Алакөлге не үшін «тоқтаймыз»?
Open Qazaqstan айдарында қорықтар тақырыбы жалғасын табуда. Кезекті қорығымыз талайлардың жүрегін тамсандырған айдыны шалқар Алакөл қорығы.
Алакөл қорығы Алматы облысы Алакөл ауданы мен Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданында орналасқан. Құрылған уақыты: 1998 жыл.
Қазақстанның ең терең, қисық алмұрт тәріздес, ағынсыз, тұзды көлі – Алакөл де осы қорықтың құрамына кіреді.
Алакөл көлінің шығысында туристік инфрақұрылыммен ерекше дамыған Қабанбай ауылы бар. Ауылдан 15 шақырым әрі жүрген соң Барлық-Арасан курорттық орны салынған.
Алакөлден Менделеев кестесіндегі элементтердің денін кездестіре аласыз. Әсіресе, фтор мен бром өте көп. Көл құрамы жағынан Қара теңіз бен Өлі теңіздерге ұқсас. Әсем көлдің суы минералдарға бай. Сол себепті де онда саяхаттап барған туристер ем-домды қатар қабылдайды.
Алакөлге жылына милиондаған туристер сапар шегеді.
Алакөлде құстар қайтатын, сонымен қатар азықтанатын уақытта 5 миллионға дейін құс жиналады.
Алакөл қорығында 330-дан астам құс бар. «Қызыл кітапқа» енгізілген құс: реликті шағала құсы. Сүтқоректі жануарлардың 20-дан аса, бауырымен жорғалаушылардың 15-ке жақын және қосмекенділердің 2 түрі, балықтың 20-ға жуық түрі, өсімдіктің 270-ке жуық түрі бар.
Білгенге – маржан:
1. Алакөл балығының дәмін татып, дертіне шипа қылу үшін шартараптан туристер келеді.
2. Жоңғарларға қарсы болған негізгі соғыс Алакөл қорығының маңайында өткен.
2013 жылы еліміздің оңтүстік-шығыс бөлігін алып жатқан қорық «ЮНЕСКО-ның биосфералық резерваты» лауазымына ие болды.
Табиғатты қорғау орнында «Табиғат мұражайы» жұмыс істейді.
Алакөлге қалай жетеміз?
Нұр-Сұлтан қаласы мен Алматы қаласының арасы – 1224 шақырымды құрайды. Алматы қаласы мен Алакөлдің арақашықтығы – 670 шақырым. Елордадан оңтүстік астанамызға дейін: пойызбен 1 күн 22 сағатта, ұшақпен 1 сағат 35 минутта жете аласыз. Алматы қаласынан Алакөлге, Үшарал қаласына дейін (Үшарал әуежайы) ұшақ қатынайды.