Жаңалық Редакция таңдауы

«Алаш пен Манас»: Ұлттық кітапханада Манас жырына арналған тұңғыш шығармашылық кеш өтті

Фото: Ұлттық кітапхана

ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Алаш пен Манас» – бауырлас қырғыз халқының әлемге әйгілі Манас жырына арналған тұңғыш шығармашылық кеші өтті, деп хабарлайды Ruh.kz.

Қазақ пен қырғыз тарих керуенінде қашан да үзеңгілес жүрген. Тарихы ғана емес, тағдыры да қатар өрілген бауырлас жұртты біріктіретін қасиет-құндылықтар аз емес. Соның бірі де бірегейі - «Манас» дастаны. Гиннестің рекорд­­тар кітабына енген «Манас» жы­рының түгел түркі үшін бағасы айрықша зор. «Манас» - қырғыздың ұлы эпосы ғана емес, түркі халық­тарының эпикалық мұрасының да алып шыңы.  Мәселен, Сағымбай Орозбақовтан жазып алынған жырдың көлемі 250 000 жолдан тұрады. «Манас» жырында жалпы алты Алаштың, түгел түр­кі­нің бірлігі дәріптеледі. Жырда тек қырғыз тарихына қатысты ғана емес, қазаққа байланысты да көптеген мәліметтер, деректер келтірілген.

«Алаш пен Манас»: Ұлттық кітапханада Манас жырына арналған тұңғыш шығармашылық кеш өтті

«Алаш пен Манас» атты шығармашылық кештің мақсаты – әйгілі жырдың ұлт үшін маңызын айшықтау, ұлағатты тағылымын дәріптеу.

Рухани маңызы зор шығар­ма­шылық кешті Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев ашып, «Манас» жыры бауыр­лас екі халықтың рухани байланысының жарқын көрінісі әрі бүгінге дейін үзілмей келе жатқан татулықтың рәмізі екенін атап өтті.

Бұл жыр – қазақ-қырғыз байланысын айқын көрсететін асыл қазыналардың бірі. «Манас» – адам­затқа ортақ мәдени мұра, түркі халық­тарының рухани қуатын көрсететін үздік туынды. «Манас» жырын қазақ халқы өзінің төл туындысындай қастерлейді. Әйгілі жырды айтып, таратушылар Қазақ даласында да аз болмаған. Жыр­ды орындаудың өзіндік дәстүрі және шарттары бар екенін білеміз. Сол дәстүрді бойына сіңірген азаматтарымыздың бірі де бірегейі – осы Баянғали ағамыз екені даусыз. Ағамыз – қазіргі таңда қазақтан шыққан бірден-бір манасшы, деп ауыз толтырып айта аламыз, - деді Сенат төрағасы.

Кештің алғашқы бөлімінде манасшы, ақын, жазушы, драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері – Баянғали Әлімжанов  осыдан 167 жыл бұрын  Ш. Уәлиханов жазып алған нұсқадан бастап, ұлы жырды жаңғырта жырлады.  Екінші бөлім сұрақ - жауап, бәс-сынақ түрінде өтті. Оқырман «Манас» жырының кез - келген жерінен сұрақ қойып, оған жыршы жырдан үзінді айта отырып жауап берді.   

Баянғали Тоқанұлы Әлімжанов «Қиқыматтың хикаялары» (1982), «Ұя» (1985), «Жынды Қаратайдың қасиеті» (2000), «Қиқыматтың қиссасы» (1989), «Ауылдың ақ самалы» (2003), «Алаш пен Манас» (2004), «Әзіл шуағы» (2004), «Деген екен» (2005) атты кітаптардың, «Құдалық», «Қожанасыр», «Қайран кемпір-шалдарай», «Еркегі бар болғыр», «Жолбарыс пен Пони», «Алтын ноқта», «Қазақы сайлау», «Жас қазақ», «Қазаннан келген қызғалдақ» атты пьесалардың авторы. «Жыраулар», «Асылдың сынығы», «Палуан» атты деректі фильмдердің сценарийін жазған.

Манастың мың жылдығына арналған Халықаралық манасшылар конкурсының жүлдегері. Қырғызстан Мәдениет министрлігі мен Композиторлар одағы тағайындаған А.Малдыбаев атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты (1995). «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған. «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері».

Баянғали Тоқанұлы айтқан Манастың тараулары қазақ радиосының Алтын қорына, аудио, видеодискілеріне жазылған.

Рухани кешке зиялы қауым өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, жыршы, термешілер, оқырмандар қатысты.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button