін ол өзгеріп кеткен: санасына өзгеше идеялар ұялап, іс-әрекеті мүлде басқаша болған.
Адасқан қала – сол, оның ойынша, бақыт бұл дүниедегі өмірден кейін келмек. Бірақ оның түсінігі өзгеріп кеткен, сондықтан пейілі кең, құдіреті күшті Алла тағала туралы, екінші жаратылыс туралы және әрекетшіл парасат туралы оның түсініктерінің терістігі соншалық, бұлардың инабаттылыққа негіз болуы да, барлық зат біткеннің кейіпкері мен образдары ретінде қабылдануы да мүмкін емес.
Бұл қаланың бірінші басшысы іс жүзінде солай болмаса да, өзін Тәңірі көктен жебеген адам етіп көрсетушілердің санатына жатады және осы мақсатпен қиянат жасап, өтірік айтып, менмендік көрсетеді.